Accessibility links

Танков ақыры үш жыл түрмеде отыратын болды


Заңгер Евгений Танков сот залында отыр.
Заңгер Евгений Танков сот залында отыр.

Қарағанды облыстық соты заңгер Евгений Танковты үш жылға түрмеге кесу үкімін күшінде қалдырды. Оның судьяны «шыбын қаққыш дуэліне» шақыруы «билік өкіліне шабуыл» деп танылды.

Қазанның 7-сі күні апелляциялық сот №2 Қазыбек би аудандық сотының жергілікті заңгер Евгений Танковқа қатысты үкімін өзгеріссіз қалдырды. Танков «сот төрелігін іске асыру кезінде судьяға қоқан-лоқы жасау немесе күш көрсету» және «сотты құрметтемеу» деген екі бап бойынша айыпты деп танылды. Жұртқа оқыс сөздерімен әрі әрекеттерімен танылған заңгер Евгений Танков сот отырысына қатысқан жоқ. Ол «дуэльге» шақырған судья Арай Алшынбеков те сот залында болмады.

Қарағанды облыстық соты қызметкерлерінің Азаттық тілшісіне айтуынша, Танков 20 күн ішінде түрмеге қамалуы тиіс. Судьяның әрекетін заңсыз санайтын оның адвокаты шағым бермек.

Апелляциялық шағымды судья Серік Спанов төраға ретінде қарады. Сот отырысы біресе клиентінің шағымымен танысуға рұқсат сұраған адвокаттың өтінішімен, біресе өтініштерге қатысты шешім қабылдау үшін, біресе үзіліс жариялауға байланысты бірнеше мәрте ауыстырылды. Ақыры түстен кейін судья шешімін жариялады. Сотталған заңгердің адвокатының Танковты сотқа қатыстыру және судьядан бас тарту туралы өтініштері орындалмады. Танковтың адвокаты «маңызды» деп санаған куәгер де тыңдалмады.

Адвокатының Танковты сотқа қатыстыру және судьядан бас тарту туралы өтініштері орындалмады.

– Женяның өзі де сотқа шағым жазып жатыр. Бірақ одан ештеңе шықпады. Женя сотқа қатыспаса да болады деді. Ол «сотты құрметтемеу» бабы бойынша ғана айыбын мойындайды, екінші бап бойынша тағылған айыпты мойындамайды. Ары қарай не болатынын біздің сот жүйесінен сұрау керек, - дейді сотталған заңгердің анасы Валентина Танкова Азаттық тілшісіне.

Биыл шілде айында қарағандылық заңгер Евгений Танков сот отырысында судья Арай Алшынбековпен «шыбын ұрғыш дуэлін» өткізбек болғаны соң үш жылға сотталған. Билік мұны судьяға күш көрсету деп бағалаған.

Судья Арай Алшынбеков «саусағымның сіңірі созылды» дейді.

Танков биылғы наурыз айының 19-ы күні соттағы оқиғадан кейін тұтқындалған. Билік сот отырысы кезінде Танков кенет судьяның жанына келіп, оны «белгілі затпен» ұра бастағанын айтады. Судья Арай Алшынбеков «саусағымның сіңірі созылды» дейді. Танковтың айтуынша, ол судьяны ұрғысы келмеген, тек сот жүйесінің мағынасыздығын көрсетпек болып, судьяны «шыбын ұрғышпен жекпе-жекке» шақырған, бірақ судья мен талапкердің өкілі «әзілді түсінбеген».

Сотталған заңгерді қолдайтын жақтастары көп болып шықты. Facebook желісінде оны қолдаушылар тобы құрылған. Қыркүйекте қарағандылық белсенділер Астанада Танковты қорғау акциясын өткізген. Белсенділер «бұл іске араласып, оның әділ әрі заңдылықты сақтау арқылы қаралуын» қамтамасыз етуін сұрап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған.

Заңгер мен судьяның арасындағы "шыбынқаққыш дуэлін" төмендегі видеодан көре аласыз.

XS
SM
MD
LG