Accessibility links

Қашағанға қосымша 986 миллион доллар инвестиция салынбақ


Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішінің тұсына салынған жасанды D аралы. 2009 жылғы сурет.
Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішінің тұсына салынған жасанды D аралы. 2009 жылғы сурет.

Daily Telegraph газетінің жазуынша, Қашаған кенішін тезірек игеру үшін шетелдік мұнай компаниялары "Қазмұнайгаздың" үлесін өздері төлемекші.

Ұлыбританиялық басылым мамырдың 28-і күні Қашаған кенішін игеру жобасына қатысып жатқан Батыс компанияларының "Қазмұнайгаздың" үлесін бөлісіп төлейтіні туралы хабар таратты.

Осы әрекеті арқылы консорциум мүшелері жүзеге асуы созылып кеткен жобаға жан бітіргісі келеді.

Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев ENI, ExxonMobil, Total, Shell және "Қазмұнайгаз" өткен апта осындай байлам жасады деп мәлімдеген.

Reuters агенттігіне сұхбат берген министр "Консорциум 2012-2013 жылдары 986 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы құймақ" деген.

Daily Telegraph "Қазмұнайгаздың" бұл ақшаны кейін қайтаратыны туралы анық ештеңе айтылмағаны туралы жазады.

Басылымның сипаттауынша, соңғы оншақты жыл ішінде Қазақстан шетелдік компаниялармен жасаған келісім-шарттарын қайта қарастыруды талап ететіндей жағдайға жеткен. "Қазақ шенеуніктері шетелдік мұнай компаниялары 1990-жылдардың ортасындағы Қазақстанның [әлсіз тұстарын] пайдаланып қалды деп санайды" деп жазады газет.

Сауат Мыңбаевтың айтуынша Қашаған жобасының алғашқы өндіріс кезеңі 2013 жылдан басталмақшы.

Басылымның жазуынша, Қашаған Қазақстан үшін өте-мөте маңызды экономикалық жоба. Каспийдің солтүстік жағалауында орналасқан кеніш қыс мезгілінде тоң болып қатып қалады. Сондықтан да жер бетіндегі ең күрделі мұнай өндіру жобасына айналып тұр. Қашаған 1960 жылдардан бері дүниеде ашылған ең ірі мұнай кеніші болып та саналады.

Daily Telegraph Қазақстан 2020 жылға дейін Қашағанның арқасында мұнай өндірісін 60 пайызға арттырғысы келеді деп жазады.

"Қазмұнайгаз", италиялық ENI, америкалық ExxonMobil, франциялық Total және голландиялық Shell компанияларымен бірге ConocoPhillips және Inpex атты шағын компаниялар да Қашаған жобасындағы үлескерлер қатарына кіреді.
XS
SM
MD
LG