Accessibility links

Боқаев пен Аян «экстремистер» тізімінде жүр


Сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.
Сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

Атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның аты-жөні терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізімінде жүр. Қамаудағы белсенділердің қазір қайда екені әзірше белгісіз.

Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізімі Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты қаржылық мониторинг комитеті сайтында жарияланған. Сот экстремистік және террористік сипаттағы қылмыс жасады деп таныған адамға қатысты заңды күшіне енген сот үкімі осы тізімге енгізуге негіз болып саналады. Мұндай тізім «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабына сәйкес түзіледі.

Мұндай тізім «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабына сәйкес түзіледі.

Биліктің жер кодексіне қарсы 2016 жылғы сәуірдің 24-сінде Атырауда өткен жаппай стихиялық шеруге қатысқаннан кейін азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпар таратты» және «митинг өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 5 жылға сотталған. Өткен айда Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы ол үкімді күшінде қалдырған.

174-бап бойынша («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни алауыздық тудыру») сотталғандардың ішінде терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне екеуінен өзге ілінген белсенділер де бар.

174-БАП

Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина Азаттыққа әлгі тізіммен алғаш рет 2016 жылдың басында екі және үш жылға сотталған Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты әлгі тізімнен көрген кезде танысқанын айтады. Жарым-жартылай өкінгеннен кейін екеуінің жазасын еркіндігін шектеу жазасына ауыстырған.

Былтыр Астанада тұратын азаматтық белсенді Болатбек Біләловті, ал кейін Оралда белсенді Жанат Есентаевты да 174-бап бойынша соттаған. Олар да өкінетінін мәлімдеген немесе жұрт алдында кінәсін мойындаған.

Олардың бәрінің еркіндігі әр түрлі мерзімге шектелген, бірақ белсенділердің деректерін Қазақстан қаржы министрлігі сайтындағы терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізген.

– 174-бап бойынша еркіндігі шектелген адамдар еш жерде жұмыс істеп немесе әлдебір қызмет түрімен айналыса алмайды, өйткені олардың банктегі есеп-шоттары автоматты түрде бұғатталып, тексеріледі, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина. Женева, 22 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина. Женева, 22 маусым 2016 жыл.

Астаналық белсенді Болатбек Біләловтің адвокаты болған Аманжол Мұхамедияровтың айтуынша, әлгі тізімге енгізуге қатысты шағымданудан ештеңе өнбейді, сондықтан оған ілікпеу үшін экстремистік баптар қатарына араздықты қоздыру туралы 174-бап та енгізілген қылмыстық кодекстің 3-бабын өзгерту керек

– «Террорлық даярлықтан өту» бабын алайық. Ұлтаралық араздықты қоздыру қылмыс құрамы да осындай ауыр қылмыстармен қатар қоғамдық қауіпті қылмыстарға жатады. Оларды мүлде салыстыруға болмайды, бірақ оларды теңестіріп, экстремистік қылмыстар қатарына қосқан, – дейді Аманжол Мұхамедияров.

Бұған қоса, оның айтуынша, сотталған адамдар терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен тіпті ешқашан айналыспаса да шектеу қойылады. Кезінде әлгі ережелер өзге мақсаттармен қатар экстремизм мен терроризмге тосқауыл қоюды көздеп енгізілгені айтылған.

– Өте көп жайттарды осы бапқа қосып, сосын адамды экстремизмге қатысты айыптап, өмірін шектеуге болады, – дейді Аманжол Мұхамедияров.

«ЭТАПТА»

Сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның қазір қайда екені нақты белгісіз. Жақтастары екеуін жазасын өтеу орнына этаппен әкеткенін айтады. Туыстарының айтуынша, Макс Боқаевты елдің батысынан солтүстіктегі Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 мекемесіне Қазақстанның оңтүстігі арқылы этаппен жөнелткен.

Сотталған белсенділер жазасын заңға сәйкес тұрғылықты жеріне жақын маңда орналасқан жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Бірақ атыраулық «Заман» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Әсел Нұрғазиева Боқаев пен Аянды екі түрмеге жіберуі мүмкін деп алаңдайды.

Макс Боқаев пен Талғат Аянға шығарылған үкімді Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы айыптаған. Ертеректе Еуропа Одағы Қазақстан билігін екеуін босатуға шақырған. БҰҰ сарапшылары «Боқаев пен Аянды қудалаудың саяси астары бар» деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG