Accessibility links

Қазақстанда совет паспортымен жүргендер әлі бар


СССР паспорты. (Көрнекі сурет)
СССР паспорты. (Көрнекі сурет)

Елде ондаған жылдар бойы азаматтық ала алмай жүрген адамдар кездеседі. Осы аптада сондай жандарға көмек көрсету науқаны басталды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Шұбар ауылының тұрғыны Әлішер Короев 14 жылдан бері төлқұжатсыз өмір сүріп жатқанын айтады. Совет Одағы кезінде Өзбекстанда туып, СССР тараған кезде советтік паспортты иеленіп қала берген 41 жастағы Әлішер Короев Қазақстан азаматтығын әлі ала алмай жүргеніне наразы.

– Жергілікті органдар азаматтық алу үшін мемлекетке 2 миллион 660 мың теңге көлемінде (15 мың долларға жуық – ред.) қаржы құю керек дейді. Мұндай қаржы төлеуге шамам жоқ. «Егер төлей алмасаң елден кет, бізге кедейлер керек жоқ» дейді. Менің Өзбекстанда ешкімім жоқ. Таныстарым, жақындарым – бәрі осында. Неге кетуім керек? – дейді Әлішер Короев Азаттық тілшісіне.

«ӨЗБЕКСТАНДА ТУҒАНЫНА ЖАЗЫҚТЫМЫЗ БА?»

Әйелі Қазақстан азаматы, екі баласы да осында туған Әлішер Короев төлқұжаты болмағандықтан тұрақты жұмыс таба алмай жүргенін айтады. Өзбекстанда алған мамандығы бойынша Қазақстанда жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылған отағасының отбасын асырау үшін әр жерге жалданып күн көретінін жұбайы Ирина Захарова да растайды.

– Ерімді ресми түрде еш жерде жұмысқа алмайды. Қаншама жақсы жұмыстар кездесті, бірақ құжаты болмағандықтан орналаса алмады. Кейде жұмыс берушілер ақшасын толық төлемей жатады. Құжаты болмаған соң зейнетақы қорына да ақша түспейді. Екі ай сайын шекараға барып тіркеліп тұрады. Мен денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмаймын. Балаларымыз әлі кішкентай. Бәріміз соған қарап отырмыз, – дейді Ирина Захарова.

СССР азаматының паспорты. (Көрнекі сурет)
СССР азаматының паспорты. (Көрнекі сурет)

Ерінің құжатсыз өмірі жанына батқанын айтқан Ирина Захарова Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовке шағымданып, ол хатын ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың блогына жолдаған. «Менің ерім, балаларымның әкесі Өзбекстанда туғанына жазықты емеспіз ғой» дейді премьерден көмек сұраған тұрғын.

Ирина Захарованың хатына шілденің 21-і күні күні жауап берген министр Қасымов Қазақстан азаматы болғысы келетін шетелдік әуелі ықтиярхат алуы керек екенін айтады. Ықтиярхат алу үшін шетелдік: 1) 1320 айлық есептік көрсеткішке (қазіргі есеппен 2 миллион 500 мың теңгеге жуық – ред.) тең не одан артық қаржысы бар екені жайлы банк құжатын, 2) отбасының әр мүшесіне 15 шаршы метрден келетін баспана алуға жететін қаржысы барын дәлелдейтін банк құжатын не өзіне баспана беруге келіскен адаммен жасасқан шартын әкелуі керек.

Министрдің жазуынша, «Қазақстандағы шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі» туралы заң бойынша мұндай қаржылық міндеттемелерден үкімет оралмандарды қабылдауы тиіс деген өңірге келген этникалық қазақтар, бұрынғы Қазақ ССР-інде не Қазақстанда туған не осы елдің азаматы болған адамдар мен олардың отбасы мүшелері босатылады.

ҚҰЖАТЫ ЖОҚТАРҒА КӨМЕКТЕСУ НАУҚАНЫ

Осы аптада Қазақстанда Әлішер Короев сияқты құжаты жоқ адамдарды анықтайтын ақпараттық науқан басталды. Жобаны БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғары комиссары басқармасы, ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы департаменті және Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро бірігіп ұйымдастырып отыр.

Жоба үйлестірушісі Денис Дживаганың сөзінше, жарты жыл бойы тегін шұғыл телефон желісі жұмыс істеп, осы мәселе бойынша азаматтардың сұрақтарына жауап беріледі. Ол науқан барысында елде құжатсыз тұрып жатқан азаматтар анықталып, заңгерлер олардың проблемаларын шешуге көмектесетін айтады.

Құжатсыз адамдарға құқықтық жәрдем беру жөніндегі жоба үйлестірушісі Денис Дживага.
Құжатсыз адамдарға құқықтық жәрдем беру жөніндегі жоба үйлестірушісі Денис Дживага.

– Түскен деректердің барлығы БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғары комиссарына, ішкі істер министрлігіне беріледі. Олар бұл проблеманы қалай шешу керегін қарастырады. Себебі ондай адамның бәрі бірдей Қазақстан азаматы болмауы да мүмкін. Сондықтан басқа елдердің елшіліктеріне хабарласуға тура келеді. Күрделі істер болса, заңгерлерге беріледі, – дейді Денис Дживага Азаттық тілшісіне.

Азаматтығы жоқ адамдардың жұмысқа орналасу, оқу, медициналық көмек алу сияқты негізгі құқықтарын пайдалана алмайтынын айтқан маман «мемлекет олардың мәселесін шешіп, санын азайтуға күш салуы керек» деп біледі.

БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғары комиссары басқармасы шұғыл телефон желісіне күн сайын құжат мәселесінен қиналып жүрген 50-дей адам хабарласып жатқанын мәлімдеді.

Бұл шұғыл телефонға шілденің 24-і күні өзінің де хабарласқанын айтқан Әлішер Короев:

– Кеңесшілер менің қалай болғанда да айтылған қаржыны төлеуім керегін, басқа еш көмектесе алмайтынын айтты. Төлқұжатсыз енді қанша жүрерім белгісіз, – деп мұңаяды.

Ішкі істер министрлігі көші-қон департаментінің 2014 жылдың 1 қаңтарындағы есебінше, Қазақстанда Әлішер Короев сияқты азаматтығы жоқ кемінде 7 мың адам бар. Олардың басым бөлігі – Совет Одағы құлап, СССР құрамында болған елдер тәуелсіздік алған кезде құжаттарын уақытында ауыстыра алмай, әлі күнге дейін советтік паспортпен жүрген азаматтар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG