Accessibility links

Анасы сотталған ұлын «полицейлер азаптағанын» айтады


Сотталушы Константин Ким. Шымкент, 26 сәуір 2016 жыл.
Сотталушы Константин Ким. Шымкент, 26 сәуір 2016 жыл.

«Ұрлық» бабымен сотталған азаматтың туыстары оны полицейлердің «азаптағанын» айтады. Ал облыстық ішкі істер департаментінің уәжіне қарағанда, «азаптау туралы шағым дәлелденбеген».

Сәуірдің 27-сі күні Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты судьясы Шара Бисенбаева «ұрлық» бабымен айыпталған Константин Кимге 3 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру, жеке мүліктерін тәркілеу, жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды.

Константин Кимге шыққан үкім
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

Үкім оқылғаннан кейін сотталушының әпкесі Светлана Ким журналистерге інісін полицейлер ұрып-соққанын айтып, оның денесіндегі «соққы іздерін» көрсетпек болды. Бірақ полицейлер оған мұрша бермей, Константин Кимді сот залынан алып кетті.

«ТҰНШЫҚТЫРҒАН, БАСЫН ЖАРҒАН»

Сотталған азаматтың анасы Татьяна Пак «полиция ұлын ұстаған кезде сабап, тұншықтырғанын» айтады. Оның сөзіне қарағанда, ұлы Константин Кимнің Шымкенттегі тергеу изоляторына қамалғанына төрт ай болған. Анасының айтуынша, «баласын Әл-Фараби ауданы полицейлері былтыр желтоқсанның 29-ы күні таңертең алып кетіп азаптаған».

– Баламның айтуынша, полицейлер басына целлофан пакет байлап тұншықтырған соң есінен танып қалған. Жалаңаш денесіне су құйған. Есін жиғанда қабырғаға басын ұрып жарған, – дейді Татьяна Ким.

Сотталушы Константин Кимнің анасы Татьяна Пак. Шымкент, 26 сәуір 2016 жыл.
Сотталушы Константин Кимнің анасы Татьяна Пак. Шымкент, 26 сәуір 2016 жыл.

Татьяна Кимнің сөзінше, «азаптауға шыдай алмаған ұлы полицейлерге мүгедек екенін айтып, аяушылық сұраған; полицейлер қай жері ауыратынын сұрап, екі бүйрегі ауыратынын білген соң, сол жерінен құлағанша ұрған».

– Кешке тергеуші ұялы телефоныма хабарласты. «Балаңыз ес-түссіз жатыр, дәрі-дәрмек алып келіңіз. Жедел жәрдем шақырыңыз» деді. Полиция бөліміне келгенім сол еді, жарық сөніп қалды. Сөйтіп баламды көре алмадым, – дейді Татьяна Пак көзіне жас толып.

Татьяна Пак баласын көрсетуді талап еткенде, полицейлер оның «тергеу изоляторына қамалғанын» айтқан. Тергеу изоляторына кездесуге барғанда ол «баласының көгеріп кеткен денесін көрген».

– Баламның денесінде сау жері қалмағанын, көкала қойдай сабап тастағанын көрдім. Прокуратураға шағымдандым. Төрт айға жуықтады, тергеу амалдары әлі жүріп жатыр, – дейді Татьяна Пак.

Сотталушы Константин Кимнің анасы Татьяна Пактың пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

«ШАҒЫМ ДӘЛЕЛДЕНБЕДІ»

Татьяна Пактың баласын полиция қызметкерлерінің азаптағаны туралы шағым түсіргенін Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова растады.

– Константин Ким қашып, күдікті ретінде іздеуде болған. Желтоқсанның 29-ы күні оны полицейлер ұстап, желтоқсанның 30-ы күні Әл-Фараби аудандық соты оны қамауға алу туралы санкция берген, – дейді баспасөз хатшысы.

Салтанат Қаракөзова Татьяна Пактың «полицейлер баламды азаптады» деген шағымы дәлелденбегенін айтады.

– Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокуратурасы бұл шағымды жан-жақты тексерді. Шағымданушының уәждері дәлелденбеді. Құрамында қылмыстық іс болмағандықтан тергеу тоқтатылды, – дейді баспасөз хатшысы Азаттық тілшісіне.

Алайда Татьяна Пактің шағымы негізінде Қазақстан әділет министрлігі сот-медициналық орталығының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы 2016 жылы қаңтардың 6-сы күні сот-медициналық сараптама жасап, қорытынды шығарған. Сот-медициналық сарапшы Е.Е.Ерболат қол қойған ол құжатта Константин Кимнің «сол жақ самайының шүйде бөлігіне жарақат түскені» жазылған.

Константин Кимнің жарақатына қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысы.
Константин Кимнің жарақатына қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысы.

Қазақстандағы адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі директоры Әділ Сейітқазиев бұл оқиғаны қоғамға жеткізу мақсатында брифинг өткізгенін баяндады.

«Азаптауға түскен азаматтарға құқығын түсіндіріп, кеңес береміз» деген ​маманның сөзінше, көпшілік адам құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың бар екенін білмейді.

Құқық қорғаушы Әділ Сейітқазиев. Шымкент, 26 сәуір 2016 жыл.
Құқық қорғаушы Әділ Сейітқазиев. Шымкент, 26 сәуір 2016 жыл.

– Бір жыл ішінде облыста азаптау бойынша орта есеппен 10-12 шағым түседі. Азаптау шағымымын тікелей прокуратура айналысады. Олар сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізеді, – дейді Әділ Сейітқазиев.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін түрмелер мен өзге қамау орындарындағы азаптау әрекеттерімен күресу жөніндегі уәдесін орындауға талай рет шақырған. Былтыр елде адам азаптағаны үшін айыпты деп танылған бірнеше бұрынғы полиция қызметкері сотталған.

XS
SM
MD
LG