Accessibility links

Мешіттердің барлығы да діни басқармаға бағынуы керек пе?


Намазға жығылған мұсылмандар. Көрнекі сурет.
Намазға жығылған мұсылмандар. Көрнекі сурет.

Бұл сауал діни қызметкерлер арасында екі түрлі пікір туғызып отыр. Діни қызметкерлердің бір тобы Қазақстандағы мешіттердің қызметін қадағалау үшін діни басқармаға бағынуы қажет деген пікірді ұстанса, енді бір тобы бұл пікірмен келіспейді. Олар жекелеген мешіттердің өз алдына діни ұйым болып құрылуы ешкімге кедергі келтірмейді дейді.




Кейбір жекелеген мешіттердің өкілдері Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарамайтындықтан, жергілікті билік оларды күштеп енгізбек дейді. Олардың заңға қайшы ешқандай әрекет жасап отырмағанын және заң бойынша жеке діни ұйым болып құрылуына толық мүмкіндіктері бар екенін алға тартатындар бар.

Қарағанды қаласындағы «Парыз» ислам орталығының өкілі Шынасыл Кенен Қарағандыда орналасқан бес мешіт діни басқарма тарапынан қысым көріп отырғанын айтады.

- Қарағанды облысында бес мешіт бар. Олар діни басқармаға кірмеген. Діни басқарма тарапынан оларға әлі де қысым жасалып жатыр,- деді.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек Қазақстандағы барлық мешіттерді діни басқарманың бақылауға алуы мемелкеттің мүддесі үшін қажет дейді. Оның айтуынша, бұндай қадамдар мемлекеттің қауіпсіздігі үшін жасалып отырғандықтан мешіт қызметкерлерінің заңдық құқығын шектеу болып табылмайды. Сонымен қатар ол жекелеген мешіттердің қандай жұмыстармен айналысып отырғаны белгісіз болғандықтан, оларды діни басқарма бақылауға алуы қажет деген пікір білдірді.

- Әр мешіт өз алдына бөлініп кетсе, оның имамының білімі қандай, бағыт-бағдары қандай оны кім біледі? Оны ешкім де зерттемейді. Имамды тағайындар алдында көптеген сынақтар тапсырады,- деді.

Ал дінтанушы Бейбіт Сапаралы қазір лауазымды тұлғалар мен есімі елге белгілі адамдар салдырған мешіттер көп жағдайда діни бірлестік болып тіркеледі дейді. Оның айтуынша, мешіттер тек діни басқармаға бағынуы тиіс пе деген мәселе Қазақстан мұсылмандарының құрылтайында қаралған дұрыс. Алайда ол бұл мәселе аталған құрылтайда шет қалып жатады дейді. .

- Осы мәселелерді Қазақстан мұсылмандарының отыз ұлттан тұратын құрылтайы шешеді. Көпшіліктің қабылдауымен оң шешімін табуы керек. Төрт құрылтайда мүфтидің қас-қабағына қарап тұрған жүздеген имамдар ғана қатысады да олар пікірлерін ашық айта алмайды,-дейді Бейбіт Сапаралы. Азаматтар айтқан ой пікірлерді толығымен хабардың аудио жазбасынан тыңдай аласыздар.
XS
SM
MD
LG