Accessibility links

Алматы облысында су тасқынынан мыңдаған адам зардап шекті


Қызылағаш аулының тұрғыны Баян Рыспаева, Талдықорған, 12 наурыз, 2010 жыл.
Қызылағаш аулының тұрғыны Баян Рыспаева, Талдықорған, 12 наурыз, 2010 жыл.

Наурыздың 12-сіне қараған түні Ақсу ауданы аумағындағы Қызылағаш су қоймасы бұзылған. Ресми ақпаратта жүздеген үй су астында қалып, мыңдаған адамның зардап шеккендігі айтылды. Соңғы деректер бойынша 25 адамның құрбан болғаны анықталды.

Алматы облысының төтенше жағдайлар басқармасының деректеріне қарағанда, күннің жылынуынан қыстай қалың түскен қар және қатқан мұз еріп, соның салдарынан Қызылағаш су қоймасы бұзылған. Апаттан жан сауғалаған ауыл тұрғындары билік тарапынан көмек көрсетілмей жатыр деп дабыл қағуда.

Азаттық тілшісі телефонмен хабарласқанда, Қызылағаш аулының тұрғыны Сәкен Сымжанов су қоймасының қауіпті жағдайда тұрғандығы жайлы облыстық телеарнада айтылған және мұндай қауіп-қатердің бар екенін жергілікті басшылар да білген деп отыр.

Оның айтуына қарағанда, сау тасқыны салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адамдар жатар орын, ішер асқа зәру болып отыр.

- Ауыл шығыннан көз ашпай жатыр. Түнгі сағат он екі кезінде телефон арқылы хабарлады. Содан таудың бөктеріне өз күшімізбен жан сауғалап қашып шықтық. Ауылда отыз көше бар еді. Қазір соның екеуі ғана қалды. Қалғанын су шайып кетті. Ауданнан келіп жатқан көмек өте аз. Облыстан, ауданнан алдын-ала келіп, осындай жағдай болу мүмкін деп ешкім ескертіп, көмек жасаған жоқ. Су қоймасының қауіпті жағдайы жайында облыстық телеарнадан да көрсетілген болатын.
Қызылағаш аулының тұрғындары облыстық аурухана алдында, Талдықорған, 12 наурыз, 2010 жыл.


Біздің ауылда қаза болған адамдардың соңғы саны отыздың үстіне шықты. Әлі қанша адамның мүрдесі су астында жатқаны белгісіз. Мал-мүліктен келген шығын шаш-етектен. Ауылда полиция қызметкерлері ғана жүр, жұртты тыныштандырып, басқа келіп жатқан көмекті көріп отырған жоқпыз. Ел азық-түліктен тарылып, көшеде жыларман болып шұбырып жүр. Тіпті, жұрттың жатар орны мәселе болып отыр. Екі қабатты ауыл мектебіне барып паналаған жұрт мектеп ғимаратына сыймай жатыр, - деді Сәкен Сымжанов.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері Любовь Шапошникова Азаттық радиосына берген түсініктемесінде қазіргі уақытта республикалық, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармалардан және әскери бөлімдерден жүздеген адам және техника су тасқыны болған жерде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

- Су тасқыны салдарынан 257 үйді су алып кеткен. Ал, зардап шеккен тұрғындар саны үш мың адамды құрап отыр. Қауіпті жерде болған азаматтар су тасқыны туралы құлақтандырылып, облыс орталығынан келген көліктермен эвакуацияланды. Сонымен бірге, су тасқыны салдарынан адам шығыны орын алып отыр. Қазіргі уақытта олардың саны анықталуда, - деді Любовь Шапошникова.

Сонымен қатар, Любовь Шапошникова наурыздың 11-нен 12-сіне қараған түні Алматы облысы, Қаратал ауданы, Жылыбұлақ ауылының да ауа-райы салдарынан су тасқынына тап болғанын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, су тасқыны салдарынан Жылыбұлақ аулының 140 үйі су астында қалып, 820 адам зардап шеккен. Зардап шеккен адамдар ауыл мектебіне орналастырылып, тамақтандырылған ал, балалар мен қариялар облыс орталығы Талдықорған қаласына жеткізілген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев су қоймасының бұзылуынан зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтқан жеделхат жөнелтті.
XS
SM
MD
LG