Accessibility links

Қазақстанда жұмыстан қысқарту үш есе көбейген


Еңбек жәрмеңкесінде жұмысқа жолдама алу үшін кезекте тұрған адамдар. Шымкент, 18 сәуір 2015 жыл.
Еңбек жәрмеңкесінде жұмысқа жолдама алу үшін кезекте тұрған адамдар. Шымкент, 18 сәуір 2015 жыл.

2015 жылдың үш тоқсанында жұмыстан қысқарған азаматтар саны былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда үш есе көп. Бұл туралы Азаттыққа денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлады.

Алматы қаласының тұрғыны, нан зауытында 10 жылдан бері жұмыс істеп келген Гүлбану Оразалиева жақында қысқартуға ілініп, жұмыссыз қалғанын айтады. Ол «кейінгі бірнеше апта ішінде қаладан жұмыс іздеп көрген, бірақ әзірге табылмай тұр».

- Төрт балам бар, мойнымда - кредит. Енді қалай күн көремін – білмеймін. Жас қыздарды асханаларға ыдыс жууға алады. Ал бізді жасымыз келіп қалғандықтан, көп жер қабылдамайды, – дейді ол кісі жыларман болып.

Қазір Қазақстанның ең үлкен қаласы - Алматыда «жұмыс табу оңай емес» екенін қазақстандық телеарналардың бірінің бұрынғы қызметкері Бектұр (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді – ред.) да айтты. 17 жыл істеген жұмысынан бір жыл бұрын шығып қалған Бектұр әу баста жұмыс табу қиындығын уайымдамаған екен.

Барған жерлерім «өзімізде де қысқарту болғалы жатыр немесе орын жоқ» деп шығарып салды. Ақыры мамандығым бойынша жұмыс істеуден күдерімді үзіп, базарға шықтым.

– Басында өзімнің кәсіби біліктілігіме сеніп, қысқартуға ұшырағаныма аса өкіне қоймаған едім. Бірақ уақыт өтіп жатты, басқа ақпарат құралдарына барғаныммен ешқандай нәтиже болмады. Барған жерлерім «өзімізде де қысқарту болғалы жатыр немесе орын жоқ» деп шығарып салды. Ақыры мамандығым бойынша жұмыс істеуден күдерімді үзіп, базарға шықтым, – дейді қазір Алматыдағы базарлардың бірінде ет сатып тұрған Бектұр.

ҮШ ЕСЕ КӨБЕЙГЕН ҚЫСҚАРТУ

Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Азаттыққа жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қызметкерлерді жұмыстан босату қаупі бар кәсіпорындардағы ахуалға апта сайын мониторинг жүргізіп отырғанын хабарлады.

Комитеттің Азаттыққа жазбаша берген мәліметінде «2015 жылғы 9 қазандағы жағдай бойынша мониторингке 189 мың қызметкері бар 381 кәсіпорын қамтылды, оның ішінде 11 мың 39 (5,8%) қызметкермен еңбек қатынастары тоқтатылған» деп жазылған. Комитет осы хатында өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштерді де келтірген – «2014 жылғы осы уақытта 315 кәсіпорында 3 мың 663 қызметкермен еңбек шарты тоқтатылған».

Бұдан былтырғы қысқартуларға қарағанда биылғы көрсеткіштің үш есе ұлғайғаны көрінеді. Бірақ Азаттық сұрағанымен, министрлік комитетінің ресми хатында қысқартулар себебі көрсетілмеген.

«БӘРІ ҚАБАТТАСЫП ТҰР»

Экономист Асқар Сырғабековтің айтуынша, Қазақстандағы соңғы екі девальвация жұмыс орындарының қысқаруына алып келген».

- Соңғы бір жарым жылда теңгенің құнсыздануы бір емес, екі мәрте болды. Бұл жұмыс орындары қысқарып, халық экономикасының (тұрмысын айтады – ред.) құлдырауына алып келе жатыр. Егер Қазақстандағы жұмыс беруші мен жұмыскер қарым-қатынасы туралы заңдарға қарасаңыз, оның жұмыс беруші мүддесіне құрылғанын көресіз, - дейді экономист ғалым.

Ал Алматыдағы тәуелсіз кәсіпкерлер палатасы өкілі Тимур Назханов:

Қазақстанның батысындағы Қаламқас мұнай кеніші жұмысшыларының басшылықпен кездесуі. 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның батысындағы Қаламқас мұнай кеніші жұмысшыларының басшылықпен кездесуі. 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

- Қысқартудың себебі, әуелі – экономика дағдарысы. Одан соң біз Еуразия экономикалық одағындамыз. Еуропадан бізге тауар тасу қиындады. Ресей мақсаты – өз тауарын қорғау. Ал Қазақстан көп затты импорттайды. Ресей осыған кедергіні көбейтті. АҚШ пен ЕО-ның Ресейге санкцияларының да әсері бар. Жыл басында Ресей тауарлары өте арзан болып келді. Кәсіпкерлеріміздің өнімі, көліктеріміз, жеміс-жидегіміз аз сатылды. Онан соң шикізат бағасы төмендеді. Ол компаниялар да жұмысшыларын қысқартып жатыр. Қаржы нарығы да тынышталып қалды. Осының бәрі қабаттасып тұр - дейді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі комитеті есебіне қарағанда, қысқартулар негізінен жеке секторда болып жатыр. Комитеттің Азаттыққа жіберген жауабында «қызметкерлердің барынша көп жұмыстан қысқартылуы көтерме және бөлшек сауда (1029 қызмерткер), өнеркәсіп (997 қызметкер), көлік және қойма салу (626 қызметкер), білім беру (442 қызметкер), денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету (341 қызметкер) және т.б. салаларда орын алған» деп жазылған.

XS
SM
MD
LG