Accessibility links

Қазақстандағы баға өсіп барады


Қазақстандағы базар. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы базар. (Көрнекі сурет)

Жыл басынан бері Қазақстанда тұтыну тауарларының бағасы мен қызмет көрсету тарифтері 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға қымбаттады. Біреулер мұны Ресей нарығына тәуелділіктен көреді.

Қазақстан статистика агенттігі дерегі бойынша, биыл мамыр айында тұтыну бағасының индексі сәуірмен салыстырғанда 0,6 пайызға қымбаттаған. Яғни, биыл инфляция деңгейі былтырғы 4,8 пайыздан асуы мүмкін деп болжауға болады. Ал билік «биыл инфляция 6-8 пайыздан аспайды» деп мәлімдеген еді.

ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ҚАРҚЫНЫ

​Мамыр айында азық-түлік тауарларының бағасы 0,8 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 0,6 пайызға, ақылы қызмет тарифтері 0,3 пайызға қымбаттады.
Алматы тұрғыны Әсемгүл Жаппасова Азаттық тілшісіне «мына қымбатшылық қарапайым халықтың қалтасын жұқартып барады» дейді.

Былтыр кір жуғыш машинаны 65 мың теңгеге алғанмын. Биыл 78 мың теңге болып кетіпті. Былтыр қызанақ пен қиярдың бір килограмы 290-300 теңге болып еді, қазір 350 теңге тұрады. Айран мен сүт те қымбаттады. Былтыр 250-280 теңге еді, қазір 300-350 болып кетті, - дейді ол.

Баға үздіксіз өсіп барады. Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, маусымның 3-інен 10-ына дейінгі кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тағы 0,4 пайызға қымбаттаған.

«БАҒАНЫ ТЕҢЕСТІРУ» ЖӘНЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯ КЕСІРІ

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы бағаның өсуінің екі себебі бар.

Шымкенттегі базар. 2014 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі базар. 2014 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)
Біріншіден, Кеден Одағы аясында кедендік тарифтердің көтерілуіне байланысты басқа елдерден әкелінетін тауарлар да қымбаттаған. Екіншіден, жергілікті нарыққа Ресей бағалары ықпал етеді. Кейбір тауарлардың қазақстандық бағасы арзан болғанымен, бәрібір сұраныс пен ұсыныс заңы оларды ресейлік тауарларлармен теңестіреді.

Қазақстан ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында «Бағаға негізгі екі параметр әсер етеді. Біріншісі – импорт, көбінесе Ресейден келетін импорт, екіншісі – жанар-жағармай материалдары.

Ресейде жанар-жағармай материалдары бізге қарағанда қымбат, Кеден Одағында шекара ашық болғандықтан, баға теңесуі тиіс» деп түсіндіреді.
Азаттықтың экономикалық сарапшысы әзірлеген кестеге қарағанда, екі елдегі баға баяу болса да теңесіп келеді.

Кейбір тауарлардың Ресей мен Қазақстандағы бағасы (доллармен)

Көрсеткіштер
Ресей Қазақстан
2011 2013 V. 2014 2011 2013 V. 2014
Нан 0,88 1,04 1,05 0,52 0,52 0,45
Күріш 1,31 1,22 1,34 1,38 1,40 1,26
Сиыр еті 9,28 10,91 7,24 7,31 7,7 6,40
Сүт 0,98 1,04 1,21 0,77 0,86 0,73
Жұмыртқаның он данасы 1,24 1,34 1,24 1,28 1,53 1,08
Құм-шекер 1,36 0,97 1,05 1,07 0,96 0,95
Бензин АИ-92 0,75 0,86 0,88 0,59 0,75 0,63
Дизель отыны 0,78 0,97 0,96 0,75 0,74 0,63

Кейбір қазақстандықтар халық тұрмысының нашарлауына бағаның көтерілуін ғана емес, ақпандағы теңге девальвациясы мен кірістің баяу өсуін де кінәлайды.
Алматылық Асет Назаров Азаттық тілшісіне өз отбасының бюджеті қаншаға азайғанын есептеп берді.

Былтыр отбасым тамақ алуға отбасы бюджетінен айына 25-30 мың теңге жұмсаушы еді. Бұл ақшаға қажет нәрсеміздің бәрін алатынбыз. Ал қазір ең қажет деген заттардың өзін алуға 30 мың теңге жетпейді. Бұған ең кемі 35 мың теңге немесе одан да көп ақша керек, - дейді ол.

Ақпан айындағы девальвация қазақстандықтардың кірісінің орта есеппен 8-15 пайызын «жеп» қойды. 2013 жылдың сәуірінде орташа айлық жалақы долларға шаққанда 697,46 доллар, ал биыл сәуірде – 642,31 доллар болды. Былтыр 116,93 доллар болған ең төменгі күнкөріс мөлшері биыл мамырда 103,05 долларға дейін азайды.

Мақаланы әзірлеуге Руслан Меделбек қатысты.
XS
SM
MD
LG