Accessibility links

Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің мызғымайтын төрағасына айналды


Өңіріне "Халық Қаһарманы" белгісін және "Алтын қыран" орденін таққан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Отан қорғаушылар күні сөйлеп тұрған сәті. 7 мамыр, 2018 жыл
Өңіріне "Халық Қаһарманы" белгісін және "Алтын қыран" орденін таққан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Отан қорғаушылар күні сөйлеп тұрған сәті. 7 мамыр, 2018 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойы елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасы құқығын беретін "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заң күшіне енді.

Шілденің 12-сінен бастап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде елдің Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы төрағалық ететін құқыққа ие болды. "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заңның мәтіні осы күні ресми БАҚ-та басылды. Онда заңның ресми жарияланған күннен бастап күшіне енетіні айтылған.

КЕҢЕСТЕ БАСШЫЛАР КАНДИДАТУРАСЫ ДА ҚАРАЛМАҚ

Елді 30 жылға жуық үзбей басқарып келе жатқан өзіне артықшылық беретін "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заңға президент Назарбаев өзінің туған күні қарсаңында қол қойған. Шілденің 5-сі күні президент қол қойған заңның бірінші бабында Қауіпсіздік кеңесінің конституциялық орган екені атап көрсетілген. Келесі бабында тұңғыш президентке "тарихи миссиясына байланысты" Қауіпсіздік кеңесін төраға ретінде басқару құқығы "өмір бойы тиесілі" екені айтылады.

Аталған заңның міндеті мен функциясында қауіпсіздік және қорғаныс мәселесіне қоса қамтылған мына бір жай ерекше назар аудартады. Заңда Қауіпсіздік кеңесінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың жергілікті атқарушы органдарының президентке тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшысының кандидатуралары талқыланатыны көрсетілген. Осы заң бойынша Қауіпсіздік кеңесі төрағасына қауіпсіздік кеңесін басқару, отырыстары мен шұғыл жиналыстарын шақыру, Қауіпсіздік кеңес туралы жағдайды бекіту, сонымен бірге заңнамада қарастырылатын өзге өкілеттерді жүзеге асыру құқығы беріліп отыр. Сонымен қатар заңның елдегі заңнамаға және Қауіпсіздік кеңесі төрағасының шешімдеріне сай өзге де міндеттерді орындайтыны айтылған.

Осылайша Қауіпсіздік кеңесі жарты жылдың ішінде консультациялық органнан конституциялық органға айналып, жаңа функцияларға ие болып шыға келді.

ЗАҢ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНДЫ?

Бұл заң жобасы жыл басында жарияланып, қаңтарда парламент қарауына түскен. Бірақ депутаттар оны арада бес ай уақыт өткен соң барып талқылаған. Заң жобасын Әділет министрлігі ұсынған. Оны депутаттарға таныстырған кезінде Әділет министрі Марат Бекетаев заңның “Қазақстан Қауіпсіздік кеңесін елдің ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуші орган ретінде тануға” мүмкіндік беретінін айтқан. Парламент өкілдері болса, Назарбаевқа ерекше құқық беруді оның беделі мен "көрегендігі" ескерілгендігімен түсіндірген.

"Президенттің беделі мен көрегендігі ескерілді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

Мамырдың ортасында Мәжіліс қарауынан өткен заңды 31 мамыр күні Сенат бекітіп президент қарауына жолдаған.

Соңынан ың-шыңсыз ғана бұл заңның Конституциялық кеңесте қаралып, заңға сәйкес деп танылғаны белгілі болды. Бұл туралы ресми БАҚ хабарламағанымен, Конституциялық кеңестің ресми сайтында ғана тиісті ақпарат ақпарат жарық көрді. 19 маусым күні президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдап, елдегі заңдардың "Конституция ережелеріне және нормаларына толық сәйкес келуге тиіс" екендігін айтқаны хабарланғанымен, "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заң жайлы мәлімет болмаған.

Оқи отырыңыз: Ұстауға, қамауға және жауапқа тартуға болмайды

Қазақстанды 1989 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін 2010 жылы арнайы заң арқылы "Ұлт көшбасшысы - елбасы" айрықша мәртебесіне ие болған еді. Президент өзі қол қоймаған соң, тұңғыш президентке айрықша мәртебе беретін заң сенат төрағасы, мәжіліс төрағасы және премьер-министрдің қолымен күшіне енген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG