Accessibility links

Ғылымға адал азамат еді


Шығыстанушы Тимур Бейсембиев. Сурет отбасылық альбомнан алынды.
Шығыстанушы Тимур Бейсембиев. Сурет отбасылық альбомнан алынды.

Кеше шығыстанушы ғалым Тимур Бейсембиев жерленді. Тоқсаннан асқан науқас анасына қарайлап жүріп, алпыстан асқан жасында өзінің кетіп қалғаны туыстары мен әріптестеріне ауыр тиді. Оның ғылымдағы орны да үңірейіп қала берді...

Әдетте, ортанқол шығыстанушы кемінде үш шығыс, үш батыс тілін меңгеруі керек деген түсінік бар. Бірақ Тимур Бейсембиев он төрт тілге жетік болды. Ғалым Орталық Азиядағы мемлекеттік идеология және Орталық Азия тарихына қатысты парсы және түркі тілдеріндегі деректерді зерттеді. Өзі де парсы тілінің орта ғасырлардағы сарай тілі нұсқасын жақсы білетін. Ол парсыша сөйлегенде де көбіне парсы тілінің осы нұсқасын қолданатын. Бүгінде қолданыстан шығып қалған сарай тілі нұсқасымен сөйлеу арқылы да ол төңірегін өзіне баурап алатын. Әсіресе, ғылыми сапармен Иранға барған кездерінде олардың өзіне де таңсық көрінетін ескі тілде сөйлеу Тимур ағаның әдеті болатын.

Тимур Бейсембиевтің парсы тілін үйренуі де қызық. Ол ұстазы Вениамин Юдиннің үйірмесіне барып жүріп-ақ парсы тілін үйренген. Бірте-бірте парсы тіліндегі кез-келген қолжазбаны оқитын дәрежеге жетеді. Ақыры, үйірмеден ұшталған қызығушылық оны үлкен ғылымға бастап әкелді.

Ол бірнеше тілде 200-ден астам мақала мен алты монография жазып кетті. Монографиялары да көлемді әрі дерек пен тұжырымға бай болатын.

Шығыстанушы Тимур Бейсембиевтің еңбектері.
Шығыстанушы Тимур Бейсембиевтің еңбектері.

Тимур Бейсембиевтің алғашқы еңбегі «Та’рих-и Шахрухи» как исторический источник» деп аталатын. Қоқан хандығы тұсында жазылған «Шахрух тарихын» алғаш рет Тимур Бейсембиев зерттеп ғылыми айналымға енгізді. Ол Қоқан хандығы тарихын зерттеуге 30 жылдан аса өмірін арнады. Нәтижеде Токиода ағылшын тілінде «Annotated Indices to the Kokand Chronicles» деп аталатын еңбегі жарық көрді. Кейіннен елде орыс тілінде «Кокандская историография: Исследование по источниковедению Средней Азии XVIII–XIX веков» деп аталатын монографиясы шықты.

Ол Токио университеті жанындағы Азия және Африка тілдері мен мәдениеті ғылыми зерттеу институтының шақыртуымен Жапонияда да жұмыс істеді. Тимур Бейсембиевтың тағы бір монографиясы Ұлыбританияның атақты Routledge баспасынан жарық көрді. Баспа шығыстанушының «Mulla Muhammad Yunus Djan Shighavul Dadkhah Tashkandi. The Life of ‘Alimqul. A Native Chronicle of Nineteenth Century Central Asia» деп аталатын еңбегін басып шығарған.

Тимур Бейсембиевтің ғылыммен айналыса жүріп, аудармашылыққа да ден қойған кездері болды. Ол Садид ад-Дин Мухаммад Ауфидің парсы тіліндегі «Хикаялар жинағын» да орыс тіліне аударды. Ол «Хикаялар жинағының» барлық нұсқаларын ұзақ уақыт бойында ерінбей іздеп тауып салыстырып барып аударған еді. Кезінде қазақстандық баспасөздің бірінде Тимур Бейсембиев аударған Ауфидің хикаялары тізбекті түрде жарияланып тұрды.

Тимур Бейсембиев зерттеген тақырыптар оның жеке жетістігі ғана болып қойған жоқ, оны шет елдерде Қазақстан шығыстануының жемісі ретінде де қарастыратын.

Көптеген ғалыммын дейтін адамдарға жетіспейтін үлкен тұлғалылық пен кісілік бір Тимур Бейсембиевтің бойынан табылып жататын. Өзі тарих ғылымының кандидаты болса да, атқарған еңбегі еңбегі әлдеқайда ауқымды еді.

Тимур Бейсембиев диплом қорғау кезінде анасымен отыр. Алматы. 1977 жыл. Сурет отбасылық альбомнан алынды.
Тимур Бейсембиев диплом қорғау кезінде анасымен отыр. Алматы. 1977 жыл. Сурет отбасылық альбомнан алынды.

Қайтыс болар алдында Тимур ағаны әл-Фараби университетінің шығыстану факультетіне арнайы шақырып, студенттер және оқытушылармен кездесу ұйымдастырып, лекциясын тыңдауды жоспарлап қойған едік. Алайда ол кісі әуелі науқас анасына қарайлап, соңынан өзі де сырқаттанып кездесуді кейінге қалдырумен болды. Мұны тағдыр дейтін шығар, басқа дейтін шығар, бірақ ғалымның ортамызға қайтып оралмайтыны өкінішті. Басқа елдердің ғалымдары Тимур Бейсембиевтің білімін, еңбегін жоғары бағалап жатқанда Қазақстанның академиялық ортасынан шағын ғана топ оны Кеңсай зиратында соңғы сапарға шығарып салды...

Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG