Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің қыркүйектің 30-ы күні Атырауда өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысатыны, содан кейін Ақтауға да сапар шегетіні белгілі болғалы аймақтан маза кетті. Атырауда түрлі дайындық шаралары қолға алынса, Ақтауда қауіпсіздік мәселесі талқыланды.
АТЫРАУДАҒЫ ҮЛКЕН ДАЙЫНДЫҚТАР
Жаз бойы жалғасып, әлі бітпеген дайындық жұмыстары қала халқы үшін қолайсыздық тудырса да, бұл науқаннан пайда көргендер де бар.
- Алдымен әуежайдан қалаға кіреберісте гүлден өрілген, құны 20 миллион теңгелік алып сағат қойылды. Содан соң жаз бойы қала жолдары, әсіресе әуежайдан қалаға дейінгі, мәртебелі қонақтар жүретін жолдардың бәрі жөнделді. Әсіресе, жол апаты жиі болатын қаладағы кейбір көше қиылыстарына күні кеше қойылған бағдаршамдарды көріп атыраулықтар өздерінше қуанып жүр. Арасында «Путин жиі келіп тұрсын» деген тілекті айтқандар да бар, - дейді атыраулық тәуелсіз журналист Лев Гузиков.
- Ел назарын аударған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің қылмыстық ісінің жарыссөзі алдында 1 қазанға дейін, екі аптаға үзіліс жариялануына да осы президенттердің сапары себеп болды деген жорамалдар бар. Оған мен сенемін. Себебі аты шулы бұрынғы шенеуніктердің сот процесі үнемі айқай шусыз өтпейтін еді , - дейді Гузиков.Журналистің сөзінше, жергілікті шенеуніктер журналистерге екі президент қатысатын шара кезінде «аймақтағы әлеуметтік наразылықтар туралы тырс еткен хабар шықпауы тиістігі» жөнінде тапсырма берген.
«ӘР ҚАДАМЫМЫЗДЫ ЛУПАМЕН ҚАРАП ОТЫР»
Атыраумен салыстырғанда Ақтауда президенттер сапарына қатысты қатты шабыс байқалмайды. Тек қыркүйектің 23-і күні БАҚ өкілдерін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева әкімдікке жинады.
Бұл жиынның «достық рәуіште екенін» айтқан ол тек бір өтініш бар екенін ескертті:
- Сапарға дейін сапар туралы ештеме жазбасаңыздар және өз сайттарыңыздағы комментарийлерді мұқият модерациялап отырсаңыздар, бұл тек қауіпсіздік тұрғысынан айтылып отырған өтініш, - деді ол.
Бану Нұрғазиваның айтуынша, Маңғыстауға деген «теңіздің арғы бетіндегі достардың» (Ресей – ред.) көзқарасы ерекше.
- Біздің әр қадамымыз лупамен қаралып отыр. Тыныш та жайлы өмір сүріп жатырмыз, соны бағалай білейік, - деді ол.
Бану Нұрғазиева аккредитацияға қатысты журналистерге ешқандай тосқауыл жоқ екенін айтты.
Қыркүйектің 30-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин Атырауда өтетін екі елдің XI өңіраралық ынтымақтастық форумының аясындағы «Көмірсутек саласындағы инновациялар» туралы жиынға қатысады деп хабарланды. Жоспарға сәйкес президенттер Ақтауға да барады. Бірақ ол сапардың нақты уақыты әлі белгісіз.
Жыл сайын шекаралас облыстарда өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форумға екі президенттің қатысуы дәстүрге айналған. Бұл Владимир Путиннің осы айда ресейлік студенттермен кездесуі кезінде «Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін мемлекет болмаған» деген сөзінен соң екі ел басшысының алғашқы кездесуі болмақ. Бірқатар қазақстандықтардың наразылығына ұшырап, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған Путиннің бұл мәлімдемесіне қатысты Назарбаев пікір айтқан жоқ.