Accessibility links

«Заңсыз жиын» айыппұлын несие алып төлегендер бар


"Новая жизнь" шіркеуінің жиыны. Қазақстан, 2013 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)
"Новая жизнь" шіркеуінің жиыны. Қазақстан, 2013 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)

Биыл Қазақстанда діни азшылық бірлестіктерінің 116 өкіліне кем дегенде 142 айыппұл салынды. Көбінің айыппұл төлеуге шамасы келмейді. Оны төлеу үшін несие алғандар да бар.

Тіркелмеген «Новая жизнь» шіркеуінің бұрынғы басшысы, 66 жастағы зейнеткер Александр Балаевқа 174 мың теңгедей (шамамен 1 мың 140 доллар) айыппұл салынған.

Оның айыппұлын зейнетақысынан ұстап қалып жатыр. Ал айыппұл төлей алмаған шіркеуге келуші әйелдердің бірі Ресейдегі туыстарына барып келуге рұқсат берілмеген соң несие алған. «Заңсыз құлшылық етуге» қатысқаны үшін салынған айыппұлды ауылда тұратын азаматтардың көбі төлей алмайды.

76 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯҒА САЛЫНҒАН АЙЫППҰЛ

«Новая жизнь» шіркеуіне келуші бірнеше адамға 87 мың теңге (870 долларға жуық) айыппұл салынған. Билік оларды «заңсыз діни жиналысқа қатысты» деп айыптайды. Ал олар пасха мерекесін атап өткендерін айтады.

«Форум-18» ұйымының хабарлауынша, Нина Афанасьева, Наталья Мананская, Олег Савицкий, Виталий Савицкий, Алексей Мурай және Екатерина Балаеваға (Александр Балаевтың әйелі) айыппұл салынған. Олар - Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданындағы Ресеймен шекаралас Жезкент кентінің тұрғындары. Айыппұл салынған азаматтар арасында 76 жастағы қарт әйел де бар.

"Новая жизнь" шіркеуінің жиыны. Қазақстан, 2013 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)
"Новая жизнь" шіркеуінің жиыны. Қазақстан, 2013 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)
Александр Балаевқа «тіркелмеген діни бірлестіктің қызметін басқарғаны», ал қауымның қалған мүшелеріне «бірлестіктің қызметіне қатысқаны үшін» айыппұл салынған.

Наурыздың 31-і - католиктердің пасха мерекесі күні Бородулиха ауданы Жезкент кентіндегі тіркелмеген «Новая жизнь» шіркеуін басқаратын Александр Балаевтың үйіне полицейлер мен жай киім киген адамдар келген. Олар тінту жүргізіп, бәрін камераға түсіріп әкеткен. Кейін діни мерекеге қатысқан тоғыз адамның үстінен әкімшілік іс қозғалып, іс сотқа жіберілген.

Балаев қазір Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы тіркелген «Новая жизнь» шіркеуінің Жезкенттегі филиалын басқарады. Азаттық тілшісіне айтуынша, құқық қорғаушылардың мақаласында айыппұл салынған тағы екі адам туралы айтылмаған.

- Тізімде Гүлнәр Имрамзиева жоқ. Оған да 50 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Мерекелік құлшылыққа қатысқан тоғыз адамға да әкімшілік іс қозғалды. Тоғызыншы адам – 76 жастағы Галина Ильинична Гилева. Әлгі жайттан қорқып кеткен оның жүрек талмасы ұстап, ауруханаға жатып қалды. Оған көктамырдан екпе салды. Кейін ол кісіні Новосибирскіде тұратын баласы алып кетті. Бірақ оған бәрібір сырттай 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салып қойды, - дейді Азаттық тілшісіне Александр Балаев.

Штаб-пәтері Ослода орналасқан Forum 18 халықаралық құқық қорғау ұйымы сарапшылары «Қазақстандағы айыппұл салынған басқа діншілдердің аты-жөндері журналистер мен құқық қорғаушыларға белгісіз. Шенеуніктер бұл жайында ақпарат беруден бас тартты» деп жазады.

ШАМА КЕЛМЕЙТІН АЙЫППҰЛ

Ауыл тұрғындарының мұндай үлкен айыппұлды төлеуге шамасы келмейді. Балаевтың айтуынша, «сот орындаушылары әуелі айыппұлды зейнеткерлердің бүкіл зейнетақысын, ал жұмыс істейтіндердің бүкіл жалақысын ұстап қалып төлетпекші болған». Оның үстіне, сот олардың баспанасы мен дүние-мүлкіне қамау салу туралы қаулы шығарған.

Қазақстандағы "Новая жизнь" шіркеулерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы "Новая жизнь" шіркеулерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Зейнеткерлер «бүкіл зейнетақымызды ұстап қалса, қалай күн көреміз?» деп шулаған соң сот орындаушылары зейнетақының 50 пайызын ғана ұстау туралы шешім шығарған. Енді Балаевтың 62 мың теңге (400 долларға жуық) зейнетақысынан мемлекет пайдасына ай сайын 31 мың теңге (200 доллардай) ұстап қалады. Ал 30 мың теңге (200 долларға жуық) зейнетақы алатын әйелі Екатерина Балаевадан ай сайын 15 мың теңге (100 доллар шамасында) ұстайды.

- Бәрімізден де Гүлнәр Имрамзиеваның жағдайы мүшкіл. Жасы 45-те, әлі жұмыс істейді. Оған қатысты қаулыда «бүкіл жалақысы ұсталсын» деп жазылған. Кезекті еңбек демалысына шығайын деп жатқанда жұмыс орнына қаулы жіберген. Сөйтіп, демалысқа төленетін ақшасын бермей қойды. «Бұларың не?» деп жылағанымен, оны мүлде тиынсыз қалдырды , - дейді Александр Балаев.

Оның айтуынша, айыппұл салынған адамдар сот орындаушыларының қызметі үшін айыппұлдың 10 пайызы көлемінде қосымша ақша төлеуі тиіс.

АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУ ҮШІН НЕСИЕ АЛУ

Айыппұлын толық төлемегендер Қазақстаннан тысқа шыға алмайды. Жезкент Қазақстан-Ресей шекарасына таяу орналасқан. Айыппұл салынған адамдардың көбінің туыстары Ресейде тұрады.

- Нина Афанасьеваның туыстары Алтай өлкесінде тұрады. Оған «айыппұлды толық төлемей шетелге шыға алмайсың» деп ескерткен. Ресейдегі қызы тұрмысқа шығатын болғасын, несие алып, айыппұлын толық төлеп құтылды. Несиеге қосылған пайыздарды қосқанда 67 мың теңге 100 мың теңге (700 долларға жуық) болды. Мазаламасын деп бүкіл соманы төледі. Ол кісі Алтай өлкесінде тұратын туыстарына жиі барып тұрады, - дейді Александр Балаев Азаттық тілшісіне.

Алматыдағы "Новая жизнь" шіркеуіндегі құлшылық кезінде ән айтып тұрған адамдар. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы "Новая жизнь" шіркеуіндегі құлшылық кезінде ән айтып тұрған адамдар. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Айыппұлмен жазаланғандар Бородулиха ауданы әкімшілік соты шешіміне қарсы жоғарғы сотқа дейін шағымдануға тырысқанымен, еш нәтиже шықпаған.

- Қыркүйек айының аяғында жоғарғы соттан «алдымен бас прокуратураға жазыңдар, жоғарғы сот шағымдарыңды содан кейін ғана қарайды» деген хат келді. Бас прокуратураға қазан айында жазғанбыз, енді жауап күтіп отырмыз, - дейді Александр Балаев.

СОТ ШЕШІМДЕРІ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫРАДЫ

Forum 18 ұйымы деректері бойынша, 2013 жылы баптист шіркеулері кеңесі мен «Иегова куәгерлері» шіркеуі, кришнаиттер мен басқа да діни азшылық бірлестіктері өкілдеріне айыппұл салынған. Олардың ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына бағынбайтын мұсылмандар бірлестіктері де бар. Діни кітаптарды лицензиясыз, әрі сатуға рұқсат етілмеген орындарда саудалағаны үшін діни азшылық өкілдерін әкімшілік қамауға алған оқиғалар да болған.

Forum 18 ұйымының жазуынша, әдетте өз қауымдарын мемлекеттік органдарда тіркемейтін баптист шіркеулері кеңесі өкілдері «дін ұстану еркіндігі құқығын шектеу» деп есептеп, айыппұлды төлемейді. Сондықтан айыппұл салынған баптистерге Қазақстаннан шығуға тыйым салынған.

Құқық қорғаушылардың деректері бойынша, кейбір азаматтарға бірнеше мәрте, тіпті бес реттен айыппұл салынған. Айыппұл көбінесе міндетті мемлекеттік тіркеуден өтпеген қауымға құлшылық ету үшін жиналғаны үшін, рұқсат етілмеген орында мемлекеттік лицензиясыз діни кітаптарды таратқаны немесе сатқаны үшін, рұқсат етілмеген миссионерлік қызметі үшін салынған. Діни азшылық бірлестіктері өкілдерінің шағымдарын қараған жоғары сот инстациялары әдетте төменгі сот инстанциялары шешімдерін өзгеріссіз қалдырады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG