Accessibility links

Парламент сессиясы президентсіз ашылды


Қазақстан парламенті. 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламенті. 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Астанада парламенттің кезектi сессиясын ашу отырысы бес минутқа созылды. Конституцияда «парламент сессиясын президент ашатыны» көрсетілгенімен, жыл сайынғы әдет биыл орындалмады.

Парламенттің кезекті 5-сессиясын мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов ашты. Күн тәртібіндегі бір ғана сұрақ – «бесінші сайланған Қазақстан парламентінің 5-сессиясының ашылуын» талқылау бес-алты минутқа ғана созылды.

Депутаттар каникулда жүргенде Қазақстанның ұлттық валютасы 30 пайызға арзандап, үкімет теңге бағамын еркіне жібергенін мәлімдеген еді. Жұмысқа жаңа кіріскен депутаттар Азаттыққа теңгенің жаңа бағамына қатысты қандай да бір сауал жолдауға немесе мәселе көтеру үшін алдымен «ойланып алу керек» дейді.

«Ақ жол» партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, бүгін кешке фракция жиынында теңге бағамына қатысты ұстанымдары айқын болады.

– Біреулер «теңге девальвациясы» десе, екіншілер «теңге бағамының еркіне жіберілуі» дейді. Меніңше, екеуі де дұрыс емес. Қазіргі жағдай екі шеті белгіленген дәлізге ұқсайды. Меніңше, бұл мәселе парламентте көтерілу керек. Бірақ фракция жиынында нендей шешім болатынын көреміз. Ол жиынға мәжілістегі депутаттар ғана емес, партияның аймақтағы басшылары да қатысады, – дейді Азат Перуашев.

Ал Қазақстан халықтық коммунистік партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков алдағы күндері теңгеге қатысты мәселе қаралмайтынын айтады.

– Қазір келіп түсіп жатқан заң жобалары «Нұрлы жолға», институционалдық реформаларға, стратегиялық қадамдарға қатысты. Теңгенің еркіне жіберілуі үкіметтің шешімі ғой. Оған парламенттің келісімі қажет емес. Оның үстіне президент де өз пікірін айтып өтті. Сондықтан парламентте жаңа экономикалық саясат айтылады. Ал теңгенің еркіне жіберілуіне қатысты жекелеген депутаттық сауалдар болатын шығар. Біздің партия бұл мәселеге 7 қыркүйекте ақылдасады. Бірақ бұл басымдық берілетін тақырып емес, - дейді ол.

Бірлескен отырысқа сенаттың 47 депутатының 44-і, мәжілістің 107 депутатының 104-і, премьер-министрі Кәрім Мәсімов, президент әкімшілігі жетекшісі Нұрлан Нығматулин қатысты.

Мәжілістің ресми хабарламасында «Елбасының мемлекеттік сапармен Қытайда жүруіне байланысты «Қазақстан Республикасы парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан президенті тапсырмасы бойынша бесінші сайланған парламенттің 5-сессиясын мәжіліс төрағасы ашты» деп жазылған.

Конституцияның 59-бабына сәйкес президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын парламент сессиясын ресми түрде ашып келген еді. Ол депутаттарға атқарылуы тиіс жұмыстар туралы тапсырма беріп, өткен сессияны қорытындылайтын. Қатарға жаңадан қосылған депутаттар президент алдында ант беретін.

Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов «алдымызда елбасының тапсырмаларын орындау жөніндегі орасан зор, қауырт әрі жауапты жұмыс тұр. Бұл әрқайсымыздан зор жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Осы жұмыста баршаңызға сәттілік тілеймін» деді. Бірақ ол алдағы жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтқан жоқ.

XS
SM
MD
LG