Accessibility links

Сөз еркіндігі болса, көрсетіп жіберу де тыйылады


Ресейлік тарихшы Евгений Анисимов.
Ресейлік тарихшы Евгений Анисимов.

Ресейлік тарихшы Евгений Анисимов Азаттыққа берген сұхбатында адамды сыртынан көрсетіп жіберу құбылысының түп-тамыры және қазір оны қалай жеңуге болатыны жайлы ойларымен бөлісті.

Қазақстанда соңғы жылдары адамды көрсету сияқты саяси құбылыстың қайта жаңғыруы байқалды. Алматыда «ұлттық-патриоттық» сарындағы екі бірдей ұйымның «әлеуметтік желіде Мұрат Телібековтің «Ветер с улицы» кітабынан «қазақ халқын қорлайтын» үзінді таратты» деген мәлімдемесі бойынша азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты соттап жатыр. Бір-бірінің үстінен шағым жазған блогерлер Ботагөз Исаева мен Ермек Тайшыбековтің тартысы бірінің еріксіз елден кеткені жөніндегі мәлімдемесіне ұласып, екіншісінің төрт жылға сотталуымен аяқталды.

Евгений Анисимов кітабының мұқаба суреті.
Евгений Анисимов кітабының мұқаба суреті.

Коррупциялық қылмыс жайлы хабарлаған адам қомақты ақшалай сыйлық алатыны жайлы қаулы жаңа жылдан бастап күшіне енді. Бірақ құқық қорғаушылар қаулы оңай олжа іздегендердің жала жабуынан қорғамайды дейді.

Тарих ғылымдарының докторы, жоғары экономика мектебінің профессоры, Ресей ғылым академиясының Санкт-Петербургтегі тарих институты қызметкері әрі «Дыба и кнут: политический сыск и руское общество в XVIII в.» («Дыба мен қамшы: XVIII ғасырдағы саяси тіміскі мен орыс қоғамы») кітабының авторы Евгений Анисимовтың Азаттыққа айтуынша, адамды сыртынан көрсетіп жіберу «дәстүрі» 18-ғасырдың басында «Слово и дело государево» (Билеушінің сөзі мен ісі – ред.) құжаты күшіне енгеннен кейін баршаға міндетті құбылысқа айналған. Құжатта І Петр мемлекет пен оған қастық ойластырған адамдарды ғана емес, жай патшаны сөз еткендерді де көрсетуді талап еткен.

КӨРСЕТУ ЖӘНЕ АЗАПТАУ

Азаттық: - Ежелгі Римдегі делаторийлер немесе ежелгі Грециядағы сикофанттарды еске алсақ, адамды сыртынан көрсету «дәстүрінің» тамыры тереңде жатқанын байқаймыз. Бірақ Петр реформатор бола тұра, адамды көрсету тәсілінен неліктен бас тартпаған?

Евгений Анисимов: - Ресейдегі адамды сыртынан көрсету тарихы Мәскеудің рөлін күшейтуден басталады. Өйткені князь Московский өзге мемлекеттерден ауысқан князь, боярларға осы тәсілді қолдануды міндеттеген. Бұл шарт келісім-шартты мойындағанын, оның талаптарын орындайтынын білдіру белгісі ретінде крест сүю оқиғаларының «крест сүю» аталып кеткен жазбаларына енген. Қашу, опасыздық, қастандық әрекеті жайлы естіген адам мұны міндетті түрде хабарлауы және сол адамдарды көрсетуі тиіс деген талап келісім-шарттың негізгі тармақтарының бірі болған.

Көрсету «дәстүрі» - өте күрделі ұғым. Кейде маған қызғаныштан кісіні сыртынан көрсетіп жіберу адамзатпен бірге жаратылған қасиет сияқты болып көрінеді.

Көрсету «дәстүрі» - күрделі ұғым. Кейде маған қызғаныштан кісіні көрсетіп жіберу адамзатпен бірге жаратылған қасиет болып көрінеді. Әдетте бұл құбылыс саяси «дәстүрмен» байланысты. Демократия мен саяси плюрализм орныққан елдерде адамды көрсетудің мәні жоқ. Оларда әлдебір ақпарат Times сияқты басылымда жарияланады да, оны қоғам талқылайды. Ал өзге қоғамдарда бұлай емес.

Екіншіден, Ресейде адамды көрсету билікті нығайтуға қызмет етті. Үлкен кеңістікте заңдарды орындауды қадағалау қиын болғандықтан, мемлекет контрабанда, заңсыз тауар айналымы жайлы хабардар болу үшін қомақты сыйақы беруге уәде етіп, көрсетушілерді қолдап отырды. Тіпті 1711 жылы жұрттың бәрі бірден жек көріп кеткен жансыздар - ресми «өсекшілер» штаты құрылған. Өйткені олар қызметін теріс пайдаланғандарды көрсетіп қана қоймай, ол қылмыстарға өздері де қатысқан.

Ал мемлекеттік қылмыс жасады деп көрсетушілерге келсек, олардың 99 пайызы өтірік болатын. Бұл көбінесе императордың атына айтылған әлдебір бейпіл сөздерді жеткізіп, патшаны сөккен жандарды көрсету еді.

Азаттық: - Ол заманда көрсеткен адамды да, көрсетіндімен ұсталған кісіні де азаптаған. Мұның мәні неде?

Евгений Анисимов: - Дальдің сөздігінде «Көрсетушіні бірінші дүрелеу керек» деген сөз бар. Бірақ бұл онша дұрыс емес. Көрсетуші мен ұсталған адамды құпия кеңсеге әкелген кезде әуелі көрсетушінің сөздері мен куәлер жауабы жазылатын. Куәгерлер не естігенін сөзбе-сөз растауы тиіс болған. Бірақ олардың жауаптарында қайшылық болып, көрсетіндімен ұсталған адам қылмыс жасамадым десе, оны тергеуге алып, біртіндеп азаптауға кірісетін. Ал азаптау кезінде ол көрсеткен адамның айтқанын растауы немесе терістеуі тиіс. Егер азаптауға шыдап, айыбын үш мәрте терістесе, адамға жала жапты деген оймен көрсетушіні тергеуге алатын. Қылмыс үстінде нақты не айтылғанын анықтау үшін кейде тіпті екеуін қатар азаптайтын жағдайлар болған. Егер ештеңе анықталмаса, куәлерді азаптауға кірісетін.

НКВД бастығы Николай Ежов (сол жақта) пен Иосиф Сталин.
НКВД бастығы Николай Ежов (сол жақта) пен Иосиф Сталин.

Саяси тіміскі барлық заманда арсыз сипаттағы әрі прагматик жүйе болды. Оның міндеті - сөз немесе әрекет түріндегі қылмысты «анықтау». Сондықтан, азаптау міндетті тәсіл болды, өйткені азаптау жанына батқан адам ештеңені жасырып қала алмайды деп саналған. Ежов дәл осы идеяны ұстанған. Азаптау шараларын Сталин де құптаған.

ЗАМАНА ЖАЛҒАСТЫҒЫ

Азаттық: - Ал 20-ғасырдың 30-жылдарындағы репрессия мен «домалақ» арыздар 18-ғасырдағы көрсету «дәстүрінің» тікелей жалғасы ма?

Евгений Анисимов: - 1734 жылы «Кремльді жарып жіберемін» деп айқайлаған мас адамды біреулер көрсеткен. 1934 жылы сондай бір адам Кремльді жарып жіберетінін айтып айқайлаған (бұл туралы Борис Пастернактың құрбысы Ольга Ивинскаяның мемуарында бар). Оны да көрсеткен. 1740-жылдары ғибадатхананың әжетханасынан табылған қағазға қатысты іс тексерілген. Біреу пайдаланып тастаған әлгі қағазда императордың титулы жазылғандықтан, тергеу басталған.

20-ғасырдың 30-жылдары сіз «Правда» газетін әжетханада пайдалансаңыз не болар еді? Екі заманның ұқсастығы бар. Қазір біз репрессиядан неге қорқамыз? Өйткені бұл - паранойя, бір ауыз сөз қылмыс саналатын заман оқтын-оқтын қайталанып тұрады. Сондықтан сөз еркіндігі - маңызды еркіндік, өйткені сөз еркіндігі болса, айтылған сөз қылмыс саналмайды.

Азаттық: - Ресей мен Қазақстандағы қазіргі көрсетулер әлгі дәстүрдің жалғасы деп ойлайсыз ба?

Евгений Анисимов: - Мемлекет пен биліктің көзқарасы тұрғысынан алғанда, адамды көрсету – ақпарат. Көрсетушілердің көбі есуастар екеніне дау жоқ. Ал парасатты адамдарды мұндай іске ар-ұяты жібермейді. Бірақ мұның да өз қиындығы бар. Мысалы, АҚШ-та әлдебір заң бұзушылыққа қатысты көрсетуді құптап, ынталандырады. Телефон будкасында «мына аппаратты кім сындырғанын білсеңіз, мына мекенжай мен телефон нөміріне хабарласыңыз» деп жазып қояды. Бірақ ол жақта кісіні көрсетуге қатысты этикалық және заңдық тұрғыда проблема бар, сот сөзіңнің растығын дәлелдегенше сен жексұрын адамсың. Жөні түзу адамдар мұндай жағдайлардан мүлде аулақ жүруге тырысады.

