Accessibility links

Қарағандылық коммунистің бірі қамауда, екіншісі психиатриядан екі тәуліктен соң шықты


Қарағандының орталығындағы Ленин ескертікішінің көшірілуіне қарсылық білдірген Александр Бондаренко психиатриялық диспансерге жатып шыққан. Жәбірленуші жақ бұл биліктің шарасы десе, медициналық мекемедегілер заң бұзбағандықтарын мәлімдеп отыр.



ЕСКЕРТКІШТІ ҚОРҒАЙМЫН ДЕП ЖҮРГЕНДЕ...

Қарағандылық коммунист Александр Бондаренконың қала ортасындағы Лениннің мәрмәр тастан соғылған ескерткішін қорғаймын деп, екі тәулік психиатриялық диспансерге жатып шыққаны жөнінде сәрсенбі күні Азаттық радиосына оның әйелі Лариса Бондаренко хабарлады.

- Ол дүйсенбі күні Ленин ескертішінің орнынан алынуына қарсылық білдірген болатын. Сол күні оны және тағы да бір Андрей Цуканов деген белсенді азаматты полиция бөлімшесіне алып кетті. Сол күні сот болып, Цукановты 7 күнге жауып тастапты. Ал менің күйеуіме кете бер деген екен. Алайда ол ғимараттан шыға салысымен, әй-шәйға қарамастан оны психиатриялық диспансерге алып кеткен. Сонда 48 сағат ұстап, сәрсенбі күні түстен кейін жіберді, - дейді коммунистің әйелі Лариса телефон арқылы.
Оның сөзінше, не полиция, не диспансер қызметкерлері Александр Бондаренконың психиатрияға жатқызылғандығы жайлы туыстарына мүлде хабарламаған. Әйелі күйеуін екі күн бойына жанұшырып іздеп жүріп, әзер тауып алғандығын айтады.

Ларисаның сөзіне қарғанда, 64 жастағы күйеуі қазіргі жүйеге қарсы шыққаны үшін жазаланған. Жазаның бұл түрін - адам құқығын аяқасты етудің ең сорақы түрі деп бағалап отыр Лариса Бондаренко.

Азаттық радиосының тілшісі Александр Бондаренконің өзімен тілдесе алмады, Лариса ол қазір сөйлесе алмайды деген ыңғай танытты.

"БІЗДЕ БАРЛЫҒЫ ЗАҢДЫ"

Осы жайтқа қатысты түсініктеме берген Қарағанды қаласындағы облыстық психиатриялық диспансер қызметкерлері ешқашан заңға қайшы әреттерге бармайтындаықтарын айтып отыр.

Азаттық тілшісіне өзін Наталья Дмитревна деп қана таныстырған қызметкер диспансерге тек нерв жүйесінде ауытқулары бар адамдар өз еріктерімен келіп немесе туыстарының рұқсатымен жатқызылатындығын айтты.

-Сіздердің диспансерде Александар Бондаренко деген адам болды ма?- деген Азаттық тілшісінің сауалына телефонның аржағындағы дауыс:

-Бүгін жұмыс күні аяқталып қалды. Қазір сізге ондай адамның болған-болмағанын нақты айта алмаймын, егер ертең хабарлассаңыз, тіркеу журналын қарап, сұрағыңызға жауап бере аламын. Ал жалпы бізде біреуді еркінен тыс әкеліп жатқызу деген болмайды. Сіздің айтып тұрғаныңыз нонсенс, - деді диспансер өкілі.

Белгілі болғандай, психиатриялық диспансерге ақыл- есінің дұрыстығына күмән тудырған азамат өз еркімен, не жедел жәрдеммен, не полиция қызметкерлерімен түседі екен. Мұнда 48 сағаттың ішінде, ол азаматтың психологиялық саулығына қатысты анализ жасалады. Егер сараптаманың қорытындысы дұрыс болса – босатылады, ал бұрыс болған жағдайда ем қабылдау мәселесі туындайды.

Алайда, екі тәулік психиатриялық диспансерде жатып шықты делініп отырған Александр Бондаренконың әйелі Лариса күйеуінің ақыл-есінің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сондықтан ол құқыққорғау органдарының бұл әрекеті әдейі істелді деген сенімде.

Дүйсенбі күні кешкісін әкімшілік соттың шешімімен бұзақылығы үшін 7 тәулікке қамалған Андрей Цукановтың қалта телефонына хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ.

Айта кету керек, желтоқсанның 6-сы күні Қарағандыда 1975 жылы орнатылған Ленин ескерткішінің маңына коммунистер жиналып, оның басқа жаққа көшірілуіне наразылық білдірген еді. Барлығы 40-қа жуық адам «Лениннен қолыңды тарт!» деп ұрандатып, қолдарына түрлі плакат ұстап шыққан.

Коммунистердің пікірінше, 800 тонналық ескерткішті сол қалпында бүлдірмей басқа жаққа көшіру мүмкін емес, сондықтан оған тиіспеу қажет.

Дегенмен сол күні-ақ, жергілікті билік жаңа технологияларды қолданып, ескертікшті бөлшектеп кесуге кірісті. Қала әкімшілігіндегілер ескерткішке ешқандай зиян келтірместен, 19 желтоқсан күні жаңа орынға толығымен орнатып қоямыз деп айтып отыр.
XS
SM
MD
LG