Ата-аналардың айтуынша, орыс тілінде білім беретін №9 мектеп-лицейінде 800-ге жуық бала бар. Бұған дейін екі тілде білім беріп келген екінші мектептегі 600 баланың 150-і қазақ сыныбында оқыған.
– Енді балаларымыз басқа мектепте оқуы керек екен. Біз бұған қарсымыз, – дейді орыс мектебі оқушыларының ата-аналары.
ОРЫС МЕКТЕБІ – 16, ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ – 3
Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Юрий Жулиннің айтуынша, Теміртау қаласында 31 орта мектеп бар. Оның 12-сі – аралас (қазақ және орыс тілдерінде оқытады), 16-сы – орыс, 3-еуі – қазақ мектебі. Теміртау әкімдігі қала орталығында орналасқа №9 мектеп-лицей мен №16 жалпы білім беретін орта мектепті қазақ мектебіне ауыстыруға шешім шығарған.
31 мамыр күні осы екі мектепте оқитын оқушылардың ата-аналары бұл шешімге наразылық білдіріп, №9 мектеп-лицейдің ауласына жиналды. Олар мектептен балаларының құжаттарын алмайтындықтарын, осы
мәселеге байланысты «ақырына дейін күресетіндіктерін» айтады. Қала әкімшілігі ата-аналар комитетінің белсенділеріне «оқушыларды түгел орналастырамыз, орын қарап жатырмыз» деп уәде берген екен. Алайда ата-аналар оған көнер емес.
– Неге менің балам өзінің үйренген мектебінен ауысып, басқа мектепке баруы тиіс? Оның орнына басқа бала келеді екен. Не үшін баламның жаңа мектепке орналасып, үйренісіп кетуіне мен шаршауым керек? Оған қоса баламның психологиялық жағдайын да ойлаймын. Егер мектеп жетіспесе, бұл мәселені әкімшілік өзі шешсін, – дейді №9 мектепте оқитын оқушының анасы Татьяна Тычкова.
БІР СЫНЫПТА – 30 БАЛА
Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Юрий Жулин Азаттық радиосының тілшісіне берген жауабында бұл екі орыс мектебінің тектен-тек таңдалып отырмағанын айтты.
– Қазақша білім беретін екі мектеп қаланың шығысында, ал үшіншісі Теміртаудың оңтүстігінде орналасқан. Біз зерттеп көрдік – қазақша мектепке баратын балалардың басым бөлігі № 9 және № 16 мектеп орналасқан аумаққа шоғырланған, – дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары.
Қазақ мектептерінде 2140 бала, аралас мектепте 1899 бала оқитындығын айтқан әкімшілік өкілі:
– Қазақ мектептерінің қазір оқушы қабылдау мүмкіндігі жоқ. Әрбір сыныпта кемінде отыз баладан отыр, – дейді.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, бұл тек биылғы оқу жылында ғана туындаған мәселе емес. Теміртауда соңғы бірнеше жылда баласын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар саны күрт өскен. «Олар сырттан көшіп келген оралмандар есебінен де артып отыр» дейді Юрий Жулин:
– Біз жасаған сараптама негізінде соңғы бес жылда қазақ мектебіне баратын балалар саны 1 мыңға өскен. Бұл болашақта өсе бермек.
«АҚШАНЫ МУЗЕЙГЕ ЕМЕС, МЕКТЕПКЕ ЖҰМСАСЫН»
Наразы ата-аналар қала мектептерінде орын жоқ екендігін, балаларын басқа мектептердің қабылдамай жатқанын айтады. Алайда әкім орынбасары оны жоққа шығарды.
– Бұл мәселені шешім қабылдамас бұрын қарастырған болатынбыз.
Ата-аналармен кездескенімізде өздері толық қолдаған. Оқушы өзі қалаған кез-келген мектепке барып оқуына болады, – дейді әкімнің орынбасары.
Оның айтуынша, мектеп жабылып жатқан жоқ. Сондықтан кейбір сыныптарды басқа мектепке мұғалімдерімен қоса орналастырады.
№9 мектеп-лицейде оқитын оқушының анасы Светлана Кельдиярова:
– Шенеуніктер жаңа мектеп салуға ақшаны аяп отыр. Олар оның орнына жаңа музей, су бұрқақтарын салып, ақшаны босқа құртады, – дейді.
Талаптары орындалмаса, ешқайда кетпейтіндіктерін айтқан ата-аналар «керек болса, аштық жариялайтындарын» мәлімдеді.