Қазақстандықтар митингілер, шерулер және пикеттер, флешмобтар мен перфоманс түріндегі саяси және азаматтық акциялар өткізуден бөлек, сот шешімдеріне, полицияның әрекеттеріне наразылық белгісі ретінде немесе еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп өздерін парламент ғимараты қоршауына кісенмен шынжырлап тастаған, құрылыс крандарына шығып аштық жариялаған, өз-өздерін өртеген, тіпті күш құрылымы қызметкерлеріне оқ атқан оқиғалар болды. Кез-келген наразылық акциясын мемлекеттік құрылысқа төнген қатер көретін ел билігі әкімшілік айыппұлдар мен қамаулар, қылмыстық істер қозғау және түрмеге жабу арқылы наразылық акцияларының жолын кесіп отырды.
2011 жылғы Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілі кезінде полиция бірінші рет оқ атып, 16 адамды өлтірді. Қазір Қазақстанда саяси талаптар көтерген наразылық акциялары өтпейді. Таяуда ғана президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бергі қарсыласы Мұхтар Әблязовтің жақтастарының символы - көк түсті шар ұстап көшеге шыққаны үшін ұстай бастады.
НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯЛАРЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ
- Азаматтардың митингіге шығу белсенділігі мүлде төмен. Авторитарлы режим қысымды күшейту арқылы ғана болмаса, басқаша дами алмайды. Тәуелсіздік алған жылдары әлдебір еркіндік болған, ал қазір елдегі келеңсіздіктерге қарсы жария түрде наразылық танытуға тыйым салынған, - деп санайды Алматыда тұратын оппозициялық журналист Сергей Дуванов.
Дувановты наразылық акцияларының ардагері деп есептеуге болады. 1970 жылдары КГБ қызметкерлері оны "астыртын антикоммунистік ұйым құруға қатысқаны үшін" талай ұстаған. 2005 жылы Дуванов үш әріптесімен (Александр Скрыль, Андрей Свиридов және Андрей Гришин) бірге Республика алаңына шығып, президент сайлауы нәтижелеріне қарсы наразылық білдірген. Өздерін Тәуелсіздік ескерткішінің қоршауына шынжырлап тастап, плакат көтеріп 10 минуттай тұрған, содан кейін оларды полиция ұстап әкеткен. Төртеуіне де айыппұл салған.
Сол кезден бері Дуванов президент Назарбаевтың "жеке басына табынуға" қарсы және сотталған әріптестерін қорғау мақсатында наразылық акциясына талай рет шыққан.
Сергей Дуванов 2010 жылдан бері Қазақстандағы адам құқығы бюросы құрамында жария түрдегі наразылық акциялары мен бейбіт сипаттағы жиындарға мониторинг жүргізумен айналысады. Оның дерегінше, кейінгі жеті жылда елде өтетін наразылық акцияларының саны шамамен бес есе азайған.
2010 жылы бюро 64 (бір кісілік және ұжымдық) наразылық акциясы, 2011–2012 жылдары - 162, 2013 жылы - 119, 2014 жылы - 114, 2015-жылы - 71, 2016 жылы - 52, 2017 жылы 36 акция өткенін тіркеген.
Сергей Дуванов әсіресе саяси акциялар санының азайғанына назар аударады.
- Бұрын оппозиция және қоғамдық ұйымдардың митинг, акцияларының 60 пайызына жуығы саяси талаптармен өтетін. Ал былтыр тіркелген акциялардың көбі - саясатқа еш қатысы жоқ жеке мүддесі үшін өткен бір кісілік пикеттер, - дейді Сергей.
Азаттық: - Ал олардың қаншасына билік рұқсат етті?
Сергей Дуванов: - Жария түрде өткен 36 акцияның төртеуіне ғана рұқсат берді. Оның өзінде, бұл әлдебір белгісіз адамдар қымбат көліктерге мініп алып, қазақ қыздарының қытайларға тұрмысқа шықпауын талап еткен сияқты оқиғалар болған. Мысалы, биыл Алматыда 300 адам президентті қолдау шеруін өткізді. Яғни, егер сіз билікке жайсыз тиетін тақырыптарды қозғайтын болсаңыз, акция өткізуге рұқсат бермейді. Ал қозғамасаңыз, рұқсат етеді. Сондықтан наразылардың көбі акцияларын рұқсат сұрамай өткізеді. Егер инкогнито шығатын болсаңыз, билік өкілдері оянып, қолыңызды бұрап әкеткенге дейін алаңда 5-10 минуттай тұру мүмкіндігіңіз бар. Бірақ егер акция өткізетінің жайлы Интернет арқылы күні бұрын хабарласаңыз, олар алдын ала келеді. Ал таңертең үйіңіздің алдында күтіп тұрады. Адамды акция өткізбей жатып полицияға алып кеткен көптеген оқиғаны білеміз. Мұндай кезде жүйе алдын алу шараларын қолданады.
