Accessibility links

Ақтөбелік үш жігіт «лаңкес» ретінде сотталды


Сотталған Нұрсұлтан Теңізбаевтың туысы Кенжеғали Теңізбаев сот үкімін естіген сәт. Ақтөбе, 19 ақпан 2013 жыл.
Сотталған Нұрсұлтан Теңізбаевтың туысы Кенжеғали Теңізбаев сот үкімін естіген сәт. Ақтөбе, 19 ақпан 2013 жыл.

«Арақ зауытын жармақ болды» деген айыппен сотталғандардың бірі кәмелетке толмаған. Олардың үкімге наразы туыстары «азаматтықтан бас тартатындарын» айтты.

Ақпанның 19-ы күні жасөспірімдер ісі жөніндегі Ақтөбе қалалық соты «лаңкестікті насихаттады» деген айыппен (қылмыстық кодекстің 233-бабы 1-бөлімінің 2-тармағы) 17 жастағы Саламат Ахетті 3 жылға, 18 жастағы Арслан Жақаев пен 19 жасар Нұрсұлтан Теңізбаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Үкімді судья Нұрлыбек Ормаханов шығарды.

«ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС»

Тергеу кезінде бұл азаматтарға «арақ шишасының сыртына Алланың атын жазған» Ақтөбедегі «Геом» алкогольдік ішімдік өндіруші компаниясының ғимаратын жарып жібермек болды» деген айып тағылған еді.

Сотталушылар да, олардың туыстары да бұл айыпты мойындамайды. Сот үкімі оқылғаннан кейін сотталушы Саламат Ахеттің адвокаты Төлеген Бөлек «облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіретінін» айтты.

Саламат Ахеттің әкесі Амандық Ахетов «бұл – қолдан жасалған қылмыстық іс» дейді. Оның сөзіне қарағанда, арнайы «жансыз» жастардың сеніміне кірген. Кейін қылмысқа үгіттеп, үйіне ауызашарға шақырған күні сөздерін таспаға түсіріп алған. Оның сөзінше, «жансыз» осыған дейін де «лаңкестердің» үстінен қозғалған екі қылмыстық іске куәгер болған.
Сотталған Саламат Ахеттің әкесі Амандық Ахетов үкімге наразы екенін айтып тұр. Ақтөбе, 19 ақпан 2013 жыл.
Сотталған Саламат Ахеттің әкесі Амандық Ахетов үкімге наразы екенін айтып тұр. Ақтөбе, 19 ақпан 2013 жыл.

Азаттық тілшісінен аты-жөнін атамауды сұраған жас жігіт сотта осы қылмыстық іс бойынша куәлік еткенін айтты. Ол:

- Арақ зауытын («Геомды» - ред.) жару туралы әңгімені бастаған басқа адам болатын. Сот кезінде ол бәрін Саламатқа (Ахет – ред.) жаба салды. Мен тергеушілерге де, сотқа да көргенімді айттым. Бірақ оған ешкім құлақ асқан жоқ, - деді.

ШАРАСЫЗДЫҢ ЗАРЫ

Процесс жабық болғандықтан сотталушылардың туыстары да, журналистер де сот залына үкім оқылар кезде ғана жіберілді. Судья Нұрлыбек Ормаханов өз үкімін аяғына дейін оқып болар-болмастан шағын залды әйелдердің зар илеп жылаған және күштік құрылымдарды қарғап-сілеген дауыстары жаңғыртып жіберді.

- Оң-солын танып үлгермеген баланы бір ауыз сөзі үшін соттауға бола ма? Бұларды түрмеге топырлатқаннан КНБ-нің көрсеткіші жақсарар, басқа кім не ұтады? - деп жылады Саламат Ахеттің анасы Анар Ахетова.

Сотталған Нұрсұлтан Теңізбаевтың әпкесі Бәтима:

- Нұрсұлтан 10 жастағы сіңілім мен жүйкесі ауыратын анамның жалғыз асыраушысы еді. Әркімге жалданып, күніне 2-3 мың теңге тауып келетін. Ол тұтқынға алынғалы анам мен сіңілімді жалдамалы пәтердің қожайыны үйінен қуып шықты. Енді туыстардың үйіне кезек қонып, қаңғып жүр, - деді.

Сот үкімін естіген соң бетін басып ұзақ жылаған Кенжеғали есімді азамат (Нұрсұлтан Теңізбаевтың туысы) пен өзге де сотталушылардың туыстары басқа лаждары қалмағанын, енді наразылықтарын Қазақстан азаматтығынан бас тарту арқылы білдіретіндерін мәлімдеді.

Ақтөбеде сотталғандардың наразы туыстары
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:14 0:00

Азаттық ақтөбелік «Геом» компаниясы шығарған «Бәйтерек» арағының безендіруінде кеткен қателіктің жергілікті мұсылмандардың ашуына тигенін және өндірушінің кейін бұл мәселеге қатысты кешірім сұрағанын жазған болатын. Бөтелкесінің сыртында Астана қаласындағы Бәйтерек монументінің суреті бар, көлемі 0,5 және 0,7 литрлік арақ саудаға 2011 жылғы желтоқсан айында шығарылған. Бірақ шишаның мойнындағы арабша «Алланың құдыреті бәріне жетеді» деген жазуға ешкім мән бермеген. Былтыр семейлік бір тұрғын наразылық білдіргеннен кейін ғана бұл оқиға жұртқа мәлім болды.

2012 жылғы сәуір айында Ақтөбеде бір топ мұсылман осы оқиғаға байланысты митингіге шығып, "Геом" арақ зауытын жабуды талап еткен еді. Көп кешікпей ҰҚК үш жас ақтөбеліктің үстінен «Геом» компаниясының ғимаратын жарып жібермек болды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

«Геом» алкогольдік ішімдік өндіруші компаниясын жарып жібермек болды» деген айып даулы арақ шишасы өндіріске шықпай тұрып-ақ 2009 жылы басқа бір ақтөбелік – Азамат Кәрімбаевқа да тағылған.
XS
SM
MD
LG