Accessibility links

Кетебаевты түрмеге ауыстырады


Қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев.
Қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев.

Мадридте тұтқындалған қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаевты тергеу абақтысынан түрмеге ауыстырады. Енді ол экстрадициялауға қатысты мәселені қаралатын сот процесі кезінде түрмеде болады.

Тұтқындалған қазақстандық саяси эмигрант, бұрынғы банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың серіктерінің бірі Мұратбек Кетебаевты түрмеге ауыстыратынын Азаттық тілшісіне оның бауыры Бақытжан Кетебаев хабарлады.

Желтоқсанның 28-і күні Испания астанасы Мадрид қалалық соты Қазақстанның Интерполға жолдаған өтініші негізінде Мұратбек Кетебаевты тұтқындауға үкім етті.

Туыстары қант диабетіне шалдыққан Мұратбек Кетебаевқа жылы киім мен дәрі-дәрмек беруге тырысып жатыр. Оны ресми кездесулерде киетін костюммен ұстап әкеткен.

– Заттарды түрмеге ғана беруге болады. Түрмеге ауыстырған бетте адвокаты мен туыстарына кездесуге рұқсат беруі тиіс. Сәлемдемені сол кезде бере алады. Әзірше бәрін ұйымдастырып жатырмыз, – дейді Бақытжан Кетебаев.

Мұратбек Кетебаевтың жұбайы әрі оппозициялық журналист Ирина Петрушеваның Facebook желісінде жазуынша, тұтқындалған Кетебаевтың ісіне қатысты соттағы аудармашы оған ерінің өңі «әппақ болып бозарып кеткенін, қабырғадан ұстап әрең қозғалатынын» айтқан.

Польша Мұратбек Кетебаевқа босқын мәртебесін берген. Оның адвокаты Польшаның Испаниядағы консулдығына Кетебаевтың тұтқындалғаны туралы хабарлаған.

– Amnesty International ұйымы мен БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жергілікті комиссариатына да хабарланды. Испан газеттері Мұратбек Кетебаевтың тұтқындалғаны туралы хабарлап үлгерді. Мереке күндеріне сәйкес келіп қалғаны болмаса, жанжал енді басталып келеді, – дейді Бақытжан Кетебаев.

Бақытжан Кетебаев. Прага, 7 қазан 2009 жыл.
Бақытжан Кетебаев. Прага, 7 қазан 2009 жыл.

Туыстарының айтуынша, сот Мұратбек Кетебаевқа тағылатын айыптарды жарияламаған. Сот отырысына әйелін де, бауырын да кіргізбеген. Мұратбек Кетебаевты екі адвокат қорғайды. Судья Кетебаевты кепілге босату туралы адвокаттар өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

– Судья оны экстрадициялау ісіне қатысты сот отырысы өткенге дейін түрмеде қалдыру туралы шешім қабылдады. Бірақ нақты қанша уақытқа қамалатыны белгісіз, – дейді Бақытжан Кетебаев.

Болжам бойынша, экстрадиция ісіне қатысты сот Қазақстан билігі Кетебаевты тұтқындау туралы өтінішін негіздеп, испан сотына айыптаулар көрсетілген құжаттарды жолдағаннан кейін өтпек.

Қазақстанда Мұратбек Кетебаевқа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде «2011 жылдың желтоқсанында болған Жаңаөзен оқиғасына қатысты және 2012 жылы Алматы қаласында теракт ұйымдастыруға әрекеттенді» деген айыптаулар бар.

«ЕСЕБІН ЖАРИЯЛАҒАННАН КЕЙІН ҚАМАЛДЫ»

Мұратбек Кетебаев желтоқсанның 27-сі күні Мадрид қаласында ұсталған. Бұдан ертеректе ол интернетте «журналист Данияр Әшімбаевтың басқаруымен және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдардың тапсырысы бойынша» Қазақстандағы оппозицияны қаралаумен құпия айналысатын «жалдамалы журналистер тобына кіретін» адамдар туралы есебін жариялаған еді.

Жергілікті баспасөз Мұратбек Кетебаевтың тұтқындалуына қатысты комментарий бермеді. Бірақ әлеуметтік желілерде оның жақтастары мен қарсыластары пікір жазып жатыр.

Мұратбек Кетебаевтың «әшкерелеуші» баяндамасында аталған журналист Данияр Әшімбаев Facebook желісінде: «Испан полициясына бір қорап кәмпитті қай мекенжайға жолдаса болады?» деп әзілдейді.

Кетебаев есебінде аталған тағы бір журналист Евгений Рахымжанов Кетебаевтың тұтқындалуына байлынысты Азаттық тілшісіне: «Кетебаевты тұтқындағаны өкінішті. Оның «әшкере еткеніне» өкпелемеймін, оның үстіне есебі жалған деректерге негізделген. Есепте мен туралы болар-болмас ғана жазған, ал Храпунов жайлы екі материал, Дуванов туралы бір материал бар. Біріншісі – оппозицияға пародия, ал Сергей Владимирович екеуміздің идеологиялық көзқарасымыз үйлеспейді, маған либералдық идеология ешқашан ұнаған емес» деп комментарий берді.

Польшадағы «Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы өкілі Людмила Козловска Кетебаевты тұтқындауға байланысты комментарий беріп, Еуропада тұрып жатқан саяси эмигранттардың жалпы қауіпсіздігіне алаңдады.

«Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы өкілі Людмила Козловска. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.
«Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы өкілі Людмила Козловска. Прага, 26 тамыз 2013 жыл.

- Өкінішке қарай, Интерпол мен ойдан құрастырылған және саяси астары бар айыптаулар бойынша экстрадициялық өтініштер сияқты халықаралық механизмдерді асыра пайдалануда демократиялық емес режимдердің тапқырлық танытатынын мойындауға тура келеді. Испан полициясы Мұратбектің диабет дертіне шалдыққанын елемей, оның өмірі мен денсаулығына үлкен қатер төндіруі, оған ас-су бермегені ашындырады. Бірақ бәрінен бұрын Испанияның Мұратбек Польша саяси босқын мәртебесін берген адам екенін елемеуі қатты қынжылтады, - дейді құқық қорғаушы Азаттыққа берген комментарийінде.

Людмила Козловсканың пікірінше, Мұратбек Кетебаевқа қатысты бұл жағдай Интерпол механизмдерін де, экстрадициялық өтініштерді қолдану практикасын да дереу реформалау қажеттігін көрсетеді.

Қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен оның жақын серіктері елден қашып кеткеннен кейін, 2011 жылы Мұратбек Кетебаев та Қазақстаннан кетіп қалған. Бір жыл бұрын Кетебаев Польшада босқын мәртебесін алған. Ал Мұхтар Әблязовты 2013 жылы Францияда тұтқындаған, қазір оны Ресей мен Украинаның біріне экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG