Accessibility links

«Айдаһар мен аюдың ортасындағы өмір»


Алдыңғы қатарда - Қытай президенті Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пенг Люян, Ресей президенті Владимир Путин (теріс қарап тұр) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.
Алдыңғы қатарда - Қытай президенті Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пенг Люян, Ресей президенті Владимир Путин (теріс қарап тұр) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.

Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін сарапшылар «Қазақстанда «Украина сценарийі» қайталанбай ма?» деген сауалға ойлана бастады. Назарбаевтың мұрагері белгісіз. Бұл Ресеймен қатынасқа қалай әсер етеді әрі Қазақстан Ресей ықпалынан шыға ала ма?

Желтоқсанның 12-сі күні Американың Bloomberg қаржы ақпараттық агенттігі «Украина тағдырын қайталаудан қорқатын қазақтарды Ресей уысынан шығарғысы келмей діңкелетті» деген мақала жариялады.

РИТОРИКА МЕН ЖАТТЫҒУЛАР

Bloomberg «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын басатын айқын мұрагердің жоқтығы Қазақстанды тұрақсыздыққа ұрындыруы мүмкін» деп болжайды. Bloomberg агенттігінің болжамынша, Назарбаев биліктен кеткен соң, Ресей Қазақстанмен байланысын нығайта түсу мүмкіндігін пайдалануға тырысуы мүмкін. Агенттіктің қолына түскен Ресей шенеуніктерінің былтырғы зерттеуінде Қазақстандағы биліктің ауысуы «еуразиялық интеграцияны нығайта түсуге мүмкіндік беруі мүмкін» деп жазылған.

Егер ел тәуелсіздігіне қатер төндірсе, Қазақстанның Еуразия экономикалық одағынан шығуға құқығы бар екенін Нұрсұлтан Назарбаев бұрын Ресейге ескерткен болатын. Ол мұны Ресей президенті Владимир Путин «қазақтардың ешқашан мемлекеттілігі болған жоқ, оларға мемлекетті Нұрсұлтан Назарбаев құрып берді» деген мәлімдемесінен кейін айтқан. Мәскеудегі Карнеги қоры сарапшысы Алексей Малашенко блогында «бір адамның арқасында пайда болған [мемлекет], екінші бір адамның арқасында жоқ болуы мүмкін» деп жазады.

КИМЭП университеті жанындағы Орталық Азия зерттеу орталығының директоры, профессор Наргис Қасенова Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында «Қазақстан қиын таңдаудың алдында тұр» дейді. Саясаттанушы ол таңдауды былай сипаттайды:

- Егер Ресеймен тіл табысып, Ресей жобаларына қатыссаң, бәрі жақсы болады. Ал егер Украина сияқты басқа жолға түскің келсе, жазаға ұшырайсың. Біз бұған қатты алаңдаймыз.

Қазақстан шекарасы маңындағы әскери жаттығу кезінде "Буратино" құрылғысы қолданылды. Ресей, Волгоград облысы, 24 сәуір 2014 жыл.
Қазақстан шекарасы маңындағы әскери жаттығу кезінде "Буратино" құрылғысы қолданылды. Ресей, Волгоград облысы, 24 сәуір 2014 жыл.

Қыркүйекте Қазақстанмен шекара түбіндегі Алтай өлкесінде Ресей төрт мың әскерімен жаттығу өткізді. Bloomberg агенттігінің жазуынша, ал Қазақстан биыл қарашада саны үш мың болатын әскери бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығын тексерген.

Қазақстанда туып-өскен Ресей депутаты Владимир Жириновский бұл елдіРесейге қосып алуға шақырған соң Қазақстан сепаратистік үндеулер таратқан адамға кесілетін жазаны күшейтіп, 10 жылға дейін соттау шарасын енгізген.

ЖОЛШЫБАЙ МӘСКЕУГЕ БАРУ

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Қазақстан Батыс пен Қытаймен қарым-қатынасын дамытып, қазірдің өзінде 150 миллиард доллар инвестиция тартып үлгерген. Ал Қытай 2010 жылы бұл елдің негізгі сауда әріптесіне айналды. 2012 жылы АҚШ пен Қазақстан бірлесіп аймақтық қауіпсіздік, экономика және демократия мәселелерімен айналысатын стратегиялық әріптестік комиссиясын құрған.

Пәкістандық зерттеуші Сибтан Хан желтоқсанның 10-ы күні Пәкістанның Dispatch News Desk (DND) жаңалықтар сайтында жарияланған «Қазақстан Ресей ықпалынан шыға ала ма?» деген мақаласында «Франция президенті Франсуа Олландтың Астанаға жуырдағы сапары Қазақстан үшін ұтымды» деп жазады.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) әуежайдағы үш сағаттық қысқа кездесуден кейін Франция президенті Франсуа Олландты шығарып салып тұр. Мәскеу, 6 желтоқсан 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) әуежайдағы үш сағаттық қысқа кездесуден кейін Франция президенті Франсуа Олландты шығарып салып тұр. Мәскеу, 6 желтоқсан 2014 жыл.

Француз БАҚ-тарына сілтеме жасаған автор «Олланд Путинмен кездесу үшін қайтар жолда Ресейге Назарбаевтың кеңесімен барды» деп болжайды. Автордың жазуынша, «Назарбаев Путинге өзінің Ресей мен Еуропа арасындағы жанжалды реттегісі келетін ниетін көрсеткісі келген».

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында «Қытай немесе Ресейдің бірінің ықпалының күшеюі – айдаһар және аюмен бір торда өмір сүргенмен бірдей. Егер Қазақстан Ресей ықпалында ғана қалса, біз құримыз» деген.

XS
SM
MD
LG