24 жастағы Абзал Әжғалиев 2016 жылы қарашаның 11-13-і аралығында шорт-тректен Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрге жүгіруде алтын медаль иеленді. Ол канадалық Шарль Амленнен (Ванкувер мен Сочи олимпиадасының чемпионы) және қытайлық Хань Тянюдан (Сочи олимпиадасының күміс жүлдегері, бес дүркін әлем чемпионы) озды.
Ал 26 жастағы Нұрберген Жұмағазиев 2016 жылы желтоқсанның 16-18-сы аралағында Каннын (Оңтүстік Корея) қаласында өткен әлем кубогында 1000 метрде бірінші орын алды. Бұл қашықтықта күміс пен қоланы канадалық Паскаль Дион мен Патрик Даффи иеленген.
Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевтің жеңісі (Youtube желісінен алынған видео):
ТЕГІН СЕКЦИЯДАН БАСТАЛҒАН СПОРТ
Биылғы жарыста алтын алған спортшылар Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев Орал қаласында туған. Олар сондағы мектепте оқып жүргенде Алматыдан жаттықтырушылар келіп, тегін шорт-трек секциясына шақырғанын айтады.
– Төртінші сыныпта оқып жүргенде мектепке жаттықтырушылар келіп, мұз айдыны ашылғанын айтты. Біраз бала бардық. Мені ешкім апарған жоқ, өз еркіммен бардым. Содан бері осы спортта жүрмін. Нұрберген екеуміз бірге бастадық, – дейді Абзал Әжғалиев.
Ал Нұрберген Жұмағазиев Алматыдан келіп, балаларды мұз айдынға шақырған жаттықтырушы Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков екенін айтады.
– Шорт-трекке бізді алып келген және осы жетістікке жетуге бірден-бір себепкер – бапкеріміз Мәдіғали Қарсыбеков аға. Ол ұлттық құрамада 15 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатыр. Осы спортты дамыту үшін Алматыдан Оралға келді. Оқушы кезде Оралдан Ресейде өтетін жарыстарға барып жүрдік, – дейді ол.Абзал мен Нұрберген бастаған Қазақстан шорт-трек құрамасы соңғы екі жылда Голландияның Херенвен қаласында осы елдің спортшыларымен бірге жаттығып келеді. Екі елдің спорт министрліктері бірге жаттығу өткізу туралы арнайы келісімге қол қойған. Қазір голландиялық мамандар Қазақстан құрамасына кеңес беріп тұрады.
– Сегіз ай бойы шетелде жаттығып, жарыста жүрдік. Жаз бойы Голландия құрамасымен бірге дайындалдық. Елге жаңа жылды отбасымызбен қарсы аламыз деп бір аптаға келіп кеттік. Қазір Голландияда жаттығып жатырмыз. Ұлттық құрамадағы спортшылардың көбі– студент. Сондықтан қаңтардың аяғында Алматыдағы универсиадаға қатысуға келеміз. Ал басты мақсат – 2018 жылғы олимпиадада медаль алу, – дейді Нұрберген Жұмағазиев.
Спортшылардың айтуынша, Қазақстанда мұз айдындары мен спорт кешендері көп болғанымен, жағдай жасалмаған – сондықтан олар шетелде жаттығуға мәжбүр.
– Оралда мұз айдыны, зал – бәрі бар. Бірақ онда мұзды тазалайтын, тегістейтін арнайы машина, температурасын ұстап тұратын құрылғы жоқ. Сондықтан онда толыққанды жаттығу өткізу қиын. Бірақ министрлік бөлген ақшаның арқасында Голландияда екінші жыл қатарынан жаттығып жатырмыз. Бір жылдай сыртта жүріп, тынбай жаттыққаннан кейін нәтиже де келе бастады, – дейді Абзал Ажығалиев.
БАПКЕРДІҢ АРМАНЫ
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков шәкірттері Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевтың биылғы жеңістерін күтпегенін айтады.
– Абзал эстафеталық жарыстарда жақсы. Жекелей жарыстарда төмен нәтиже көрсетіп жүрген. Сочи олимпиадасында тек командалық жарысқа қатысты. Жекелей жарыстарда жолдама ала алмаған. Ал биыл күтпеген жерден 500 метрлік жарыстың лидеріне айналды. Нұрберген – мықты тактик. Каннындағы жарыста соңғы орында келе жатып, екі айналым қалғанда алға суырылып шықты. Шорт-тректе құласаң немесе қарсыластарыңның бірін жанап кетіп құлатсаң, нәтижең есептелмейді. Ал Нұрберген финалда қарсыластарының арасына кіріп, өзі құламай, өзгені де құлатпай алға шығып кетті, – дейді жаттықтырушы.
Мәдіғали Қарсыбеков шорт-тректен Қазақстан құрамасын 15 жылдан бері жаттықтырып келе жатыр. Ол елде осы спортты дамыту үшін 15 жыл бұрын арнайы жоба жасап, әлемдік деңгейдегі команда құруды жоспарлаған. Маман Оралда мұз айдыны салынған соң шорт-тректі дамытуды осы өңірден бастауға шешім қабылдаған.
– Совет Одағы кезінде «қазақтардың генетикасы шорт-трекке келмейді» деп, бұл спортты Қазақстанда дамытпаған. Бірақ мен осы түсінікті теріске шығарғым келді. Қазір жүйелі жұмыстан кейін Қытай, Канада, АҚШ, Голландия, Ресей, Оңтүстік Кореямен жүлдеге таласатын болдық. 2015 жылдары спортшыларымыз жекелей жарыста сегіздікке кірсе қуанатынбыз. Қазір әр жарысқа жүлде үшін барамыз. Голландия мен АҚШ-та ата-анасы баласының шорт-трекпен айналысуына жылына клубтарға 5-6 мың доллар төлейді. Ал Қазақстандағы спорт мектептерінде шорт-тректі оқыту – тегін. Қазір ізбасарлар дайындау жағын да қолға алып жатырмыз. Шорт-тректі Қазақстанда әрі қарай дамытып, олимпиададан тұрақты түрде жүлде алуды армандаймыз, – дейді Мәдіғали Қарсыбеков.
Бұған дейін Қазақстан шорт-тректен әлемдік жарыстарда медаль алмаған. Тек 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында Әжғалиев, Жұмағазиев, Артур Сұлтанғалиев және Айдар Бекжанов 5000 метрлік командалық жарыста қола алған. 2014 жылы Қазақстан құрамасы Сочи олимпиадасында командалық жарыста бесінші орын иеленген.
Шорт-тректен Қазақстан құрамасы енді ақпанда Алматыдағы универсиада мен Минскіде(Беларусь) өтетін әлем кубогы кезеңіне қатысады. Одан кейін 10-12 наурызда Роттердамдағы (Голландия) әлем чемпионатына барады. Жарыс кестесінің тығыздығына байланысты Қазақстан құрамасы ақпанда Саппорода (Жапония) өтетін Азия ойындарына қатыспайды. Азиадаға жастар құрамасы барады.
Жаттықтырушы мен спортшылар 2018 жылы Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өтетін олимпиада ойындарында жүлде алу үшін биыл да жаз бойы Голландияда жаттықпақ.
Шорт-тректен Қазақстан құрамасының менеджері София Тілеубаеваның айтуынша, қазір елде 1 мыңға жуық бала шорт-трекпен айналысады. Қазақстанның 11 облысындағы спорт мектептерінде шорт-трек сыныбы бар. Ал Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстандағы спорт мектептері бапкер таппай отыр.