Accessibility links

«Батыстың Ресейге санкциясы Қазақстанға да әсер етеді»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин сөйлесіп отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин сөйлесіп отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2014 жыл.

Азаттыққа сұхбат берген қазақстандық сарапшы Украинадағы оқиғалар барысының Кеден Одағындағы елдерге қалай әсер етуі мүмкін екенін жорамалдайды.

Наурыздың 5-і күні Мәскеуде Ресей, Қазақстан және Беларусь басшылары Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес отырысын өткізді. Отырыс барысында үш ел президенті 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енетін Еуразия экономикалық одағына дайындық барысын талқылап, Украинадағы жағдайды да сөз етті.

Жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ел ішінде түсінбестік тудырған қосымша сұрақтарды ысырып қойып, әуелі экономикалық одақ құру керек» деген еді. Саясаттанушы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту жөніндегі қордың бас директоры Толғанай Үмбетәлиева «Назарбаев Еуразиялық одақтың экономикалық жағына баса назар аудартып, Ресеймен одақтас болуға қарсы қазақстандықтардың наразылығын бәсеңдетуді мақсат етеді» дейді.

Азаттық: - Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев «ел ішінде түсінбестік тудырған қосымша сұрақтарды ысырып қойып, әуелі экономикалық одақ құру керек» деп мәлімдеді. Сіздіңше, президенттің бұл мәлімдемесі нені білдіреді?

Толғанай Үмбеталиева: - Менің ойымша, президент бұл жерде Еуразия Одағының саяси тұсына қатысты мәселелерді меңзеп айтып отыр. Путин сайлауалды бағдарламасында одақтың ең бірінші кезекте саяси одақ екенін анық айтқан болатын. Аймақтық көшбасшы болуға ұмтылып отырған Ресей бұрынғы пост-советтік кеңістіктегі мемлекеттерден еуропалық одаққа ұқсас құрылым жасағысы келеді. Ал біздің президент парламентпен, халықпен де ақылдаспай, өздігінен шешім қабылдап, Путин президент бола салысымен бірден осы еуразиялық идеяны қолдай кетті. Бұл ел ішінде белгілі бір деңгейде түсінбестік тудырды. Президент айтқан «қосымша сұрақтар» дәл осы мәселенің саяси бөлігіне қатысты деп ойлаймын. Себебі ел ішінде тек саяси күштер ғана емес, көптеген қарапайым азаматтар саяси одаққа қосылуды қаламайды.

Азаттық: – Толғанай ханым, Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес отырысының Украинадағы саяси дағдарыспен қабаттас өтуінде не мән бар?

Толғанай Үмбеталиева: – Бұл кездесу Украинадағы жағдайға дейін жоспарланған. Әрине, отырыс форматы мен онда қаралатын мәселелер реті сәл өзгергені түсінікті. Соның ішінде Украинадағы жағдай да бар. Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі тиіс кандидаттардың бірі Украина болатын. Украинасыз одақ құламаса да, ыдырау процесін күшейте түседі.

Саясаттанушы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту жөніндегі қордың бас директоры Толғанай Үмбетәлиева.
Саясаттанушы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту жөніндегі қордың бас директоры Толғанай Үмбетәлиева.
Ресей өз әрекетіне қатысты халықаралық реакцияны ескере отырып, осы мәселелерді көршілес әріптестерімен талқыламақ болды. Отырыстың өзегі «Қазақстан мен Беларусьтің позициясы қандай? Назарбаев пен Лукашенко не ойлайды? Олар Ресейді қаншалықты қолдайды? Ресейге кезекті соққы көрші әріптестерінен болмай ма? Бұл республикалардағы жағдай қазіргі биліктің бақылауынан шығып кетпей ме, жетекшілері жағдайды қаншалықты бақылап отыр?» деген сауалдар болған сияқты.

Оның үстіне ресейлік кейбір саясаткерлердің арандату бағытындағы мәлімдемелерінен соң Қазақстанда Ресей жайлы теріс көзқарас күшейгені рас. Сондықтан мен бұл отырысты «тамыр басу» деп атар едім.

Азаттық: – Сіздіңше, Украинадағы жағдай Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы жоспарына қалай әсер етеді?

Толғанай Үмбеталиева: – Әзірге әсері аса қатты білінеді деп айта алмаймын. Себебі алда Украинадағы президент сайлауы бар. Сайлау қалай өтеді, кім билікте қалады – әзірге түпкілікті нәтиже белгісіз. Жағдай күн сайын өзгеріп жатыр. Әрине, кеңестің жұмысы бұрынғыға қарағанда баяулайды. Украинадағы жағдайдың әсері сайлаудан кейін сезіледі.

Азаттық: – Батыс Ресейге санкция салса, ол Кеден Одағы елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қалай әсер етеді?

Толғанай Үмбеталиева: – Экономикалық тұрғыда да, саяси тұрғыда да әсері болады. Украинадағы жағдай Кеден Одағындағы Қазақстанның экономикасына кері әсер еткенін көріп отырмыз. Теңгенің құнсыздануын сарапшылар рубльдің құлауынан көрген. Сондықтан барлық санкциялар Ресей экономикасына, соған сай Қазақстанға да кері әсер етеді. Егер санкция жарияланса, экономикалық жағдай одан әрі нашарлайды.

Ал саяси салдарына келсек, санкция әуелі Қазақстандағы билік оппоненттерінің позициясының күшеюіне ықпал етеді. Ел экономикасының өсуі қазіргі биліктің сүйеніші еді. Билік соның арқасында позициясын нығайтатын. Экономикалық өсімнің арқасында материалдық жағдайы жақсарған халық билікті қолдаған. Бірақ 2008 жылғы экономикалық дағдарыстан соң әлеуметтік сезімталдық артқанын байқадық, соңғы девальвациядан кейін халық наразылығының күшейгенін де көрдік. Сондықтан бұл санкция елдегі наразы көңіл-күйді күшейтеді, президент пен қазіргі элитаны қолдау азаяды.

Бірақ, менің ойымша, Батыс пен Ресей келісімге келеді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG