Accessibility links

Түркия Қазақстанның екі мыңдай азаматын ДАИШ-пен байланыстырды


Түркия-Сирия шекарасындағы ДАИШ содырларымен соғысуға аттанған танкілер. Сирия шекарасы, Газиантеп ауданы маңы, 24 тамыз 2016 года жыл.
Түркия-Сирия шекарасындағы ДАИШ содырларымен соғысуға аттанған танкілер. Сирия шекарасы, Газиантеп ауданы маңы, 24 тамыз 2016 года жыл.

Түркия «1941 қазақстандықтың» Сириядағы қақтығыс аумағына барғаны туралы мәлімет бар деп, оларды территориясына кіргізбейтінін мәлімдеді. Қазақстан азаматтары қақтығыс аймағына кіруге жиі талпынатын 10 ел қатарында аталған.

Түркияның ішкі істер министрлігі (ІІМ) «Түркияның ДАИШ-пен соғысы» атты есебін жариялады. «Кітап» деп сипатталған баяндаманың жарияланған мерзімі «2017 жылдың шілдесі» деп жазылған.

Осы есептің ішінде Сирия мен Ирактағы ДАИШ («Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы» деп те аталады) содырларымен қақтығыс жүріп жатқан аймаққа Түркия шекарасы арқылы кіруге әлемнің әр елінен 53 781 адам талпынды (кіріп-шықты) деп жазылған. Түркия ІІМ-і Сириядағы қақтығыс ошағына барғаны туралы мәлімет түскен адамдарды «терроризммен байланысы бар» деп санайтындарын айтады. Ол адамдардың кейбірі ұсталып, депортация жасалған, кейбірі тіркеуге алынған.

Азаматтары «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы (ИМ немесе ДАИШ) содырларымен қақтығыс аймағына, яғни Сирияға кіргені туралы жиі хабарланған алғашқы 10 елдің тізімін Сауд Арабиясы мен Тунис бастап тұр. Осы ондыққа бұрынғы СССР елдерінен төрт мемлекет кірген. Оның ішінде алғашқы орынды Ресей алған. Сирияға барғаны туралы хабарланған ресейліктер саны – 4128. Онан кейін Тәжікстан аталады – 2651 адам.

Ресейде Сириядағы соғысқа адам жинап жүрген жерінен ұсталған адамдар. Петербург, 5 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейде Сириядағы соғысқа адам жинап жүрген жерінен ұсталған адамдар. Петербург, 5 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан алғашқы 10 ел ішінде 1914 адамымен сегізінші орында болса, ал осы ондыққа кірген ТМД елдері ішінде үшінші тұр. Қазақстаннан кейін 1677 адаммен Әзербайжан орналасқан. Түркия заңы бойынша бұл "қара тізімдегі" азаматтар ел территориясына кіре алмайды. Өйткені, Түркия билігі бұл адамдарды қақтығыс аймағына жету үшін шекараны заңсыз кесіп өтті, тағы да тырысуы мүмкін деп санайды.

Түркия ІІМ-і ДАИШ-қа өз территориясы арқылы баратын адамдардың жолын кесу мақсатында 81 провинциясының жолдарындағы көліктерді тексеруді күшейткенін, ал Сириямен арадағы шекараға 911 километрлік қабырға салынып жатқанын жазады.

Есепте 2014 жылдың сәуірінен бері Түркия қауіпсіздік қызметі террористік топтармен байланысы бар деген күдікпен 17500 шетелдік азаматты тексеріп, 4500 адамды депортациялаған.

"ҚАЗАҚСТАН ҮШІН БҰЛ ҚАУІПТІ КӨРСЕТКІШ"

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев Түркияның бұл мәліметті жариялауы мен Қазақстанның шетелдердегі қақтығыс ошақтарына барып, ұрыстарға қатысқан адамдарды азаматтықтан айыру туралы жаңа заң өзгерісі тұспа-тұс келгенін айтады.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев.
Саясаттанушы Досым Сәтбаев.

- Бұл көрсеткіштің (1914 адамды айтады – авт.) пайда болуы - Қазақстан үшін өте жағымсыз индикатор. Азаматтардың ерікті түрде елден кетіп, радикалды ұйым жағында соғысқа баруы – жаман көрсеткіш. Ондай азаматтардың кейбірі Сирияға кетпей, ел ішінде «ұйықтап жатқан ұяшықтарда» жүруі де мүмкін. Қазақстан үшін бұл сан көп, қауіпті көрсеткіш дер едім. Сирия аумағына жеткісі келген Қазақстан азаматтарының туристер емес екені белгілі. Мен олардың көбі соғысқа қатысуды жоспарлады деп ойлаймын. Бұрын қауіпсіздік құрылымдары «Ислам мемлекеті» (ИМ немесе ДАИШ - авт.) террорлық ұйымы қатарында соғысқа қатысып жатқан Қазақстан азаматтарының санын 300,500, кейде 2000-ға дейін деп көрсететін. Бұл мәлімет те қауіпсіздік органдарының назарына алынады. Бұл тізім көбеюі де мүмкін, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Түркия ІІМ-і ақпаратына қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен (СІМ) ақпарат білуге тырысқан еді. Өкінішке қарай, СІМ-нен Түркияға кіруге тыйым салынған қазақстандықтар туралы қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.

Сирияға барған Қазақстан азаматтары туралы хабар 2013 жылы қазан айында YouTube желісінде «Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшылар» видеосы жарияланғаннан кейін көп ұзамай-ақ шыға бастаған, Жезқазған қаласының кейбір тұрғындарының Сирияға кеткен балалары қаза тауып, азалы ас бергені туралы сөз тараған. Мұнан кейін де Сирияда жүрміз деп мәлімдеген қазақ "жиһадшыларының" бірнеше видео-үндеулері тарады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Сириядағы «қазақ жиһадшылары»

Ел азаматтарының ИМ содырларының үндеуіне еріп, радикалданып жатқаны айтылса да, Астана ИМ сапында соғысып жатқан қазақтар туралы мәлімдемеге сақтықпен қарап келді. Бірақ Қазақстанда ИМ тобын насихаттайды деп танылған интернет ресурстар жабылды, олардың үгітін таратуға тыйым салынды. 2014 жылдың қарашасында Қазақстан ИМ жаттығуынан өтіп жатқан этникалық қазақ балалары туралы «заңсыз» бейнебаянды жариялауға тыйым салды.

ДАИШ терролық ұйымы қатарында соғысып жүрген азаматтар туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев 2014 жылы "ИМ (ДАИШ - авт.) қатарында 300 қазақстандық соғысып жүр" деп мәлімдеген.

Мұнан кейін Азаттық Сирияға жиһадқа кетті деген азаматтардың ата-аналарымен хабарласып, олардың кейбірінің балаларын қайтуға көндіру үшін Түркияға барып қайтқанын анықтаған болатын. Азаттыққа сол жылы күзде «Сириядағы ұлымды қайтара алмай келдім» деп сұхбат берген жасы 60-тағы Құралай Нұрмағамбетова "26 жастағы ұлым Бағлан Салықовты іздеп, Түркия арқылы Сирияға барып, Қазақстанға оралғанын" айтқан. Оның сөзінше, ұлы «екі баласы мен мүгедек бауырын есіне салса да, кері қайтпауға бекінген».

"Ислам мемлекеті" тобын террорлық ұйым деп Түркия 2013 жылы, ал Қазақстан 2015 жылы күзде таныған.

XS
SM
MD
LG