Accessibility links

Тәжікстанда қыз-келіншектердің өздеріне қол жұмсауы жиілеп кетті


Тәжік әйелі баласымен бірге. Тәжікстан. Мурғаб ауданы. Таулы Бадахшан автономиялы облысы. Көрнекі сурет.
Тәжік әйелі баласымен бірге. Тәжікстан. Мурғаб ауданы. Таулы Бадахшан автономиялы облысы. Көрнекі сурет.

Жыл басынан бері Тәжікстанда қыз-келіншектер арасында 165 суицид дерегі тіркелген. Өзін өлімге қиғандардың 34-і – әлі кәмелетке толмағандар. Тәжік билігі осы оқиғалардың жартысына жуығы тұрмыстағы зорлықтан туындаған дейді.


Соңғы жеті ай ішінде елдегі әйелдердің өз-өзіне қол жұмсау дерегі Хатлон облысында жиі тіркеліп отыр. Азат Еуропа /Азаттық радиосының Тәжік редакциясы Хатлон облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Сухроб Саломовқа сілтеме жасай отырып, жыл басынан бері қыз-келіншектер арасында өзіне-өзі қол жұмсағандардың 108-ге жеткенін хабарлады. Мұның ішінде 52 әйел бақиға аттанса, онға тарта әйел адам түрлі жарақат алған.

Сухроб Саломовтың сөзінше, әйелдердің мұндай қадамға баруына олардың құқығы тапталып, тұрмыста зәбір көруі себеп болып отыр.

Сухроб Саломов қыз-келіншектердің өзіне-өзі қол жұмсауына отбасында күнделікті зорлық-зомбылыққа қоса көршілермен жүз шайысып, ренжісудің де кесірі тиетінін айтады. Ал кәмелетке толмаған қыз балалар ата-аналары мен туған-туыстарының айтқан сөзі мен сынын көтере алмай өмірмен қоштасып жатады екен.

Тамыздың 5-інде адамның төбе құйқасын шымырлатар бір оқиға болды. Хатлон тұрғыны Хикойет Фагирова үш, бес және сегіз жастағы балалары мен өзінің үстіне бензин құйып өртеп жіберді. Үш бала сол жерде қаза тауып, денесінің 25 пайызын күйік шалған Хикойет Фагирова ауыр халде ауруханада жатыр.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Тәжік редакциясы хабарлағанындай, Хикойет Фагирова өзінің мұндай қадамға баруына күйеуі кінәлі деп есептейді. Оның айтуынша, жұбайлар арасындағы қарым-қатынас ушығып кеткен көрінеді.

Ал «Гомхори» (Қамқорлық) үкіметтік емес ұйымында жұмыс жасайтын психолог Рухшона Шоимова Азат Еуропа/Азаттық радиосының Тәжік редакциясына берген сұхбатында күйеуінен бөлек тұратын жалғызбасты аналар мен келіншектердің өмірі қауіп-қатерге толы екендігін айтады.

Хатлон облысында 10 мың адамға бір полиция қызметкерінен келеді. Сухроб Саломовтың сөзінше, кадр тапшылығы тәртіп сақшыларының қолын байлап тұр. Сонымен қатар, Саломов биыл тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты ешбір қылмыстық істің сотқа берілмегендігін де жеткізді.

Тәжікстан үкіметі жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комитет төрайымы Киматгул Алибердиева шілденің 12-і өткен баспасөз мәслихатында 2010 жылдың бірінші жартысында памирлік қыз-келіншектердің өзін-өзі өлімге қиюы сирек кездесетін оқиға екендігін атап көрсетті.

«Биыл Таулы Бадахшан автономиялық облысында төрт қыз өз-өзіне қол жұмсады. Бұл оқиғаның жай-жапсарын білмек ниетпен тексеріп көрдік. Бірақ қыздардың ата-аналары мен тумалары болған жайды жасырып, "қыздарымыз жүйке ауруларына шалдықты" деумен болды. Бірақ олардың ешбірінде осы жайтты айғақтайтын дәлелді дәрігерлік деректер болған жоқ. Мұның бәрі бізді қатты ойлантады», - дейді Киматгул Алибердиева.
XS
SM
MD
LG