Accessibility links

Ресейлік паштетке тыйымның саяси астары бар ма?


Алматыдағы дүкендердің бірі. (Көрнекі сурет).
Алматыдағы дүкендердің бірі. (Көрнекі сурет).

2014 жылы мамырда Еуразия экономикалық одағына кіруді жоспарлаған Қазақстан биыл сырттан келетін он шақты тауардың, олардың ішінде Кеден Одағы елдерінің бірнеше өнімінің сатылуына шектеу қойды.

Қазақстанның тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі ресейлік «Орелпродукт» компаниясы өндіретін сиыр етінен жасалған паштетті ел аумағында сатуға тыйым салғанын хабарлады.

Азаттық тілшісіне сұхбат берген Қазақстан тұтынушылар құқығын қорғау агенттігіне қарасты техникалық регламенттер талабын сақтауды бақылау басқармасының жетекшісі Әйгерім Садыбаева паштеттің құрамы туралы мәлімет қате берілген деп түсіндірді. «Лабораториялық зерттеу кезінде сиыр етінен жасалған паштеттің құрамынан шошқа ДНК-сы табылып, яғни өнім туралы жалған мәлімет берілгендіктен ол паштетті мамырдың 11-інен бастап Қазақстанда сатуға тыйым салынған» деді ол.

Әйгерім Садыбаеваның сөзінше, қалбырында «Сиыр еті» деп жазылған бұл өнімнің Қазақстанда қашаннан бері сатылып жатқаны белгісіз.

Азаттық тілшісі бұл өнім туралы мәлімет сұрап, ресейлік «Орелпродукт» компаниясына хабарласқанымен жауап ала алмады.

«ТАЛАПҚА САЙ ҚЫЛСА, ШЕКТЕУДІ АЛЫП ТАСТАЙМЫЗ»

Қазақстан Кеден Одағындағы әріптестері Ресей мен Беларусьтен келетін азық-түлік өнімдерін сатуға бұдан бұрын да бірнеше рет тыйым салған еді. Мысалы, Қазақстан биыл сәуір айының басында бұл екі елден келетін тауық етін сатуды тоқтатқан.

Мұндай тыйымдардан соң бірқатар жергілікті БАҚ-та «Қазақстан Кеден Одағындағы басқа елдердің тауарларына шектеу қою арқылы саяси сипаты бар шараларды жүзеге асыруға кірісті» деген жорамалдар да айтылған.

Бірақ тұтынушылар құқығын қорғау агенттігіне қарасты техникалық регламенттер талабын сақтауды бақылау басқармасының жетекшісі Әйгерім Садыбаеваның сөзінше, «талапқа сай келмейтін тауарға шектеудің ешбір саяси астары жоқ».

«Мәселен, Ресей мен Беларусьтен әкелінетін құс етін зерттегенде құрамында сальмонеллез бар екені, мемлекеттік тілде маркировкасы жазылмағаны және
Астанадағы азық-түлік базарларының бірі. (Көрнекі сурет)
Астанадағы азық-түлік базарларының бірі. (Көрнекі сурет)
тағы да басқа да талаптарға сай келмейтіні анықталды. Қазір бұл өнімдер Қазақстанға келіп жатқан жоқ. Егер «Роспотребнадзор» тексеріп, тауарды талапқа сай жасатса, онда шектеуді қайта алып тастаймыз» дейді Әйгерім Садыбаева.

Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі (БЭК) елдер арасындағы санитарлық шаралар туралы келісім бойынша Кеден Одағының кез-келген мүшесі Қазақстан сияқты өзі жарамсыз деп таныған импорт тауарды сатуға шектеу қоя алады. Бірақ биыл Кеден Одағындағы басқа әріптес елдер тарапынан қазақстандық тауарларға шектеу қойылмаған.

Қазақстан «мәліметтері толық емес және мемлекеттік тілде ақпарат берілмеген немесе мүлде жазылмаған» деген уәжбен Италия, Франция, Шотландияның алкогольді ішімдіктеріне (биылғы 1 маусымнан бастап), «құрамынан адам денсаулығына зиянды тренболон ацетат табылды» деген себеппен Австралиядан әкелінетін сиыр етіне, «құрамындағы ақуыз, май мен ылғалдылығы дұрыс емес» деген шешіммен Украинадан әкелінетін ірімшіктің бірнеше түріне де тыйым салған.

Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі дерегінше, бұлардың барлығы Кеден Одағы елдерінің тауарға қойылатын бірыңғай техникалық талаптарына сай келмейді деп танылған.

2011 жылғы шілдеде Кеден Одағын құрған Қазақстан, Беларусь және Ресей 2012 жылғы қаңтардан бастап ортақ нарыққа – БЭК-ке біріккен еді. БЭК құру кезінде қол қойылған шарттардың бірі – Кеден Одағы елдерінің бірыңғай техникалық реттеу ережелері мен қағидаларын бекіту болған.

Бұл үш ел биыл мамыр айының 29-ында интеграцияның БЭК-тен кейінгі сатысын – Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қоюы тиіс. Бұл келісімге қол қойылған соң құрылмақ Еуразия экономикалық одағы 2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап аталған үш елді біртұтас экономикалық бірлікке айналдырмақ.
XS
SM
MD
LG