Accessibility links

Жолаушы тасымалдаушылар арасында дау өрбіді


Алматыда «Парасат» жолаушылар тасымалдайтын темір жол агенттіктер қауымдастығы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамымен арадағы келісім-шартты бұзды.

Осы жылдың 26-шы мамырында, «Парасат» жолаушылар тасымалдайтын темір жол агенттіктер қауымдастығы мен «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының арасында темір жол вокзалдарының ғимараттарындағы кассаларда билет сату қызметтерін қайтарымсыз өтеу жөніндегі келісім-шарт жасалған. Алайда бұл жасалынған шарт 2 ай өткеннен кейін күшін жойған.
«Парасат» жолаушылар тасымалдайтын темір жол агенттіктер қауымдастығының құрамына бірнеше серіктестік топталған. «Ai-Star» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржы директоры Архат Байшукенов, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы тәртіп орнатуды желеу етіп, ҚР заңдарына қайшы әрекеттер жасады деп отыр:
- Келісім-шарттың бір пункті бойынша акт жасалынып, сол бойынша тексеру жасалды. Олар заң бұзушылық деп POS-терминалдардың, фискалдық жады бар кассалық-тексеру машиналардың жоқтығын, артық ақша шығуы, агенттік туралы мәліметтің жоқтығын, т.б. алға тартады. Бұл тұжырымдар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның мамандарының тексеру қорытындыларына негізделген.
Сондай-ақ қаржы директоры, «Жолаушылар тасымалы» АҚ осы жылдың 21 шілдесінде жіберген өзара келісім-шарттан бас тарту туралы ескертпелерімен келіспейтіндігін жеткізді:
- Біздің агенттіктердің шарттық қатынастарын орындамауы жөніндегі бұл кінәраттардың заңсыз екендігін келісім-шарт бұзылған кезде, Астана қаласының ауданаралық сотына бергенбіз. Соттың шешімінде, біздің билет сату кассаларымыз іске қосылсын делінген. Алайда олар сот шешімін де елемей отыр. Сот шешімі міндетті түрде орындалуы керек.
Агенттік қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамында 2000 вагон жұмыс істейді. Жалпы жолаушыларға толыққанды қызмет көрсету үшін 200 вагон сатып алынуы керек.
Ал «Парасат» жолаушылар тасымалдайтын темір жол агенттіктер қауымдастығының вице президенті Айткүл Көмекова, жабылған кассалардың есебінен мемлекеттік бюджетке біраз қаржының түспей отырғандығын мәлімдеді:
- «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына жасалынған сараптама бойынша Алматы - Ақтөбе бағытында жүретін пойыздың негізгі құрамында 2 вагон, ал 12-ші құрамында 24 факультативті вагон жетіспейді. Есептегенде 24 вагон 1 күнде - 2076 орынды құрайды. Оған билет күнделікті кассаларда сатылмайды. Оны 1 айға көбейткенде 42 624 орын. Оны ақшаға шаққанда, 4 миллиард 200 миллион теңге үкіметке түспейді.
Бұл мәселеге қатысты «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына хабарласқанымызда, оның басшылығы өз түсініктемесін шілденің 30-күні Алматыда арнайы баспасөз маслихатын өткізіп, айтқалы отырғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG