Accessibility links

Айдос Садықовтың амнистиядан үміті аз


Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.
Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

Шілде айында оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың түрмеде отырғанына бір жыл толды.


Ақтөбе облысында түрлі митинг, акцияларды ұйымдастыруда белсенділігімен көзге түскен Айдос Садықов өткен жылы жазда «тәртіпсіздік жасады» және «полицияға қарсылық білдірді» деген айыптар бойынша екі жылға бас бостандығынан айырылған еді.

43 жастағы Айдос Садықов қазір Ақтөбе қаласындағы УКА 168/2 жалпы тәртіптегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

«РУХЫ ҚАЙЫСПАҒАН»

Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықова соңғы рет шілде айының басында бірнеше күндік кездесуге барып, ерін көріп қайтқан екен.

– Рухы қайыспаған. Шамалы жүдеген. Бірақ жалпы жігерлі. Жағдайы қалыпты, – деді Наталья Садықова шілденің 18-і күні Азаттық тілшісіне.

Арнайы комиссия бұған дейін Садықовтың қоныстандыру колониясына ауыстыру мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішін
Оппозиционер Айдос Садықовты тұтқындау. Ақтөбе, 2010 жылдың шілдесі.

қарап, қанағаттандырмай тастаған болатын. Наталья Садықованың айтуынша, Айдос Садықов комиссия шешімін қайта қарау туралы өтініш бермеген. «Шынымды айтсам, не себепті бермегенін білмеймін» дейді әйелі.

Оның айтуынша, колонияда тәртіп қатаң болғанмен, күйеуі ондағы режимге шағымданбаған.

– Cотталушылардың басым бөлігі Айдостың не себепті түрмеге түскенін біледі. Сол себепті олармен аса бір қатты кикілжің жоқ. Бірақ кейбір тұтқындар оған сақтана қарайды, – деді Наталья Садықова.

Өткен жылы желтоқсан айында Айдос Садықовтың тұңғыш қызы дүниеге келген еді. Әйелінің айтуынша, Айдос қызын бір айлығында алғаш көрген екен.

– Содан бері колонияға қызымыз екеуіміз келіп жүрміз. Ол қызын үнемі көріп тұрады. Көтеріп әкелу қиын болса да, «бірге алып келші» дейді. Кездесуге келгенде баласын көтеріп, сүйе бастайды. Мен жайында қаламын, – дейді Наталья Садықова.

Наталья Садықова сөз арасында тұтқынға үш айда бір рет қана жолығуға мүмкіндік беретін түрменің қатал ережесіне наразылық білдірді.

– Адам онсыз да еркін жүріп-тұру құқығынан айрылған. Ал жақын адамдармен кездестіруді шектеу фашизм деп есептеймін, – деді Наталья Садықова.

Ол Айдос Садықовтың колонияда ұзақ жылдар бойы айналысып келген
Айдос Садықов сот үкімін естіп тұр. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

сүйікті ісі – спортпен де шұғылданатынын айтты.

– Өзінің методикасы бойынша жанындағы бірнеше адамды жаттықтырады, – дейді Наталья Садықова.

АМНИСТИЯ

Қазір Қазақстанда он мыңнан астам тұтқынға рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Наталья Садықованың айтуынша, Евгений Жовтис, Ермек Нарымбаев, Рамазан Есіргепов сияқты амнистия шарттарына сай келетін саяси тұтқындардың осы рақымшылыққа ілінуі-ілінбеуі – биліктің саяси ерік-жігеріне байланысты. Ол дәл қазіргідей жағдайда Айдос Садықовтың амнистиядан үміті аз екенін айтады.

– Айдостың амнистияға ілінетіндігіне үміті аз. Себебі жуықта дәл сол сияқты гуманизациялау туралы заң жобасы қабылданды. Оған сәйкес, Айдос сотталған 257-баптың 1 және 3-пунктері гуманизацияға ілінеді де, екінші пункті ілінбейді. Бұл «осы заңдар түрмеде саяси тұтқындардың отырғаны ескеріліп, қабылданады» деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді, – дейді Наталья Садықова.

Наталья Садықованың айтуынша, Қазақстанда Құқықтық саяси орталығы БҰҰ Адам құқығын қорғау комитетіне заңсыз сотталған азаматтар туралы шағым әзірлеп жатыр. Олардың арасында Айдос Садықов та бар. Оның айтуынша, қыркүйек айында бұл шағымның алғашқы нұсқасы дайын болып, қазан айында комитетке жөнелтілмек.

– Бірақ бұл да Садықовтың түрмеден ерте босатылуына көмек бола қоймайды. Себебі бұл шағым бір және үш жыл аралығында қарастырылады, – дейді Наталья Садықова.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG