Accessibility links

Тиісті кодекстер қабылданбағанын айтады


Жер реформасына қарсы шеру болады деген күні көшеде жүрген адамды ұстап әкетіп бара жатқан полицейлер. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Жер реформасына қарсы шеру болады деген күні көшеде жүрген адамды ұстап әкетіп бара жатқан полицейлер. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Астана қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстер көп кемшіліктермен қабылданғанын екі жылдан кейін мойындады. Енді билік қателіктерді түзету үшін жаңа заң жобалары қажет екенін айтады.

Бұл кодекстерді «ары қарай модернизациялау үшін» бүгін Қазақстан парламентінде қоғамдық тыңдау өтті. Тыңдауға бас прокуратура, ҰҚК, мемлекеттік істер және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі, ішкі істер мен әділет және қаржы министрліктері, қоғам және халықаралық ұйым өкілдері шақырылған

«ҚҰР КӨШІРЕ САЛҒАН»

Тыңдаудағы үзіліс кезінде ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қылмыстық-процессуалдық кодекс баптарының көбін Германия заңдарынан көшірілгенін, олардың Қазақстан жағдайына жарамсыз болып шыққанын журналистерге айтты. Қалмұханбет Қасымов «бәрін көшірмеу керек еді» деп санайды.

– Германияда құқық қорғау органдарының құрылымы бізден мүлде бөлек, құқықтық қарым-қатынастар да өзгеше, – дейді Қалмұханбет Қасымов.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Астана, 14 маусым 2016 жыл.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Астана, 14 маусым 2016 жыл.

Ол парламенттегі сөзінде қазір тергеушілердің жүктемесі үш есе ұлғайғанын, өйткені азаматтық-құқықтық тәртіппен қаралауы тиіс қылмыс белгілері жоқ оқиғалар көптеп тіркеле бастағанын айтты.

Парламент мәжілісі спикері Нұрлан Нығматулиннің сөзінше, 2014 жылы жаңа қылмыстық-процессуалдық кодекс қылмыстық сипаттағы әрекеттер мен жеңіл-желпі қылмыстарды қарайтын сот өндірісін оңтайландыру мақсатында қабылданған.

– Мүмкін, заң шығаруды жетілдіретін құзырлы органдардың жұмысын үйлестірудің ведомство аралық жұмыс тобы түріндегі тетіктерін қылмыстық әділет саласында құру жағын ойластыру керек шығар. Бірақ кодекске өзгерістер пен толықтыруларды жиі енгізе беруден аулақ болу керек. Жиі өзгере беретін заң нормаларын орындаудың қиын екенін сіздер мен бізге өмір үйретіп отыр, – деді Нұрлан Нығматулин.

Қазақстанда 2014 жылы қабылданған жаңа қылмыстық кодекс авторы – Қазақстан бас прокуратурасы. Елдің бас прокуроры Жақып Асановтың сөзіне қарағанда, жаңа кодекстерге дейін және қазір прокуратураға жылына 100 мыңнан астам шағым түседі.

Бас прокурор Жақып Асанов. Астана, 3 қараша 2016 жыл.
Бас прокурор Жақып Асанов. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

– Процесс тездейтін шығар деген үмітпен тергеу жүргізудің оңтайлы мерзімін енгізіп көрдік, одан еш нәтиже шықпады. 2015 жылы тергеу мерзімі бекітілген мерзімнен асып кеткен істер ескі қылмыстық-процессуалдық кодекс күшінде болған кездегіден бір жарым есе көбейді. Яғни жедел тергеуді қамтамасыз ету үмітіміз ақталмады. Бірақ нағыз қажет жерде қылмыстық сот өндірісін қысқартуды қамтамасыз еттік деп айта алмаймыз. Оның 25 пайызы қылмыстық сипаттағы әрекеттер мен жеңіл дәрежедегі қылмыстар болғанымен, тергеудің жеңілдетілген түрлері әлі көп қолданылмай жатыр. Олар әлі күнге дейін көп қиындық тудырып, көп күш пен ақша жұмсалады, – деді Жақып Асанов.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ҚҰҚЫҚ ЖАЙЫН АЙТТЫ

Тыңдауда құқық саясатын зерттеу орталығының (LPRC) атқарушы директоры Татьяна Зинович қылмыстық кодекстегі құқық және мен азаматтық еркіндіктерді шектейтін бірқатар баптарды қайта қараған жөн деп мәлімдеді. Ол араздықты қоздыру, экстремизм, терроризм, «қоғамдық бірлестік жетекшісі» сияқты жаңа ұғым жайлы баптарды атады.

Қылмыстық кодекстің азаматтық құқық пен еркіндік түрлерін реттейтін кей баптарын әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекске ауыстыру мәселесін қарау керек.

– Қылмыстық кодекстің бейбіт жиын өткізу, дін еркіндігі, БАҚ еркіндігі сияқты азаматтық құқық пен еркіндік түрлерін реттейтін кей баптарын әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекске ауыстыру мәселесін қарау керек, – дейді Татьяна Зинович.

Тыңдауда «Халықаралық түрме реформасы» (Penal Reform International – PRI) ұйымының Орта Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шәмбілов Қазақстандағы түрмелерді басқару тәсілдерін өзгерту керек деп мәлімдеді. Ол қылмыстық-атқару жүйесімен ертеректегі сияқты әділет министрлігі немесе үкімет жанынан құрылатын жеке агенттік айналысуы тиіс деп санайды.

Парламент баспасөз қызметі парламент тыңдауы нәтижесінде бірқатар тақырыптық заң жобаларында іске асуы тиіс ұсыныстар қабылданды деп хабарлайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG