Accessibility links

Астананы бір демде мақтайтын бірнеше мақала шықты


EXPO көрмесіне қатысушы елдерді белгілеген фигуралар. Астана, маусым 2017 жыл.
EXPO көрмесіне қатысушы елдерді белгілеген фигуралар. Астана, маусым 2017 жыл.

Соңғы күндері Батыс баспасөзінде Қазақстан туралы «күш-қуаты мықты, Орталық Азиядағы рөлі де елеулі ел» деп мақтаған бірнеше мақала қатар жарияланды. Олар Астанада өтіп жатқан халықаралық көрмені сынаған мақала жарияланғаннан кейін іле-шала шықты.

Америкалық Foreign Policy журналының тілшісі Джеймс Палмер Астананың шамына тиген "Қазақстан ажал жұлдызына бес миллиард доллар жұмсады, бірақ ол тіпті лазермен атқылай алмайды" деген мақала жариялағаннан кейін осы аптада Батыстың бірден бірнеше белгілі басылымы Қазақстан туралы өзгеше сарында жазылған мақалалар жариялады.

Джеймс Палмер ұйымдастыруға қыруар ақша жұмсалғанына қарамастан, көрмеге келушілер қарасы аз екенін жазған болатын. Бұл мақала әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа ұласып, Астанадағы көрмені ұйымдастырушылардың да ашу-ызасын тудырған.

ECONOMIST ЖУРНАЛЫНДАҒЫ МАҚАЛА

Ұлыбританияның Economist журналы «Жаңа Жібек жолы торабындағы Қазақстан» деген мақаласында Қазақстаннның геосаяси орнын көрсетуге мән берген.

«Маусым айында Қазақстан астанасы – Астана қаласында ашылған ЕХРО-2017 көрмесіндегі Қазақстан павильоны Орталық Азияда орналасқан 18 миллиондық [халқы бар] елдің әсіресе инвесторлар үшін картадағы орнын белгілеп алуға арналған» деп жазады Economist.

Мақалада мынандай жайлар айтылған. Қазақстан «географиялық тұрғыдан Ресей, Қытай және Таяу Шығыстың ортасында сендвич сияқты қысылып жатыр», сондықтан президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың жаңа Жібек жолын дамыту бастамасына қосылу арқылы елдің «орналасу ерекшелігін Қазақстанның артықшылығы ретінде пайдаланып қалуға әзір». «Енді Қазақстан ашық елге айналудың немесе тоқырауға құлдыраудың бірін таңдауы тиіс» деп жазылған Economist мақаласында.

ЕХРО-2017 көрмесі жайлы Азаттық фотогалереясы. 7 маусым, 2017 жыл:

Бұдан бөлек, журнал мақаласында Қазақстанды «Орталық Азиядағы кез-келген көршісінен артық нәрсе жасағаны» үшін мақтайды. Бұл - көбінесе елдің бай энергия ресурстарының арқасы, бірақ «азды-көпті білікті үкіметі де өз рөлін ойнады» деп жазады автор. «Жаңа астанаға көшудің арқасында мемлекеттік қызмет сіресіп, өзгергісі келмей алдыңғы астанада қалған кәрі шенеуніктердің көбінен құтылып, көшіп барған жас реформаторларды өсіруге мүмкіндік алды» деп жазады Economist.

​Бұл мақалада Қазақстан «кей көршілері сияқты билікті теріс пайдаланбайды» делінген. Бірақ мақалада диссиденттік БАҚ-тың басып-жанышталғаны, президентті сынауға тыйым салынғаны, ал президент Назарбаевтың 2015 жылы 98 пайыз басым дауыспен қайта сайланғаны да назардан тыс қалмаған. Бұған қоса, мақалада билік мұрагерін таңдаудағы белгісіздік пен бұл рөл президенттің қызы Дариға Назарбаеваға бұйыруы мүмкін деген қаңқу сөздер жайлы да жазылған.

ТУРИСТЕР АҒЫЛАДЫ ДЕГЕН УӘДЕ

Ұлыбританияның Independent газеті «Неліктен Қазақстан астанасы - Астана қаласы жұрт ағылатын орынға айналуы мүмкін?» деген мақаласында Қазақстанның көрнекті орындарын мақтап, «сізге Астана қаласын картадан табу, қиын болар, бірақ Қазақстан астанасы қазірдің өзінде саяхатшылар қызығатын орынға айналып келеді» деп жазады. Мақалада EXPO көрмесіндегі Қазақстан павильоны – «Нұр Әлем» қазіргі кезде әлемдегі сфера бейнесінде салынған ең үлкен ғимарат екені айтылған. «Қаланың көне және жаңа архитектурасын ұштастыру ЕХРО-2017 көрмесіне келеді деп жоспарланған жүздеген мың адамды қызықтырары сөзсіз» делінген.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында.

Мақалада Қазақстан билігі де «көрмеге қисапсыз көп шетелдік туристер келеді» деп уәде бергені, бірақ бұл уәде орындала ма, жоқ па – әзірше белгісіз екені айтылған.

Ұлыбританияның Telegraph газетінде Астананы туристерді тартатын жаңа танымал орындардың бірі ретінде сипаттаған осыған ұқсас «Сіз картадан таба алмаған қала туристік орынға айнала ма?» деген мақала шықты. Онда британдық сәулетші Норман Фостердің Астанадағы туындылары «әсерлі архитектура» ретінде бейнеленіп, Қазақстанның «советтік бай тарихы» айтыла келіп, «Астананың мини-юбка киген қылықты бойжеткендерін» туралы да сипаттталған.

HUFFINGTON POST ГАЗЕТІНДЕГІ МАҚАЛА

Америкалық Huffington Post газеті де Астанадағы EXPO-2017 көрмесінің кей мемлекет басшылары қатысқан ашылу салтанаты жайлы «Қазақстанмен байланысты үзбей, оны өзіне жақтас етіп ұстау - Американың мүддесі» деген мақала жариялады. Мақала авторы - Heritage Foundation шетелдік саясат орталығы директоры Люк Коффи Қазақстан мен АҚШ арасындағы екі жақты қатынастарды талдай келе, «АҚШ-тың аймақтағы қазірдің өзінде нөмір бірінші серіктесі Қазақстанмен екі жақты мықты қатынастарды үзбеу - АҚШ үшін ең оңтайлы амал» деп жазады.

Бұдан әрі автор АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігіне арнап Қазақстанмен қарым-қатынастарды жақсарта беруге қатысты бес себепті келтірген. Бұл мынандай мәселелерді қамтиды радикалды ислам қатерімен күрестегі ынтымақтастық, ядролық қаруды таратпауға Қазақстанның бейілдігі, Қазақстанның аса зор экономикалық күш-қуаты, көмірсутекті шикізаттың мол қоры және Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөніндегі ынтымақтастық.

XS
SM
MD
LG