Accessibility links

"Челах ісінде" бір жақ баласын кінәсіз, екінші жақ - әлі тірі деп сенеді


«Арқан-Керген» заставасында қаза болған шекарашы Мейірхан Именовтың ата-анасы Айгүл мен Сағындық. Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.
«Арқан-Керген» заставасында қаза болған шекарашы Мейірхан Именовтың ата-анасы Айгүл мен Сағындық. Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.
Мәйіттері әлі анықталмаған шекарашылардың туыстары ескерткіш қоюға қарсы шықты. Ал айыпталушы Владислав Челахтың жақтастары Алматыда жиын өткізді.

Шілденің 26-сы күні шекара қызметінің басшыларымен кездесуге Үшарал қаласына опат болған сарбаздардың 60 шақты туысқаны келген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қаза тапқан шекарашылардың туыстары шекара қызметі басшыларымен кешке кездесіп, ескерткіш қоюға қарсылықтарын айтқан.
Олар экспертизалар әлі бітпегенін айтып, кездесуге келген басшыларға «Қайда асығасыңдар?» деп наразылықтарын білдірген.

"ЕСКЕРТКІШ ҮШАРАЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ"

Опат болған бір шекарашының әкесі өз ұлының сүйегін жерлегеніне сенбейтінін, сараптама кезінде мәйіттен әйел хромосомасы табылғанын мәлімдеген.

Әлі мәйіті анықталмаған шекарашы Мейірхан Именовтың әпкесі Гүлбаршын Жәкиева:
Үшарал шекара отрядының өткізу пункті. Алматы облысы, 9 маусым 2012 жыл
Үшарал шекара отрядының өткізу пункті. Алматы облысы, 9 маусым 2012 жыл

- Сараптама бойынша әлі мәйіті анықталмаған адамдарға ескерткіш қоюға рұқсат бермейміз. Мүмкін олар тірі шығар, - деді.

Арқанкерген оқиғасында қаза тапты деп саналатын шекарашылардың туыстары «Гендік сараптама жасау мүмкін емес» деп жарияланған жағдайда, тәуелсіз экспертизаға жүгінетіндерін мәлімдеген.

Шекара қызметінің директоры міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбековтың айтуынша, Арқанкергенде ескерткіш тас қойылады. Ал тергеу біткен соң, қаза тапқан шекарашыларға қойылатын негізгі ескерткіш Үшарал қаласына орнатылады.

Азаттық тілшісінің ақпараты бойынша, қаза тапқан шекарашылардың туыстары тікұшақпен Арқанкергенге шілденің 27-сі күні таңертең ұшып кетті.

ЧЕЛАХТЫ ҚОЛДАУШЫЛАРДЫҢ БАСПАСӨЗ-МӘСЛИХАТЫ

Арқанкергенге бара алмаған Владислав Челахтың туыстары шілденің 27-сі күні Алматыда баспасөз маслихатын өткізді. Олар ұлдарының соңғы мәлімдемесіне қатысты бас прокуратураға өтініш жазып, тергеу ісін қайта жүргізуді талап етті.

Туыстары қамаудағы Челахтың алдыңғы жауаптарынан бас тартатыны жөнінде ақпарат таратқасын оның жақтастары бас прокуратураға өтініш жазып отыр.
Владислав Челахты қорғаушы заңгер Василий Резван. Алматы, 27 шілде 2012 жыл
Владислав Челахты қорғаушы заңгер Василий Резван. Алматы, 27 шілде 2012 жыл

- Біз қызметтік тексеріс жүргізуді сұрап отырмыз. Себебі біздің қорғауымыздағы адам өзіне қысым жасалғандығын мәлімдеді. Сондықтан біз ашық, әрі әділ тексеріс өткізіп, бұл фактіні анықтауды талап етеміз. Егер бұл жайт ең болмаса жартылай анықталатын болса, конституцияға сәйкес заңсыз жолмен қол жеткізген айғақтардың барлығы жарамсыз болады. Бұл 77-ші бап, - деді Челахты қорғау штабының үйлестірушісі заңгер Василий Резван.

Оның сөзінше, «тергеу қазір тығырыққа тіреліп отыр. Сондықтан барлық тергеу ісін басынан бастау қажет».

Алматыдағы жиында сөз алған Челахтың туыстары өздерін Арқанкергенге жібермегенін айтты.

- Мені Арқанкергенге кіргізбей қойды. Барғым-ақ келді, бірақ жібермеді, - деді Светлана Ващенко Алматыдағы баспасөз мәслихатында.

Челахтың атасы Владимир Челах Арқанкергенде қаза болған шекарашылардың ата-аналарымен хабарласып отырғандарын айтады.

"ТУҒАН АНАСЫНЫҢ ЖҮРЕГІ СЕЗУІ КЕРЕК ҚОЙ"

Шілденің 25-і күні Азаттықтың Атыраудағы тілшісіне «Арқан кергенге» жиналған атыраулық шекарашылар ата-аналарымен сапар алдында тілдесудің сәті түскен еді. Олар тіпті өздерінің не үшін бара жатқандарынан хабарсыз екенін айтқан болатын.

Қаза болды деп хабарланған Атырау облысы Мақат ауданының тумасы Данияр Балғабаевтың әкесі Ғарифолла Қапанов баласының өлгеніне әлі сенгісі келмейді.

- Тым құрымағанда, туған анасының жүрегі сезуі керек қой. Ондай сезім жоқ бізде. Естуімізше ол балалар тірі және олар Қазақстанда болмауы мүмкін. Құмалақшылардың да көбі солай айтады, - деген ол.
Қаза тапты деп хабарланған Ерлан Ақышевті жерлеу сәті. Үшарал, 10 маусым 2012 жыл.
Қаза тапты деп хабарланған Ерлан Ақышевті жерлеу сәті. Үшарал, 10 маусым 2012 жыл.

Қалған ата-аналардың пікірі де осыған саяды. Олар Азаттық тілшісімен кездескенде, Челахтың алғашқы мойындау сөздерінен бас тартқанын естімеген болып шықты.

- Біз ол бас тартпаса да, оның кінәлі екендігіне сенбес едік. Ал өлді деген баламыздың орнына кімнің мәйітін әкеліп бергенін бір Алла біледі. Астанада мүрдеханада көрген сүйектер қалдығы болар деп табытты ашқанымыз да жоқ, - деді олар бір ауыздан.

Осы сәтте олар тоқтаған Атыраудағы «Дияр» қонақ үйі қызметшілері Азаттық тілшісін ғимараттан шығарып жіберді.

Ал өзін Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан шыққан марқұм шекарашы Бекзат Әмірғалиевтің туысқанымын деп қана таныстырған, атын айтудан бас тартқан жігіт Азаттық тілшісінен кетуді сұрады.

- Сізге не керек? Енді ол балалар тіріліп келмейді. Үкімет көмектесіп жатыр. Біз сол үкіметтің айтқанына сенеміз, - деді ол.

2012 жылы мамыр айының соңында Алматы облысында, Қазақстан-Қытай шекарасындағы Арқанкерген шекара постында 15 адамның мәйіті табылды. Олардың 14-і - шекарашылар, біреуі - қорықшы деп хабарланды. Тірі қалған жалғыз шекарашы деп саналған Владислав Челахқа «15 адамды өлтірді» деген айып тағылды. Осы апта оның бұрынғы мойындау куәліктерінен бас тартқаны туралы хабар тарады.
XS
SM
MD
LG