Азаттық: - Биліктің жақтастары сіздің пікіріңізбен келіспейді, өйткені әр қалада жергілікті мәслихат, ішкі саяст бөлімінің рұқсатымен наразылық танытуға болатын нақты орындар белгіленген. Соған қарағанда наразылық акциясын өткізу мүмкіндігі бар болып тұр ғой?
Сергей Дуванов: - Біздің "демократияның" қулығына құрық бойламайды. Иә, бейбіт жиындар туралы заңда азаматтар жария түрде наразылық таныта алады деп жазылған, бұл норма Конституцияда да бар. Бірақ бұл құқық заңдармен шектелуі мүмкін деп көрсетілген. Ал әлгі шектейтын заңдарды шенеуніктер асқан қулықпен және ептілікпен жазған, сондықтан егер сіздің өзіңіз және сіздің талаптарыңыз билікке ұнамаса, олар акцияңызды өткіздірмеудің жүздеген амалын табады.
"Өтінішті уақытында бермедіңіздер", "дәл сол күні әлгі жерде спорт және көпшілік шаралар өткізу жоспарланған" деген сияқты кез-келген сылтаумен рұқсат бермей қоюы мүмкін. Билік көбінесе акция өткізуге рұқсат сұраған орынның жанында оқу немесе медициналық мекеме бар деген уәжбен бас тартады. Ал тіпті олардың шартына көніп, билік рұқсат еткен жерге барып өткізсеңіз, наразылық акциясын қаланың шетінде өткізудің еш мәні қалмайды. Өйткені ол жерде сізді ешкім көрмейді, ешкім естімейді.
Сондықтан әлгі рұқсат дегеннің бәрі - өтірік, профанация. Қазақстанда тұратын адамдардың саяси акциялар өткізу құқығы мүлде жоқ.
Азаттық: - Бәлкім қазір ешкім наразылық танытқысы келмейтін шығар?
Сергей Дуванов: - Иә, бір жағынан қазір шығатын ешкім жоқ, өйткені елде саяси оппозиция, билікке өз талаптарын жария акциялар арқылы жеткізуге дайын азаматтық сектор жоқ. Бірақ негізгі себеп – адамдарды қамау, айыппұл салу, қудалау тәсілдерімен қорқытып тастаған. Бұған қоса, Жаңаөзендегі оқиғаның да әсері бар. Наразылық таныту белсенділігінің төмендеу себебі неге байланысты екенін анықтау үшін сарапшылар арасында ауалнама жүргізгенімізде олардың әр екіншісі Жаңаөзен оқиғаларынан кейін қоғамда қорқыныш пайда болды деген болатын.
Азаттық: - Бұл жерде үгіт-насихат қандай рөл атқарады?
Сергей Дуванов: - Негізгі рөл атқарады. Қарапайым қазақстандықтан "митингілерге қалай қарайсыз" деп сұрасаң, ол "бізге тән емес" деп жауап беруі мүмкін. Қоғамда жария түрдегі наразылық акцияларға деген жағымсыз көзқарас Грузия, Украинадағы және көрші Қырғызстандағы төңкерістер заманында қалыптасты, өйткені ол жақтағы бүліктер түсірілген кадрларды теледидардан таңертеңнен кешке дейін тынбай берді. Бірақ 26 жылдың ішінде өткен жүздеген наразылық акциясы кезінде Қазақстанда наразылық акциясына қатысушылар бір де көлікті өртеп, бір де көше шамын сындырып немесе тіпті біреудің мұрнын қанатып көрген жоқ. Митингілер қоғамға қауіп төндіретінін көрсететін бір де мысал жоқ. Ал өркениетті Францияда, мысалы акция кезінде демонстранттар бәрін қиратады, бірақ билік наразылық акцияларына бәрібір тыйым салмайды.
Азаттық: - Қазақстанда жария түрдегі акция өткізуден нәтиже шығуы мүмкін бе?
