Accessibility links

Жер дауы парламентке де жетті


Жерге байланысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Жерге байланысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Фермерлер одағы басшысы Әуезжан Дарынов парламент мінберінен «жерді жалға беруге» қарсы митингілер жалғаса беруі мүмкін деп мәлімдеді. Аграрлық саланы дамыту жайын талқылаған парламент тыңдауында «жер дауына қатысты наразылық» жайлы айтпауға тырысқан депутаттарға оның сөзі күтпеген оқиға болды.

Ең өзекті тақырып – аграрлық мәселеге арналған парламент сенатындағы тыңдауда Қазақстан фермерлері одағы төрағасы Әуезжан Дарыновты мінберге ешкім арнайы шақырған жоқ. Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық территорияларды дамыту комитеті төрағасы Сергей Плотников алдын ала жазылған спикерлер сөйлеп болғаннан кейін «тілек білдірушілер болса, сөйлеуіне болады» деді. Оның ұсынысын фермерлер одағы басшысы Әуезжан Дарынов қана қабылдады.

Әуезжан Дарынов мінберден жер кодексіне енгізілген қайшы түзетулердің кесірінен аймақтарда «халық бүлініп жатыр» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ол «мұны халықпен талқылауды баяғыда өтініп сұраған», бірақ ұсынысы еленбеген.

– Егер бұл мәселені былтыр талқылағанда, ешқандай мәселе тумас еді. Жұмыс тобында болғанда өзім «Ұсыныстарымызды үкіметке жеткізіңдерші» дегенмін. Ұлттық экономика министрі «Жоқ, халықпен талқылап не керек деген», – дейді Әуезжан Дарынов.

Президиум жақтан бірнеше мәрте «Рахмет» деп, оның сөзін тоқтатуға тырысқанымен, фермерлер одағы басшысы сөзін жалғастыра берді.

– Біз жерді тиімді пайдалану мәселесін тыңдадық... Енді митингілер үш есе көп болады, сіздерге осыны ескерткім келеді, – дейді Әуезжан Дарынов.

Бұдан кейін ол Қостанай облысына барған сапары жайлы баяндап, жер өңдеумен айналысатын фермерлердің проблемалары туралы айтты.

Жер жыртып техника. (Көрнекі сурет)
Жер жыртып техника. (Көрнекі сурет)

Сенатор Сергей Плотников оған парламент депуттарының бәрі халықпен жұмыс істеп, жер қатынастары жөніндегі заң актілерін түсіндіреді деп жауап берді. Мұны сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Оның айтуынша, үкімет өкілдерін, депутаттарды, үкіметтік емес ұйымдарды «жер кодексіне жуырда енгізілген түзетулердің мән-мағынасын қоғамға түсіндіру жөнінде үлкен әрі маңызды жұмыс күтіп тұр».

Мемлекет басшысының жердің мемлекет юрисдикциясында қалатыны туралы және жерді тиімді, ұтымды пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды деп құр айтып қоймай, ешкім де бұл талаптан түрлі қулық-айламен жалтарып кетемін деген ой тумас үшін аса маңызды мына ережені іске асыруды заң жолымен және өзге амалдармен қамтамасыз ету керек. Сондықтан ең бастысы мемлекет басшысының жердің мемлекет юрисдикциясында қалатыны туралы және жерді тиімді, ұтымды пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау керек, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда халықтың жартысы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді, 42 пайызы ауыл, кенттерде тұрады. Бірақ өзге салалармен салыстырғанда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі әлі де төмен.

СЕНАТОРЛАР ПІКІРІ

Тыңдау кезінде депутаттар елде жексенбіден бері өтіп жатқан «жер сатуға» қарсы жаппай наразылық акциялары жайлы айтпауға тырысты. Тыңдауға парламенттің қос палатасынан қатысқан депутаттар органикалық өнімдер шығару, балық шаруашылығы, ветеринария және Еуразия экономикалық одағындағы жеңілдіктер жайлы мәселелерді талқылады. Ал жерді жалға беру мәселесі жайлы отырыста сол күйі ешкім ештеңе айтқан жоқ.

Ал отырыстан кейін Азаттық тілшісінің наразылық митингілеріне қатысқан жұрттың талаптары жайлы сұрақтарына депутаттар жауап бергісі келмей қашқақтап немесе «білмеймін» деумен шектелді.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық территорияларды дамыту комитеті мүшесі, депутат Рашид Әкімов Азаттыққа «жерді жалға беруге қарсы митингілер болып жатқанын білетінін» айтты, бірақ «қазір емханаға баруым керек еді» деген уәжбен кейінірек келуді ұсынды.

