Accessibility links

Мәжіліс спикері "мұрагер" сөзінен шоршып түсті


Нұрлан Нығматулин (сол жақта) мен президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) «Нұр Отан» партиясының съезінде. Астана, 11 ақпан 2011 жыл.
Нұрлан Нығматулин (сол жақта) мен президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) «Нұр Отан» партиясының съезінде. Астана, 11 ақпан 2011 жыл.

Нұрлан Нығматулин өзін президент «мұрагері болуға лайық» деп атаған мақаланы арандатуға теңеді. Сарапшылар саясаткерлердің "фальстарттан қорқатынын" айтады.

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «мұрагері болуға үміттілер» тақырыбын арандату деп бағалайды. Бұл туралы ол «Central Asia Monitor» газетінің тілшісі Алмагүл Олжасқа ашық хатында айтқан. Хат мәтіні бүгін парламенттің ресми сайтында жарияланды.

«Ең алдымен, бүкіл халық сайлаған президент бар кезде осындай айдарды («Үміткерлердің алтын ондығын») ойлап табу, жоқ дегенде әдепсіздікпен, тіпті арандатушылықпен тең» деген мәжіліс спикері.

Назарбаевқа қатысты «мұндай талқылаулар жөн-жосықсыз, әрі қисынсыз» деп жазған Нығматулин «ықтимал мұрагерлер туралы «саяси сөзжұмбақтар» шешумен айналысқаннан гөрі, бүкіл халық мойындаған ұлт көшбасшысының және оның стратегиялық бағытының айналасында бірігу бәрінен де маңызды» деп біледі.

Ол Назарбаевтың «Қазақстанды бүгінгі жетістіктерге жеткізуші ғана емес, сонымен бірге, алдағы уақытта да жаңа жеңістерге жетелеуші бірегей саяси қайраткер екеніне кәміл сенетінін» және оған «өзге балама жоқ» екенін атап көрсеткен.

«Бізде бүкіл халық сайлаған бір ғана президент, жалпы халық мойындаған бір ғана Елбасы бар. Бұл жай айтылған сөз емес, бұл – менің түбегейлі қағидам. Бұл – менің саяси және өмірлік ұстанымым» деп жазған Нығматулин.

«Central Asia Monitor» газетінің қаңтардың 24-і күнгі санында шыққан «Еңбекқор Нұрлан Нығматулин» («Работяга Нурлан Нигматулин») атты мақалада автор Алмагүл Олжас Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрагері атануға лайықты саясаткерлердің бірі ретінде есімі аталып жүрген Нұрлан Нығматулиннің басшылық қабілеті мен кемшіліктері туралы жазған еді.

«САЯСИ ФАЛЬСТАРТТАН СЕСКЕНУ»

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Нұрлан Нығматулиннің ашық хатын «саяси элитадан шығып қалмау үшін жасаған сақтық шарасы» деп бағалайды.

"Саясатта «фальстарт» деген түсінік бар. Яғни, уақытынан бұрын басшысының алдына шығып, билікке үміткерлігін білдіру. Саясатта фальстарт жасаған адам жазаланады. Сол себепті кез-келген саясаткер басшысының алдына шығып, фальстарт жасаудан қорқады. Билікте кім "мұрагермін" деп құлшынса, оның саяси болашағына қатер төнуі мүмкін. Сондықтан ол (Нығматулин – ред) фальстарттан және саяси болашағына қатер төнуден сескенеді. Бұл Нығматуллиннің қырағылығы мен сақтық шарасы" деді Әзімбай Ғали Азаттыққа.

Алматы қалалық студенттер ұйымының белсенді мүшесі Әсет Әбілсейітов журналистің мақаласын ерсі, ал Нығматулиннің ашық хатын дұрыс деп бағалайды.
Нұрсұлтан Назарбаев (тақта отыр) бір топ шенеуніктермен бірге "Көшпенділер" фильмін түсіру алаңын тамашалап отыр. 17 ақпан 2004 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев (тақта отыр) бір топ шенеуніктермен бірге "Көшпенділер" фильмін түсіру алаңын тамашалап отыр. 17 ақпан 2004 жыл

"Мақаланы да, ашық хатты да оқып шықтым. Айтарым, президент ел басқарып тұрғанда, басқаруға қабілеті толық жетіп тұрғанда оның мұрагері туралы сөз қозғау артық. Оны ашық хатта Нұрлан Нығматулин нақты көрсеткен. Дәл қазір президент Қазақстан дамуының негізгі жолын салушы дер едім" деді жас белсенді Азаттыққа.

Қазақстанның саясат сахнасында Нығматулин ғана емес, өзге де көптеген жоғары лауазымды шенеуніктер мен қоғамдық тұлғалардың саяси амбиция көрсетпеуге тырысатыны байқалады. Автократиялық билік орнатты деп жиі сыналатын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақ мұрагері туралы мәселені жартылай ресми БАҚ пен кейбір сарапшылар ашық түрде талқыласа да, билік басындағылар мұндай әңгіме қозғаудан барынша қашады.

"Қандай да бір шенеунікті газеттер мақтап жатса, президенттің айналасы "қараңыз, мынау өзіне пиар жасап жатыр, яғни бірдеңеден үміті бар" деп сыбырлай қояды. Бүгінгі билік тұрғысынан ең үлкен қылмыстың бірі - осы пиар. Министрлер мен әкімдердің БАҚ-қа сұхбат беруден қашатыны да сол. Оларға қарап басқа шенеуніктер де халықпен кездесуден, баспасөзге шығудан жалтарады" дейді азаматтық белсенді Айдос Сарым Азаттыққа.
XS
SM
MD
LG