Сергей Дуванов: - Жеке басыңа қатысты мәселелерді шешу үшін алаңға шықсаң, әлдебір нәтижеге қол жеткізуің мүмкін. Мысалы, шенеуніктердің жүгенсіздігінен зардап шеккен адам краннан секіремін деп қорқытады, өз-өзін өртейді. Кейде тұрғындар жолды жауып тастайды, өйткені жаяу жүргіншілерге арналған жол болмағандықтан, көліктер балаларын қағып кетеді. Шенеуніктер проблеманы шешу үшін сол кезде барып қана жұмыс істей бастайды. Ал саяси проблемаларды шешу тұрғысынан алсақ, мұндай әрекет нәтиже бермейді, өйткені біздің елде саяси өзгерістерді акциялар арқылы талап етуге тыйым салынған. Қазақстанда адам құқығына, оның ішінде жария және бейбіт жиындарға қатысты ахуал жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын халықаралық сарапшыларға түсіндіруден шаршадым.
ТҮҢІЛУ
Журналист әрі бұрынғы белсенді Жанна Байтелова әр жылдары әкімшілік қамауға ұшыраған. Бірінші жолы - 2010 жылы Байтелова Алматы қалалық сотына мал тезегін лақтырғаны үшін 10 тәулікке қамалған болатын. Ол кезде Байтелова "Елбасы туралы" заңға қол қойған шенеуніктерге қарсы талап-арызын қараудан бас тартуға наразылық білдірген. Екінші рет - 2011 жылы Қазақстанның батысында ереуілге шыққан мұнайшыларды қорғап сотталған белсенді Наталья Соколованы қолдау акциясына өзге белсенділермен бірге шыққаны үшін 14 тәулікке қамалған.
- Шаршадық, жалықтық, еш мағына қалмады. Жылдар бойы басымызды тауға да, тасқа да ұрдық, ақыры түңілдік. Акцияға шыққан кезде менің дауысым маңызды, үнсіз қалмай, пікірімді ашық айтқаным дұрыс деп шын көңіліңмен ойлайсың. Бірақ жағдайдың өзгеретін түрі жоқ, ал сен айыппұл, қамау сияқты проблемадан көз ашпайсың, жұмысыңда қиындықтар басталады, туыстарың мен достарың жазғырады, жұрт акцияға қатысып ақша алып жүр деп айыптайды. Мұндай кезде ештеңеге құлқың болмайды екен, - деп түсіндіреді Жанна наразылық белсенділігінің төмендеу себебін.
Оның сөзінше, тіпті наразылық білдіруге дайын деген белсенділердің өздерінің жария түрдегі акцияларға деген көзқарасы әрқилы. Байтелова жария түрде наразылық танытудың қазір "еш мағынасы қалған жоқ" деп санайды.
- Елдегі жүйелі проблемаларға қатысты кез-келген наразылық акциясы қазір ақпараттық шу ағынынан көрінбей қалады. Қазір біреудің плакат ұстап алаңға шыққаны ешкімге қызық емес. БАҚ-тың 90 пайызы бұл жайлы тіпті жазбайды да, - дейді Жанна Байтелова.
Журналистің пікірінше, пікіріңді жария түрде білдіру идеясының қазір қадірі кеткен. Оның қадірін мысалы, фейк акциялар, билікті қолдайтын шаралар, акциялардың бәрінің ақысы төленген деп ақпараттық қауесет кетіреді. Ал жұрт мұндай өсекке сенеді.
- Қазір акция өткізуден пайда жоқ. Егер проблеманы өзге амалдармен шешуге болса, соларды пайдалану керек. Бірақ бәрі әлгі акцияларды өткізетін нақты тұлғалардың қойған талаптары мен беделіне байланысты. Мысалы, егер саяси талаптар болса, әлдеқайда қиын болады. Мысалы, Кемеров қаласындағы өрт құрбандарының туыстарына ынтымақтастық белгісі ретінде бірнеше қалада акция өтіп, адамдар аспанға шар ұшырды. Бұл үшін оларды қудалаған жоқ, өйткені олар ешқандай саяси талап қойған жоқ. Билік сөйтіп отырып көк түсті шар ұстаған адамдарды ұстап жатты, - деп түйіндейді Жанна Байтелова.
ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ ӨЗГЕРІП КЕТТІ
Заңгер әрі құқық қорғаушы Болатбек Біләлов 2012 және 2013 жылдары билікпен арада туған баспана дауларында адамдардың мүддесін қорғап жария және бейбіт сипаттағы ондаған наразылық акцияларын ұйымдастырып, оларға өзі де қатысқан, "Антигептил" экологиялық қозғалысының наразылық акцияларына да шыққан. Өзіне қанша мәрте айыппұл салғаны Біләловтің есінде де жоқ, ал әкімшілік қамауға оны кемі үш рет алған. 2016 жылы полиция оның видеолекцияларынан "араздықты қоздыру" белгілерін байқап, сот Біләловтің еркіндігін үш жылға шектеген.
- Кейінгі 5-6 жылда заңдар да, оларды қолдану практикасы да күшейіп кетті. Билік азаматтардың жария түрде наразылық білдіруіне қилы амалдармен жол бермейді. Әлдебір адам тіпті өз мақсатына, талаптарының орындалуына наразылық акциясы арқылы қол жеткізсе де, билік белгілі бір санкциялар қолдану арқылы оны бәрібір қудалайды, - дейді Болатбек Біләлов.
Бірақ құқық қорғаушының пікірінше, халықтың наразылық көңіл-күйінің төмендеуінің негізгі себебі бұл емес.
- Елде ұйымдасқан оппозициялық күш қалған жоқ. Ал барының өзі халыққа лайықты жоспар ұсына алмайды немесе жөні түзу наразылық акциясын ұйымдастыра алмайды. Егер оппозиция репрессияға қарамастан жария түрдегі наразылық акцияларын жалғастыра берсе, билік те қысымды босаңсытар еді, - дейді ол.
Бірақ Біләловтің сөзінше, халықтың наразылық білдіру потенциалы ұлғайып, кей тұстарда көріне бастаған.
- Бұған мысал -"жер митингілері". Егер 10-15 жыл бұрын наразылық акцияларына белсенді азаматтар ғана шықса, қазір белсенділігі төмен тұрғындардың өздері наразылық таныта бастады. Халықтың наразылық танытуға бейім тобы ұлғайып келеді. Бірақ наразы топтарды басқаратын ұйымның жоқтығынан олар бытыраңқы. Парадокс, бірақ наразылық акциялары азайып, наразылық көңіл-күй артып келеді, - дейді Біләлов.
Ол наразылық көңіл-күйді жария түрде білдіру азайғанына алаңдайтынын мойындайды.
- Билік оппозицияны және ашық сипаттағы наразылық ошақтарын жойып болып, қазір босаңсып отыр. Ал наразылық көңіл-күй тереңде бұғып жатыр. Жартылай астыртын жағдайда тұр деуге болады. Өзімді бұл жағдай алаңдатады, өйткені наразылық көңіл-күй ұйымдасқан әрі бейбіт сипаттағы наразылық акциялары емес, бүліктер мен тәртіпсіздіктерге ұласуы мүмкін, - деп ескертеді белсенді.
Журналист әрі белсенді Инга Иманбай саяси сипаттағы түрлі наразылық акцияларына қатысқаны үшін талай рет айыппұл төлеген. 2012 жылғы ақпанда белсенді Жанболат Мамайды қолдау мақсатында бір топ белсенділермен бірге Алматы қаласының ұлттық қауіпсіздік департаменті ғимаратына қарай маршқа шыққаны үшін Инганы 10 тәулікке қамаған. Ол кезде Мамай Жаңаөзендегі мұнайшыларға оқ атуды айыптаған наразылық акциясы үшін қамалған болатын.
Инга Иманбай екі жыл бұрынғы "жер" митингілері Қазақстандағы наразылық акциялары тарихында бетбұрыс жасаған сәтке айналды деп санайды.
- Бұрын біз жария түрдегі наразылық акцияларын бірінші рет ұсталсаң, ескерту жасап немесе айыппұл салып босатады, ал бір жылда екінші немесе үшінші рет шықсаң ғана бірнеше тәулікке қамауы мүмкін деген есеппен өткізетінбіз. Ал жаппай "жер митингілері" кезінде билік бұл заңды бірінші рет бұзды. Мысалы, көп адамдарды наразылық білдіруге бірінші рет шыққанына қарамастан тұтқындап жатты. Ал журналистердің бәрін ұстап әкетті, меншік түріне қараған жоқ. Яғни бұрынғы "ойын ережесі" қазір жұмыс істемейді. Қазір соттар жаза кескен кезде ешқандай қисынға сүйенбейді, жазаны өз білгенінше тағайындай салады, - дейді Инга Иманбай.
Осы аптада "жер митингілеріне" қатысты оқиға жалғасын тапты. Атырауда "жер" митингісін ұйымдастырғаны үшін сотталған екі белсендінің бірі Талғат Аянның жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі еркіндігін шектеуге ауыстырылды. Талғат Аян мен Макс Боқаев екеуі 2016 жылғы қарашада бес жылға сотталған болатын. Екі белсенді өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп мәлімдеп, оны мойындаудан бас тартқан.