Accessibility links

Назарбаев: Адамзатқа революция керек емес


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев "адамзат революция арқылы емес, эволюциялық жолмен даму керегін" мәлімдеп, революцияның қоғамды артқа тартып, экономиканың дамуын тежейтінін айтты.

Сәрсенбіде бесінші Астана экономикалық форумы ашылды. "Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, форумның ашылуында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев "әлем үздіксіз жетістіктерге жету үшін мемлекеттерге ортақ 21 ғасырдағы ғаламдық құрылым үлгісі жасалуы керегін" айтқан.

Назарбаев "Меніңше, адамзат өркениетінің бірізді дамуына бес ұстаным көмектеспек. Мұны осы форум аясында құруға ұсынған әлемдік G-Global форумының басты ұстанымдары дегім келеді. Оның алғашқысы - эволюциялық даму. Адамзаттың революция мен әлемдік соғыстар арқылы даму кезеңі 20 ғасырда аяқталған. Ал 21 ғасырда әлем тек эволюциялық жолмен ғана дами алады. "Араб көктемі" революцияның тек қоғамды артқа тартып, экономика мен әлеуметтік қатынастардың дамуын тежейтінін, көптеген проблемалар тудыратынын көрсетті" деді.

Мұнан соң Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанның "экономикалық дамуы тежелмейтінін" және "халықтың өмір сүру деңгейі төмендемейтінін" де айтып өтті.

Форумға 90-нан астам елден 8 мыңнан аса өкіл келді. Биылғы форумда қаржылық капитал және әлемдік экономика, индустриалды-инновациялық даму, тұрақты даму және ғаламдық әлеуметтік жағдай мәселелері талқыланбақ.
XS
SM
MD
LG