Жалпы, қоғам көрсетуге қарсы. Бірақ адам жаратылысын да түсіну керек. Шешенстанда адамдарды жұрттың көзінше ата бастағанда [1994-1996 жылдардағы соғыс кезінде] «Мұны көруге дәтіңіз жетер ме еді?» деген сауалнама жүргізілген. Сөйтсе, жұрттың 20 пайызы әлгі қырғынды көруге әзір болған. Кісі көрсету де сол сияқты, біреуді көрсетіп жіберуге қабілетті адамдар әрине бар.

Блогер Ермек Тайшыбеков Жамбыл облысы Қордай аудандық соты залында үкімді тыңдап тұр. Қордай, 11 желтоқсан 2015 жыл.
Блогер Ермек Тайшыбеков Жамбыл облысы Қордай аудандық соты залында үкімді тыңдап тұр. Қордай, 11 желтоқсан 2015 жыл.

Азаттық: - Қазақстанда белсенді әйелдің шағымы негізінде «орыс әлемінің» жақтасы Ермек Тайшыбековтің ісі қаралды. Ал Тайшыбеков әлгі әйелдің өзінің үстінен арыз берді. Ақыры оны қудалауға түрткі болған әйел елден кетуге мәжбүр болды, ал Тайшыбеков төрт жылға сотталды. Тарихта көрсеткен адамға қарсы арыз жазған жағдайлар болған ба?

Евгений Анисимов: - Ондайлар қисапсыз көп! Бейпіл сөйлеген сөздері әшкереленген адам көрсетушілер үстінен арызданған. Ол арызды тексермей мемлекет адамды өлім жазасына кеспейтін болған. Сондықтан, ондай жандар өлім жазасынан осылай құтылуға тырысатын. Негізі, көрсетіндімен ұсталған адамдар да домалақ арыздарды көп жазған. Түрмеге түскен адам өтірікті бірден құрастыра бастайтын.

Мемлекет мұндай сипаттағы көрсетулерге әрқилы қараған. Кейде сеніп, жаңа іс бастаған, ондай кезде әлгі адам түрмеде жылдап отырған. Бірақ көбінесе мұндай арыздарды елеместен, лақтыра салатын. Қарсы арыз жазу өлімнен аман қалудың амалы ретінде көп қолданылатын тәсіл еді. Айтпақшы, қазіргі айыбын мойындамаған адамның камерасына басқа сотталушыны отырғызып, соның көрсетуін пайдалану жүйесі осыған негізделіп құрылған. Қылмыскер камераласын көрсету арқылы әлдебір жеңілдіктер алады.

СӨЗ ЕРКІНДІГІ МЕН СОТ ТӘУЕЛСІЗДІГІ

Азаттық: - Көрсету мен нақты қылмыс туралы хабарлаудың этикалық ара-жігін қалай айыруға болады?

Евгений Анисимов: - Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. 18-ғасырда көрсетуші адам сөзі сенімді болуы үшін тергеушілерге «үш ай бойы айтпай шыдап, ақыры төзімім таусылған соң келдім» деп мәлімдеген. Қылмыс жайлы хабарлаған кезде сен жаманатқа қалып, жексұрын боласың немесе сені «тоқылдақ», яғна сөз тасушы көреді. Әлдебір қылмыс болғалы жатқанын білсең, кез келген демократиялық елдегі сияқты билік органдарына барып арыз беру керек, әрине. Бірақ жеткізген хабарыңды сот растағанша, жұртқа жеккөрінішті боласың. Ал органдардың өздері қылмысқа белшесінен батқанын ескерсек, мұндай қадамға бармас бұрын ойланып алған жөн.

Азаттық: - Көрсету «вирусын» емдейтін дәрі бар ма?

Евгений Анисимов: - Қоғам бұл кеселден құтылудың талай тамаша амалын ойлап тапқан. Біріншіден, сөз және баспасөз еркіндігі. Баспасөз тәуелсіз болуы тиіс. Бұған қоса, сот та міндетті түрде тәуелсіз болуы тиіс. Тек осы жағдайда ғана біреуге жала жапқан немесе өтірік сөз тасыған адам үлкен айыппұл төлейді мен масқара жазаға тартылады. Егер мұндай механизмдер жоқ болса, тұншыққан қоғамның белгісі – адамды көрсету құбылысы міндетті түрде пайда болады.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG