Екінші дүниежүзілік соғыста орыс халқының жеңіске жеткені туралы Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің теледидардан тікелей эфирде айтқан сөзінен кейін бұл мәлімдемеге Қазақстан сыртқы істер министрлігінен ресми жауап болатын шығар деп күні бойы күттім. Путин: «Екінші дүниежүзілік соғыс статистикасына жүгінсек, соғыста 70 пайыздан астам зардап шеккен РСФСР болған. Бұл деген сөз, ешкімнің көңіліне келмесін, жеңіс Ресей Федерациясының индустриалдық ресурстары арқасында келгенін көрсетеді. Бұл - тарихи шындық, бұның барлығы құжаттарда бар» деді.
Қанеки, цифрларды саралап көрейік. «Императорлық Ресей» («Императорская Россия») энциклопедиялық басылымындағы деректер бойынша, сол кездегі Ресей құрамында бес миллионға жуық қазақ болған, ал басқа бір деректерде қазақтардың саны бұдан 1-2 миллионға көп болғаны айтылады. Тағы бір деректерде 1916 жылғы көтерілістен этникалық қазақтардың 30 пайызға жуығы қаза болған деп жазылған.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында бірге істеген бұрынғы әріптесім Мақаш Тәтімов өткен ғасырдың 30-шы жылдары ашаршылық зұлматынан қазақ халқының саны 56 пайызға азайғанын (аштан қырылған, басқа жаққа босып кеткен) атап көрсетеді. Мақаш Тәтімовтің деректерінде 1941 жылғы қаңтардың 1-іне қазақтардың саны 2,1 миллион адам болғаны айтылады. Соғыс кезіндегі шайқастарда 460 мыңға жуық қазақ қаза тапқан (соңғы аталған цифр маған көптеу болып көрінген еді, алайда демографтар маған тұрғындар жаппай қырылған кезде, әсіресе, жаңа туған сәбилер мен кішкентай балалардың, сонымен бірге қариялардың өлімі көп болғанын айтып, көзімді жеткізді).
Соғыс басталған тұста қатары сиреп, бұрынғыдан әлдеқайда азайып қалғаны үшін қазақтар кінәлі ме?
Менің немере ағам – панфиловшы, саяси жетекші Рашит Жанғожин – 1942 жылы ақпанның 18-і күні қазіргі Новгород облысындағы Сутоки деревнясының маңында қаза тапты. Оның отқа күйген партиялық билеті Қазақстан тарихы музейінде сақтаулы тұр. Әкем – артиллерия капитаны, минометшілер дивизионының командирі Наиль Жанғожин Кіші жерде жауға қарсы шайқасты. Сол жерде оған Әскери Қызыл Ту ордені тапсырылды, ал бұндай награда майданда ерлік көрсеткен офицерлерге берілетін. Дұшпан мергенінің оғынан қатты жараланған соң оны Үлкен жерге алып шықты.
Былтыр мен соғыста қаза тапқан немере ағам жатқан бауырластар зиратында болдым. Оның есімі зират басындағы тақтайшаның ең жоғары тұсына жазылыпты, ал төменгі жағында оның басқаруымен сол шайқаста жауға қарсы күресіп, қаза тапқандардың есімдері бар. Зират басында тұрып мен ойға шомдым: бұл кімнің соғысы болды? Менің немере ағам мен әкем қай елді қорғау үшін ерлікпен от кешіп, қан майданға түсті? Кімнен қорғады?
Олардың әкесі – Шаймерден Жанғожа – Петербург университетін бітірген, әйгілі Омбы гимназиясында оқу ісінің меңгерушісі болған, зиялы болғаны үшін жазаға ұшыраған.
Мен тек жалғыз өз отбасым туралы жазып отырмын. Сол бір сұрапыл соғыста өз әкелері мен аталарының ерлік істері туралы осы айтылғаннан еш кем түспейтін дәлелдер келтіре алатын қазақтардың өте көп екендігіне сенімім кәміл. Марқұм Әнуар Әлімжановтың айтқан әңгімесі де есімде: ол туып-өскен Қарлығаш ауылынан майданға аттанғандардан тек жалғыз өзі ғана тірі оралғаны туралы айтқан еді. Көрші ауылдан соғысқа кеткендерден ешкім қайтпай қалғанын көріп, өз ауылынан майданға аттанған барлық азаматтардан жалғыз кісі оралса да, өз жерлестерінің тірі қайтқанына қуанған мұндай ауылдар қазақ жерінде қаншама...
Ресейде фашистік ұрандар айтқан жас басбұзарлар сойқан шығарып жатқан тұста, ел жетекшісінің «тарихи деректер мен құжаттарға» сілтей отырып, біздің – қазақ, өзбек, грузин, татар, бурят, якут, әзірбайжан, армян, шешен, балқар, черкес, қалмақ және өзге ұлттық азшылықтардың ол соғысқа қатысымыз болмағаны туралы айтқаны өте өзекті мәселе болып отыр. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз кімнің елін қорғаған еді?
Бұл сұраққа менің жауабым біреу: олардың барлығы «жаным – арымның садақасы» дегенді ұран етіп, өз ұлты мен ата-бабасының атына кір келтірмей жауға қарсы күрескендер болатын.
Владимир Путинмен сөз таластырып жатуға ынтызар емеспін. Бірақ оның мәлімдемесіне Қазақстан сыртқы істер министрлігі өз қатаң бағасын беруге міндетті деп білемін.