Accessibility links

Базаркүл апайдың қоңыр сиыры һәм полициядағы азаптау


Шаңырақ ауылының тұрғыны Базаркүл Төлегенова. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.
Шаңырақ ауылының тұрғыны Базаркүл Төлегенова. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.

Шаңырақ ауылының қос тұрғыны Алатау аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері азаптау арқылы мойындарына қылмыс ілгенін айтады. Ауыл тұрғындары «Олар жазықсыз жапа шегіп отыр» дейді. Полицияның жауап бергісі келмейді.


Шаңырақтың сары лайға бөккен көшесінде бізге ең бірінші жолыққан әйел Азаттық радиосынан екенімізді біле салысымен: «Әй, жазғыш болсаңдар, анау көрініп тұрған үйге барып, сол үйдің жағдайын жазыңдар. Байғұс әйел туған қызынан бір айырылып, артында қалған төрт жетімекті сүтін сатып, асырап отырған екі сиырының бірінен ай мен күннің аманында тағы айырылып, зар жылап отыр. Сонда барыңдар» деп, қысқа көшенің қуысында орналасқан үйге қарай сілтеп жіберді.

"ӨЗБЕКТІ" ІЗДЕДІ МЕ, ӨЗГЕНІ ІЗДЕДІ МЕ?

Аула ішінде алды алты, арты бір жарым жастағы төрт бала ойнап жүр. Есік алдында елуді енді еңсерген, жүзін кейістік жайлаған ана балалардың әрекетін сырттай бақылап отыр. Жөнімізді айтқаннан кейін өзін «Базаркүл Төлегенова» деп таныстырды.

– Маусымның 5-і күні кешке сиырды күндегі арқандап жүрген жерінен алып кетуге барған балама бейтаныс біреу жолығып, «Мынау менің сиырым, осыдан бір жыл бұрын жоғалып кеткен еді» деп таласыпты, - деп бастады Базаркүл ана әңгімесін.

Базаркүл Төлегенова сиырды осыдан бір жарым жыл бұрын Ұзынағаш ауылының мал базарынан сатып алса керек. Содан бері ауыл арасына арқандап, сүтін сатып отырған. Және осы бір жарым жыл ішінде «менің сиырым» деп келген адам да болмаған.

– Ертеңінде, яғни маусымның 6-сы күні форма киген екі жігіт келді де, «Балаларыңыз қайда?» деп сұрады. «Жұмыста» деп едім, үндемеді. Сосын «Жайша жүрсіңдер ме?» деп едім, «Проверка документов, үйде өзбектер жоқ па?» деді де кетіп қалды, – дейді Базаркүл ана.

Базаркүл Төлегенованың айтуынша әлгі екі полицейдің бірі – Асхат ертеңінде, маусымның 7-і күні таңғы жетіде келеді де, «Балаларыңыздың тіркеуі компьютерге дұрыс түспей қалыпты. Соны енгіземіз де, әкеліп
Шаңырақ тұрғыны Базаркүл Төлегенованың баласы Ғани. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.

тастаймыз» деп баласы Ғани мен күйеу баласы Жомартты үй киіммен алып кетеді. Тіпті жуынып-шайынуға да мұрсат бермейді.

ҚОРЛЫҚ ПЕН ЗОРЛЫҚ

Базаркүлдің баласы Ғани «Бізді бірден "Сайран" автовокзалының қасында орналасқан Алатау аудандық ішкі істер бөліміне апарды. Екеуімізді екі бөлмеге енгізді де, бірден «Қоңыр сиыр қораға өзі келді. Сосын кіргізіп алдық» деп қолхат жазып беріңдер деп ұра бастады» дейді.

Ғанидың айтуынша, көрші бөлмедегі жездесі Жомарттың қатты шыңғырған дауысы қайта-қайта естіліп тұрған. Бір кезде Нұрлан есімді полицей келіп: «Жездең сиырды ұрлағанын мойындады. Сен де қолхат жазып бер. Әйтпесе бостан босқа сотталасың» деп қорқытып отырып, қолхат жаздырып алады.

– Сол екі арада милицияның машинасы үйге келе қалды. Сағат онның шамасы болып қалған. Жүгіріп алдынан шығып, «Балалар қайда?» деп едім, «Балаларыңыз сиырды алғанын мойындады. Қазір тордың аржағында отыр. Сиырды қазір иесіне бере қоймасаңыз, балаларыңыз сотталады» деді, – дейді Базаркүл Төлегенова.

Сол сәтте сиырды иемденіп жүрген жігіт те келе қалады. «Балаларыңыз түрмеде отыр» дегенді естіген Базаркүл қорыққанынан сиырды жетектетіп жібереді.

Мезгілсіз қаза болған қызының қайғысынан әлі айықпаған ана «Сол сәтте ештеңе ойлауға мүмкіндігім болмады. Тек балаларым босаса екен деп қана ойладым. Әйтпесе мына төрт жетімектің күні осы екі сиырдың сүтіне қарап отыр еді» дейді.

– Жездемнің алдыңғы жанды жеріне су сеуіп, токқа соқтырыпты. Жаны қысылғаннан кейін еріксіз милицияның айтқандарын жазып берген, –
Жездемнің алдыңғы жанды жеріне су сеуіп, токқа соқтырыпты. Жаны қысылғаннан кейін еріксіз милицияның айтқандарын жазып берген

дейді Ғани Азаттық радиосының тілшілеріне.

Базаркүл Төлегеновамен әңгімелесіп отырғанымызды көріп ауыл тұрғындары да біртіндеп жиналған болатын. Олар «Ой, біздің ауданда ешқандай әділдік жоқ. Құдай біледі, ана сиырдың иесімін деген адам мен полиция өкілі сыбайласып отыр. Әйтпесе, ана жігіттің де сиыр туралы ешқандай құжаты жоқ» деп дабырласып кетті.

Базаркүл Төлегенова аудандық прокуратураға күйеу баласы Жомарт Мақсұтқанұлының атынан арыз жазғандарын, алайда әлі ешқандай жауап жоқ екендігін айтады.

CИЫРДЫҢ "БҰЗАУ КЕЗІНДЕГІ" ИЕСІ

Осы орайда Азаттық радиосының тілшісі «Аудандық ішкі істер бөлімінің үстінен шағым айтушылар бар ма. Арыздардың қаралу деңгейі қандай?» деген сауалмен аудандық прокурордың орынбасары Ерлан Молдахметовке жолықты.

– Біз мұндай өтініштерді қарамаймыз. Ішкі істер депертаментіндегі өзіндік қауіпсіздік басқармасына жібереміз, – деген Ерлан Молдахметов Жомарт Мақсұтқанұлының Алатау аудандық ішкі істер бөлімінде жазған түсініктемесін көлденең тарта отырып. – Міне, сізді қызықтырып отырған Жомарт Мақсұтқанұлы сиырды қорасына екі күн қамап ұстаған. Кейін иесі іздеп жүріп тауып алған, – деп қысқа қайырды.

Ал Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Қасымұлы «Бұл сұрақтың жауабын баспасөз қызметі береді» деп, жауап беруден бас тартты. Ал баспасөз қызметінен жауап алу мүмкін болмады.

Сиырдың "бұрынғы және жаңа иесі" Әлібекке жолыққанымызда, бұл
Сиырдың иесімін деген Әлібек - осы. Алматы, 28 маусым 2011 жыл.
сиырды "бұзау күнінде Талдықорғаннан сатып алғанын, үш жасында есік алдынан жоғалғанын" айтады.
– Осыдан бір жыл бұрын кешкі уақытта есік алдынан жоғалып кетті. Бір ай іздеп таба алмай қойдым. Өткенде келе жатсам, жол бойында арқандаулы тұр екен. Сыңар емшек болатын. Жанында күтіп отырып, иесі келген соң айттым. Олар бой бермеді. Сосын учаскелік полицияға хабарладым. Кейін олар өздерінің ұрлап алғандарын мойындады. Сиырымды қайтарып берген соң, арызымды қайтарып алдым, -дейді Әлібек.
Дәл қазіргі сәтте сиыр сатып алуға өзінің мүмкіншілігі жеткілікті екендігін айтқан Әлібек «Мен өзімнің ақ-адал малым болған соң ғана жабысып отырмын. Әйтпесе, мына секілді сиырдың 25-30-ын сатып алуға ақшам жетеді»,- деді.
XS
SM
MD
LG