Халықаралық қатынастар комитеті мүшесі, сенатор әрі бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Азаттық тілшісіне «сельхозниктерден» сұрауға кеңес берді. Депутат парламент тыңдауына қатысқан ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерін меңзеген сияқты. Азаттық тілшісі мен сенатор арасындағы диалог былай өрбіді:

– Депутат ретінде бұл мәселенің сізге қатысы жоқ па?

– Маған ба? Мен әскери адаммын ғой.

– Бірақ сіз сенат депутатысыз ғой.

– Сізге не керек? Өзіңіз кімсіз?

– Мен Азаттық радиосының журналисімін.

– Сұрақтарыңызды сельхозниктерге қойсаңызшы.

Сенатор Мұхтар Алтынбаев.
Сенатор Мұхтар Алтынбаев.

​Азаттық тілшісіне «жер мәселесіне» қатысты пікірін айтуға аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық территорияларды дамыту комитеті төрағасы Сергей Плотников қана келісті. Сенатордың айтуынша, елде болып жатқан наразылық митингілерінде айтылған «талаптардың көбі – негізсіз, өйткені қабылданған заңда үлкен өзгерістер жоқ».

Заңдағы жерді жалға алып пайдалану шарты да сол күйі қалды, тек мерзімі ғана өзгерді.
Сергей Плотников.

– Бұрынғы заңда мемлекеттік жерлер шетел азаматтарына немесе шетел компанияларына сатылмайды деп қалай жазылса, сол күйі қалды. Заңдағы жерді жалға алып пайдалану шарты да сол күйі қалды, тек мерзімі ғана өзгерді. Заң шығару органдарының бәрі шетел азаматтарына немесе шетел компанияларына жерді сатуға, пайдалануға тыйым салады, егер әлдебір жеке меншік компаниялары мен заңды тұлғалары бірлесіп пайдаланса, бұған заң тыйым салмайды. Бұдан жер интенсивті түрде, сапалы пайдаланады, – дейді ол.

Сергей Плотников та жерді жергілікті компаниялармен бірге жалға алатын шетелдік компаниялар «10 жыл емес 25 жылда инвестицияны көбірек салады, тұқым, түрлі тыңайтықыштармен өңдеуге ұзақ мерзім алған қаражатын ақтауға мүмкіндік береді» деген пікірде.

Парламент сенаты ғимараты.
Парламент сенаты ғимараты.

ЖАЛҒА БЕРУГЕ ҚАРСЫЛАР

Соңғы аптада үкіметтің ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жеке меншікке сатып, шетелдіктерге 25 жылға жалға беру жоспарына қарсы Атырау, Ақтөбе және Семей қалаларында митингтер өтті. Кеше мұндай митингті Ақтау қаласында өткізу жоспарланған болатын, бірақ полиция белсенділерді орталық алаңға өткізбей қойды. Бүгін Алматы мен Астана қалаларында полицейлер «жерді сатуға» қарсы мәлімдеме жасамақ болған белсенділерді ұстап әкетіп, сәлден кейін босатқан.

Қазақтанның жер кодексіндегі бір ай бұрын талқылана бастаған түзетулер заңға былтыр енгізілген. Жұртшылықты ауыл шаруашылығына арналған кей жерлер биылғы шілденің 1-інен бастап аукционға шығарылады деген хабар абыржытты. Кейінірек ұлттық эономика министрлігі ол жерлерді шетелдіктер емес, Қазақстан азаматтары ғана сатып ала алатынын мәлімдеді. Бірақ шетелдіктер жерді 25 жылға дейін жалға алуына болады.Заңға енгізілген бұл түзетулердің қарсыластары жерді «жері көп олигархтар мен шетелдіктер иемденіп алады» деп қауіптенеді. Олар жер кодексіне енгізілген даулы түзетулерді 21 мамырға дейін алып тастауды талап етеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «жерге қатысты наразылық» акцияларын «арандатушылар» ұйымдастырды деп мәлімдеді. Қазақстанның бас прокуратурасы «шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратушылар» сияқты жер мәселесіне қатысты «қауесет» таратқандар да жауапкершілікке тартылады деп ескертті.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG