Accessibility links

Астаналық «бас террористің» портреті


"Терроризм" айыбымен 10 жылға сотталған Серік Қошалақов.
"Терроризм" айыбымен 10 жылға сотталған Серік Қошалақов.

Астананың 10 жылға сотталған тұрғыны Серік Қошалақов үкімге қатысты шағым түсірді. Ол Қазақстан астанасында теракт жасауды жоспарлаған топ құрды деп айыпталды. Әйелі «күйеуім қастық құрбаны болды» дейді.

Астананың 37 жастағы тұрғыны Серік Қошалақовқа лаңкестік әрекеттер («біреуін жанкешті жас келіншектің көмегімен жасамақ болған») жоспарлаған алты адамнан топ құрып, басқарған деген айып тағылды.

Топ мүшелері бейбітшілік және келісім сарайында, опера және балет театрының жаңа ғимаратында жарылыс жасауды дайындаған-мыс. Қазақстанда осындай айыппен ұзақ мерзімге сотталған жігіттердің көбі «тергеу-сот амалдары кезінде бұрмалаушылық болды» деп шағымданады.

ҚОШАЛАҚОВТАР ОТБАСЫ

Серік пен Мәдина Қошалақовтар төрт жыл бұрын ислам қағидалары бойынша өмір сүре бастаған. Күйеуі мешітке барып, намаз оқыған, ал Мәдина кейінірек хиджаб киген. Жас келіншек «Қазақстандағы басқа отбасылардан еш айырмасы жоқ қарапайым мұсылманбыз, радикалды исламға ешқандай қатысымыз жоқ» дейді.

Серік Қошалақовтың әйелі Мәдина Қошалақова. 14 тамыз 2013 жыл.
Серік Қошалақовтың әйелі Мәдина Қошалақова. 14 тамыз 2013 жыл.
Серік Қошалақов Астанаға келмес бұрын туған жері Қостанай облысында тұрған. Орта арнаулы және жоғары экономикалық білімі бар. 2007 жылы үйленген. Қошалақовтардың екі баласы – төрт жасар ұлы мен алты айлық қызы бар.

Іштен жүрек ақауымен туған ұлы үнемі ауырады. Бір жыл бұрын баланың жүрегіне операция жасалып, дәрігерлер «баланың денсаулығына теңіз пайдалы» деп, оны теңіз жағасына апаруға кеңес берген. Қошалақовтар бала-шағасымен бірге кәдімгі туристік жолдамамен Түркияға барып демалған. Мәдина «арнайы қызмет өкілдері күйеуімнен курортта да ислам содырларымен байланыс орнатқан болуы мүмкін деген ілік табуға тырысты» дейді.

ДОНЕР САТУ

Серік Қошалақов бұл іс бойынша 10 жылға сотталған Әли Шәріповпен мешітте танысады. Екеуінің ортақ бизнес бастап, әуелі полиэтилен пакет шығаратын цех, кейін фастфуд тағамдарын әзірлейтін донер дүңгіршегін ашқан.

Бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Әли Шәріповтің білімі жоқ, тұрақты жұмысы да, баспанасы да болмаған. Мәдина «ол өміріне өкпелі екенін үнемі айтып отыратын» дейді.

Ал Серік Қошалақовтың жайлы отбасы, білімі мен бизнесі, жеке меншік көлігі, бірнеше пәтері болған.

Екеуінің алғашқы бірлескен жобасы – полиэтилен пакетін шығаратын цех ойдағыдай жұмыс істемеген. Кейін Әли Шәріпов жұрт көп жүретін мешіттің жанынан донер әзірлейтін орын ашуды ұсынады. Шәріпов аспаздың міндетін атқарып, Қошалақов кәсіпке ақша қосып, өзі басқа шаруалармен айналысқан.

Кейін тергеушілер бұл кафені «діншілдерді теракт дайындауға қатысуға үгіттеу үшін арнайы ашылған орын» деп тапты.

Сот Серік Қошалақов пен оның қасындағы бес адамға үкім оқып тұр. Астана, 14 тамыз 2013 жыл.
Сот Серік Қошалақов пен оның қасындағы бес адамға үкім оқып тұр. Астана, 14 тамыз 2013 жыл.
Бірақ серіктестердің донер сату кәсібі де ойдағыдай жүре қоймады. Донер әзірлеуден жалыққан Әли Шәріпов 2012 жылдың желтоқсанында Серік Қошалақовты «бизнесті сат» деп үгіттей бастаған.

– Екеуі оңай алып кетеміз деп бастаған бизнесті жүргізу қиын болып шықты. Шәріпов «Демеуші болсаң болды, кейін ақшасын санап алып, салық есебін тапсырып қана отырасың. Қалғанын өзіміз істейміз» деп уәде берген. Бірақ бәрі басқаша болып шықты. Жұмысшы жетіспей, бәрін Серіктің өзі істеуіне тура келді. Күйеуімнің Әли Шәріповтен «Жұмысқа неге шықпадың?» деп телефонмен сұраған сәті түскен видео бар. Жұмыс беруші ретінде соққан қоңырауын теріс түсінген тергеушілер «жарлық беруші әмір» деп шығарып алды. Серік ешқашан қылмыстық топты құрған да, басқарған да емес. Иелігінде тәркілейтін мүлкі болғандықтан ғана оны топ басшысы етіп шығара салды. Басқаларында түк жоқ қой, – дейді Мәдина.

СОТ ЗАЛЫНДА

Бұл істі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Қошалақовтың әйелінің айтуынша, тергеу кезіндегі бұрмалаушылықтар сотта анық көрінген. Сот залынан берілген ресми ақпаратта тергеу амалдары толық жүргізіліп, сотталғандардың кінәсі толық дәлелденді деп хабарланды.

Сотта 16 жастағы жас келіншек Азалия Нұрғалиева да түсінік берді. Тергеу болжамы бойынша, күйеуі Әли Шәріпов оны жанкешті ретінде дайындаған. Екеуі интернет арқылы танысып, кейін бірге тұруды ұйғарған. Әли Шәріпов болашақ әйелін Орал қаласынан әкелген.

Азалия Нұрғалиева сот залында сөйлеп тұр. Серік Қошалақовтың туысы түсірген фото.
Азалия Нұрғалиева сот залында сөйлеп тұр. Серік Қошалақовтың туысы түсірген фото.
Азалия Нұрғалиева сотта «күйеуім мен Серік Қошалақов исламның қарулы жиһад идеяларын насихаттайтын «салафизм» деген радикалды ағымын ұстанады» деп түсінік берді.

Тергеу болжамы бойынша Астанадағы жаңа опера және балет театрының ашылу салтанатында «өзін өзі жарып жіберуі тиіс болған» келіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ, «террористік топтың» құрамына енгізілмей, бұл іс бойынша негізгі куәгер ретінде сұралды.

Айыптау қорытындысына сәйкес, сотталушылар 2012 жылдың 31 желтоқсанынан 2013 жылдың 1 қаңтарына қараған түні «Столичный базар» сауда үйінен 28,4 миллион теңгенің зергерлік бұйымдарын ұрлауды да жоспарлаған.

Шәріпов пен Қошалақов жалдаған қоймадан жарылғыш заттар әзірлеуге қажет аммиак селитрасы, аллюминий ұнтағы, қант және сутегі тотығы табылған. Мәдина Қошалақова «оларды қастықпен әкеліп тастаған, ал оларды сатып алдым деген куәгердің сөздері сенімсіз» дейді. Әлгі ер адам бұрын донер-кафеде аспаздың көмекшісі болып істеген. Мәдинаның пайымдауынша, оған қысым көрсетілген.

СИЗО МЕН ҮЙ АРАСЫНДА

Қазір Мәдинаның өмірі тергеу изоляторында отырған күйеуі мен үйдегі кішкентай екі баласына жүгірумен өтіп жатыр. «Күйеуім балаларын өте жақсы көретін, жұмыстан келгенде олармен ойнайтын. Ұлым әкесін қатты сағынып жүр» дейді ол. Кейбір туыстары мен достары қазір Мәдинамен араласпайды.

Сотталған алты адамның туыстары сот залынан шығып барады. Астана, 14 тамыз 2013 жыл.
Сотталған алты адамның туыстары сот залынан шығып барады. Астана, 14 тамыз 2013 жыл.
– Бізге көмектесе бастаса, бастары бәлеге қалатынын біледі. Араласады екенсің – бірдеңе біледі деген сөз. Кезінде Шәріповтің сөздеріне мән бермей, қателік жібергенін Серік түсінеді, – дейді мұсылман киімін киген Мәдина Қошалақова.

Сотталған алты жігіт тамыздың 14-і күні сот залынан бастарын тік ұстап шықты. Журналистердің «Сот үкімімен келісесіздер ме?» деген сұрағына олар «Аллаһу әкбар» деп айқайлады. Арасында Серік Қошалақов та бар кейбірі ғана жүздерін жасыруға тырысты.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG