Accessibility links

Қазақстан Ресейден жалға берген жерін сұрамақ


Совет Одағы кезінде ядролық қару сынаған Семей полигонының орны. (Көрнекі сурет)
Совет Одағы кезінде ядролық қару сынаған Семей полигонының орны. (Көрнекі сурет)

Қазақстан Ресейден полигон ретінде пайдалануға жалға берген жерлердің толық көлемде пайдаланылмайтын бөлігін қайтаруды сұрады.

Қаңтардың 30-ы күні Астанада аймақтық даму министрі Болат Жәмішев Қазақстан Ресейге полигондар аумақтарындағы жалға алған жерлердің толық көлемде пайдаланылмайтын бөлігін қысқартуды ұсынғаны туралы хабарлады.

Жәмішевтің айтуынша, 22 қаңтардан бастап екі елдің өкілдері Ресейдің Қазақстаннан жалға алған полигон жерлерін азайтуға қатысты келісім жасасқан.

"Министрлік Байқоңыр кешенінің әскери полигондарын ары қарай қолдану мәселелерін реттейтін халықаралық келісім жобасын жасайды" деді министр.

2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің төгілуі Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған еді. Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған.

Аймақтық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Ресей кезінде Қазақстаннан полигон қажетіне деп жалға алған ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді толық көлемде пайдаланып отырған жоқ.

Өскенбаевтің сөзіне қарағанда, Қазақстан Ресейден толық пайдаланбайтын жерлерді қайтаруды сұрап, оны жергілікті атқарушы органдардың құзырына беруді ұсынған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін жабылғанына 22 жыл болған Семей полигонының аумағында радиация жоқ екенін, оны қолдануға жарайтынын айтқан еді. Бірақ кейбір ғалымдар полигон аумағының кейбір бөлігі әлі де қауіпті екенін ескерткен.
XS
SM
MD
LG