Accessibility links

Түркіменстандағы әйелдер колониясы


Түркіменстан түрмесінің дәлізі. Көрнекі сурет.
Түркіменстан түрмесінің дәлізі. Көрнекі сурет.

Норвегия Хельсинки комитеті Түркіменстанның солтүстігінде, Ташауыз қаласында орналасқан DZK/8 әйелдер түрмесінің ахуалы туралы есебін жариялады. Бұл құжаттан ең томаға-тұйық елдің жай-күйі туралы сирек ақпараттарды көруге болады.

Түркіменстан соңғы жылдары шетелдік бизнеске есігін біртіндеп ашып келе жатқанымен, елдегі адам құқығы туралы мониторинг жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Орталық Азияның ең томаға-тұйық еліндегі ең жабық тақырыптардың бірі – тұтқындардың жай-күйі мен оларға қатысты тергеулер, соттау әрекеттері. Норвегия Хельсинки комитеті есебінде екі мыңнан астам тұтқын-әйел отырған түрме туралы айтылады.

ҚАПАСТАҒЫ ӨМІР

Норвегия Хельсинки комитетінің есебіне қарағанда «тұтқын әйелдер отыратын, қатыгездік пен азаптаулар орын алатын бұл абақты халықаралық талаптарға сай келмейді». Басқа жердегідей емес, DZK/8 түрмесінде жалпы режимге кесілгендер де және қатаң немесе ерекше режимге кесілгендер де отырады.

1997 жылы бұл жерде 223 әйел қамауда отырса, 1999 жылы тұтқындар саны – 500-ге, 2004 жылы – 2200-ге, ал 2005 жылы 2400 адамға жеткен. Сарапшылар түрменің толып кеткеніне, жыл сайын рақымшылық ждасалатынына қарамастан тұтқындар санының екі мыңнан төмен түспей тұрғанына алаңдап отыр. Бұл дерек қалыпты нормадан екі есе көп.

Жергілікті БАҚ-та жарияланған тізімдерге қарағанда, рақымшылыққа ілінген мың әйелдің 2009 жылдың ақпан-қыркүйегінде жүзге жетер-жетпесі ғана бостандыққа шықса, 2010 жылдың ақпанында жүзге жуық әйел азаттық алған. Ал 2007 жылы күзде жарияланған рақымшылықта 1100 әйел бостандыққа шыққан болатын.

Алайда тұтқындарға рақымшылық жасалысымен-ақ әйелдер түрмесі тез арада қайта толып қалады дейді есепте.

Куәгерлерге сілтеме жасай отырып зерттеушілер туберкулезбен ауыратын бірнеше тұтқын ғана арнайы орында ұсталады деп жазады. Ал қалған науқастар, олардың арасында туберкулездің ашық түрімен ауыратындар да бар, дені сау әйелдермен бір жерде отыр.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН АБАҚТЫ

Жемқорлық түркімен пенитенциарлық мекемелерін жайлап алған айықпас дертке айналған. «Қызметкерлердің барлығы дерлік пара алады және олардың әр «қызметінің» өз бағасы бар (азық-түлік, дәрі-дәрмек, жеңіл-желпі жұмыс, т.б.). бір күнге жалған науқас қағазын жасаудың құны - 30 мың манат, туған-туыстарымен кездесетін орын берсе – 600 мың манат, бүкіл отбасымен қауыштырса – оның бағасы 100 долларға дейін жетеді», – делінеді есепте.

Тұтқын-әйелдер тігін фабрикасына еңбекке жегіліп, төсек-жайма мен әскери қызметкерлерге арналған погондар тігеді, жүн тарап, кілем және ұлттық жібек мата - кетени тоқиды, кірпіш құйып, басқа да өндірістік жұмыстар істейді. Қапырық барақта қамалып отырғаннан гөрі жұмыс істеген жақсы. Кей мәліметтерге қарағанда, жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін әкімшілікке 300-ден 800 долларға дейін ақша төлеу керек екен.

Адам денсаулығына қауіп төндіретін шаң мен микробқа толы мұндай жұмыстарды атқаратын әйелдерге әкімшілік қорғаныш құралдарын да бермейді. Оның үстіне мұндай жұмыстарды істейтіндердің қатарына туберкулез ауруына шалдыққандар да жіберіледі.

Егер тұтқын-әйелдің аяғы ауыр болып, босанатын жағдай туа қалса, ондай әйелді қалалық перзентханаға апарып, кереуетке екі қолын кісендеп тастайды. Дүниеге келген сәбиді күйеуіне, туған-туыстарының қолына тапсырады, ондай туыстары болмаса перзентханаға қалдырып кетеді. Тұтқын-әйелді колонияға дереу қайтарып, бір-екі күннен соң қайта жұмысқа шығарады, деп баяндайды сарапшылар.

ОҚШАУЛАУ КАМЕРАСЫ

Түрмелерге арналған оқшаулау абақтысының көлемі – бір жарым да екі метр. Осындай жерге он шақты әйелді қамайды. Камерада кереует жоқ, отыратын орындық, көлемі 50 де 50, сығырайған терезесі ғана бар. Ал дәретханасы – шелек. Күніне бір мезгіл ғана беретін тамағы – быламық сорпа, дейді кәугерлер сөзіне сілтеме жасаған авторлар. 40-45 градусқа дейін көтерілетін ыстық кезінде желдеткіш жүйесі де жөндеп жұмыс жасамайды.
Норвегия Хельсинки комитетінің есебіне қарағанда, 2005 жылға дейін бұл абақтыдағы әйелдерді зорлау күнделікті жайттардың біріне айналған. Тұтқындарды өлімші етіп сабайтын кездер де болады. Қорлық-зорлықтан өлгендерге «бауыры, бүйрегі не болмаса жүрегі ауырған» деген диагноз қоя салады. Елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов (Түркіменбашы) 2005 жылы шілдеде өткен үкімет отырысында мұндай жайттарға жол берілгенін мойындады, сонан соң түрме басшылығы ауыстырылып, кәмелетке толмаған тұтқындарды зорлаған екі қызметкер сотталды, түрме ішіне әйел қызметкерлер қойылды.

«Дегенмен ұрып-соғу дәстүрі 2009 жылы қайта оралды. Тұтқындардың біреуі аз-маз тәртіп бұза қалса, әкімшілік оны қасындағылармен қоса жаппай жазалауды шығарды», - дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG