Accessibility links

Коррупцияға қарсы жаңа жобаларды құптау һәм күмәндану


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан билігі коррупцияға қарсы кезекті шараларды ұсынды. Сарапшылар коррупцияға қарсы 20 жыл ішінде қабылданған сансыз бағдарлама, жоспар, стратегияларды іске асыру проблемалары жайлы айтып берді.

ЖОСПАР, БАҒДАРЛАМА, СТРАТЕГИЯЛАР... ЕНДІ – ЖОБАЛАР

Жемқорлық әбден жайлаған әрі билік ашықтығы деңгейі төмен елдер қатарына жатқызатын Қазақстан парақорлық пен қызмет бабын пайдалануға қарсы күрестің кезекті шараларын жариялады. Елде коррупцияға тосқауыл қою жоспарлары ертеректе де талай мәрте жарияланған. Кейінгі 20 жыл ішінде бірсыпыра мемлекеттік бағдарлама мен стратегия қабылданды, бірақ коррупция индексінде (Transparency International халықаралық зерттеу ұйымы әзірлейтін) Астананың позициялары еш өзгермей келеді. Бұл рейтингте Қазақстан әдетте төменгі жағында - Иран, Сьерра-Леоне, Мьянма және Папуа-Жаңа Гвинея сияқты жемқорлық көрсеткіші жоғары елдердің қатарында аталады.

Коррупцияға қарсы жобалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00
Жүктеп алу

Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң 1998 жылы қабылданған, оған талай рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. 2016 жылы әлгі заңның орнын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» басқа заң басты. Үкімет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асырудың 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын құрды. Ертеректе 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Оның алдында 2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Ал одан ертеректе 2001-2005 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасы болған. Мұндай бағдарламалар 1995 жылдан бері қабылданып келеді.

Енді, міне биыл наурызда мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі коррупциямен күрестің бес жобасын қоғаммен бірлесіп құрастырғанын жариялады. Агенттік бұл шараларды агенттіктің коррупцияға қарсы қызметі жоғары лауазымды бірқатар шенеуніктерге қатысты аты-шулы қылмыстық істер қозғаған тұста жариялап отыр.

БАЙЫРҒЫ НЫСАНАҒА - БЕС «СОҚҚЫ»

Коррупцияға қарсы ведомство Азаттықтың коррупциямен күрес жоспары мазмұнына қатысты сауалына өзі жариялаған бес жоба бойынша түсіндірме берді. «Полицейлер қатарындағы коррупциямен күрес» (Transparency International зерттеушілері полицияны Қазақстандағы жемқорлық жаппай жайлаған құрылымға жатқызады) жеке жоба ретінде әзірленген. Коррупцияға қарсы қызметтің жазуынша, 2016 жылы «Әлемдік коррупция барометрі» зерттеуіне Қазақстаннан қатысқан респонденттер «жол полицейлеріне жиі пара беретінін» айтқан. Әлгі жоба аясында қоғамдық бақылауды жетілдіріп, «мемлекет пен қоғамның ашық диалогын» орнатуды және көлік жүргізушілердің құқықтық сауатын арттыруды ұсынады.

«Еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстары жүргізу» деген тағы бір жобаның сипаты совет дәуірінің риторикасымен үндес. Агенттіктің түсіндіруінше, «Болашаққа парасыз барамыз! Бірге!» деп аталатын әлгі жобаның мақсаты - «халықтың құқықтық сауатын арттырып, коррупцияға қарсы дағдыларды үйрету». Халықты әлгі дағдыларға қалай баулитыны түсініксіз, бірақ агенттік «ақпараттық-түсіндіру жұмысымен айналысумен қатар азаматтарды жедел қабылдауды да қамтамасыз ететін коррупцияға қарсы мобильді топтар Қазақстанның бүкіл аймағында іске кірісті» деп мәлімдейді.

Қазақстанның антикоррупциялық қызметінің сайтында «Бәйтерек DEVELOPMENT» компаниясының жоғары лауазымды менеджерлерінің ұсталғаны туралы хабармен бірге жарияланған видеоның скриншоты.
Қазақстанның антикоррупциялық қызметінің сайтында «Бәйтерек DEVELOPMENT» компаниясының жоғары лауазымды менеджерлерінің ұсталғаны туралы хабармен бірге жарияланған видеоның скриншоты.

Ұсынылған өзге жобалардың ішінде «Құпия сатып алушы» әдісімен қоғамдық аудит жүргізу, мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысын бақылау, сатып алынатын қызмет түрлері мен тауар бағасының негізділігін тексеру үшін мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізу жобасы бар.

«Құпия сатып алушы» әдісін қолдану арқылы қоғамдық аудит жобасын іске асыру кезінде арнайы дайындалған адамдар (құпия сатып алушылар) қызмет алушы адам түрінде қызмет ұсынушыға жүгінеді. Агенттіктің түсіндіруінше, құпия сатып алушы қызмет көрсетушіге жүгіну нәтижелерін арнайы есеп формасына толтырып, әртүрлі өлшемдер бойынша тиісті балл қойылады.

Мүдделер қақтығысын қарау жобасы мақсаты - жоғары лауазымды шенеуніктердің «жақын туыс, жұбайы және жекжатымен бірге қызмет (жұмыс) істеуіне және мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу кезінде үлестес болуға жол бермеуді реттейтін заң нормаларын бұзуға байланысты мәселелерді зерттеу».

Агенттік бағаны асырып көрсету әрекеттерін тексеру үшін мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу жобасына қоғамның белсенді қатысуы «бұл саладағы коррупциялық көріністердің алдын алудың ұтымды құралына айналады» деп үміттенеді әрі сатып алу мәліметтері ашық жарияланатынын айтады.

КОРРУПЦИЯМЕН КҮРЕС ЖОСПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ ПІКІРЛЕР

Transparency International ұйымының қазақстандық бөлімшесі - «Транспаренси Қазақстан» ұлттық коррупцияға қарсы күрес ұйымының атқарушы директоры Наталья Ковалева коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі жоспарлаған бағыттардың бәрін өзекті санайды. Бірақ оның сөзінше, жұмыс қалай жүретініне қарау керек.

- «Құпия сатып алушы» жобасынан қандай нәтиже шығар екен. Сондай жоба жасайық деген ойымыз болған, әріптестеріміздің шамасы келер ме екен, көреміз, - дейді Наталья Ковалева Азаттыққа.

Transparency International ұйымы жариялаған коррупция индексі.
Transparency International ұйымы жариялаған коррупция индексі.

«Жас кәсіпқойлар қоғамы» қоғамдық ұйымы жетекшісі Олеся Халабузарь Азаттықпен әңгімесінде коррупциямен күрес жоспарын құптайды. Бірақ ол тамыр-таныстық әбден жайлап алған билік құрылымдарында елеулі өзгерістер болмай, нақты әрі тұшымды нәтижелерге жету мүмкін емес деп санайды.

Олеся Халабузарьдың айтуынша, арамза шенеуніктер коррупциямен күрестің кезекті әдістеріне қарсы жаңа айла-шарғылар ойлап табады. Ол жол полицейлерінің таяқтарын «тартып алғаннан» кейін олардың корруциялық кірісі азайып кетті, сондықтан олар болмашы кінәсі үшін көлік нөмірлерін шешіп алуды жиілетті деп топшылайды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның саяси кеңесі президиумы төрайымы Зәуреш Батталова жоғарыдағы басшылардың дұрыс есеп бермеуі - коррупциямен күрес жоспарларының орындалмау себептерінің бірі деп біледі. Батталованың сөзінше, кей министр бір орыннан екіншісіне ауысады, кейде тіпті бұрынғы орнына қайта жайғасады, бірақ олардың ешқайсысы атқарған жұмысы туралы, оның ішінде коррупциямен күрес жайлы бір рет те есеп беріп көрген емес. Зәуреш Батталованың пікірінше, әкімдердің халық алдында есеп беру жиындары әбден режиссерленген спектакльдерге айналған, оларды шын есеп деуге келмейді.

Парламенттің бұрынғы депутаты Зәуреш Баталова. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.
Парламенттің бұрынғы депутаты Зәуреш Баталова. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.

КОРРУПЦИЯ АЗАЙЫП, ҚАМАУ КӨБЕЙДІ МЕ?

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшыларының бірі Айдар Әлібаев жоғары лауазымды шенеуніктер үстінен қозғалған қылмыстық процестердің жиілеуін коррупциямен күрестің күшеюінің көрінісі емес, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы кланаралық тартыстың нәтижесі деп санайды. Әлібаев коррупциямен күресуге президент Назарбаевтың бел буғаны қоғамға түсінікті болу үшін ол ең әуелі өзінің айналасындағы адамдарды түрмеге отырғызуы тиіс. Оның сөзінше, коррупциямен күрес жоғарыдан төмен жүріп жатқанына және ол біржола жеңгенге дейін табандылықпен жалғасады дегенге қоғам сонда ғана сенеді. Бірақ Әлібаевтың сөзінше, президент Назарбаев бұлай істемейді, сондықтан әдемі етіп жазылған жоспарларға қарамастан, коррупциямен күрес сәтсіздікке ұшырайды.

«Транспаренси Қазақстан» ұйымының қамқоршылар кеңесі төрағасы Марат Шибұтовтың Азаттыққа айтуынша, коррупция деңгейін қылмыстық істер туралы жарияланған материалдар саны бойынша бағалау дұрыс емес.

«Транспаренси Қазақстан» коррупцияға қарсы ұйымының зерттеу нәтижелеріне сілтеме жасаған Марат Шибұтов:

- Яғни коррупционерлерді көп ұстаған сайын, бүкіл жерді коррупция жайлап алған сияқты көрінеді. Шындығында, біз коррупцияның, әсіресе төменгі сегментте азайғанын байқадық, - дейді.

Оның сөзінше, адамға пара беру қажет болмайтын кезде коррупция да азаяды. Марат Шибұтов қазір елде автоматтандырылған мемлекеттік қызмет түрлері көбейіп келеді бұл пара беру қажеттігін азайтады дейді.

«Транспаренси Қазақстан» ұйымының қамқоршылар кеңесі төрағасы Марат Шибұтов.
«Транспаренси Қазақстан» ұйымының қамқоршылар кеңесі төрағасы Марат Шибұтов.

Transparency Internationalұйымының 2016 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша түзілген коррупцияны қабылдау индексінде Қазақстан (Ресей мен Украина да) 176 елдің ішінде 131-орында тұр. 2015 жылы Қазақстан 123-орында болған еді. «Транспаренси Қазақстан» ұйымы Қазақстанның 2016 жылы сегіз позицияға кері сырғу себебін елдегі ахуалдың нашарлауы емес, рейтингке жаңа елдерді енгізуге байланысты түсіндіреді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG