БАС ЖОСПАРҒА ҚАТЫСТЫ ИДЕЯЛАР
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев маусымда Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп атау туралы жарлыққа қол қойып, облыс орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына ауыстырды. Президент "Түркістан қаласы ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен бүкіл түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің жүрегіне айналғанын" атап өтті.
Жарлыққа қол қойыла салысымен шенеуніктер қаланың жаңа бас жоспарын жасау туралы әңгіме көтерді. Түркістанда маусым айында өткен отырыста Қазақстан Инвестициялар және даму жөніндегі вице-министрі Қайырбек Өскенбаев алдымен үздік бас жоспардың тұжырымдамасына халықаралық байқау жариялайтынын, оны жүзеге асыруда Астананы салу тәжірибесі есепке алынатынын айтты.
Түркістанның жаңа бас жоспары әлі бекітілген жоқ, оған қатысты түрлі идеялар айтылып жатыр. Түркістан облысының ресми facebook-аккаунты облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың сөзін келтіреді: "Түркістандағы тұрғын үйлер көп қабатты болмайды. Үйдің биіктігі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Кесене барлық жақтан көрініп тұруға тиіс. Үйлер ортағасырлық архитектура стилінде салынады. Солайша елімізде тым құрыса бір қала тарихи сәулетін сақтайды". Кесененің биіктігі 39 метр, ал бес қабатты үйдің орташа биіктігі 15 метрден аспайды.
Оған қоса, қаланы туристерге тартымды ету туралы ұсыныстар бар. Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, 2018 жылдың бірінші жартысында Түркістанға 678683 турист келген, туризмнен 1 миллиард 495,5 миллион теңге пайда түскен.
Туристік бизнес көрсеткішін арттыру үшін жергілікті билік "Көне Түркістан" тұжырымдамасын жасады, оған сәйкес туризм индустриясын дамыту, этнопарк салу және орталық көшелерді қайта жасау жоспары бар.
Бірақ тарихшы ғалымдар қаладағы белсенді құрылыс жұмыстары Түркістанның тарихи мұрасына кесірін тигізуі мүмкін деп алаңдайды, көптеген археологиялық нысандар әлі зерттелмеген, археологтар оларды енді қолға алмақ.
БЕКІНІС ОРНЫНА ЖАҢА ҮЙЛЕР
Ортағасырлық қалашық Шойтөбені археологтар 10-12 ғасырдың мұрасы деседі. Олар араб дереккөздерінде аталатын, кейін жоғалып кеткен Шаугар қаласы осы жерде болған деген болжам ұсынады.
Қазіргі Түркістаннан Шойтөбеге бару үшін шаңы бұрқыраған даламен 6 шақырым жол жүру керек. Бір кездері бұл жерде қалашық болғанын шөп басқан биік төбеден ғана байқай аласыз. Ғалымдардың айтуынша, мыңдаған жыл бұрын төбенің орнында қамал болған, өмір қайнап жатқан.
Төбеге Түркістан аумағының ортағасырлық ескерткіштері жөніндегі белгілі маман, тарихшы Ерболат Смағұловпен бірге көтерілдік. Бұрынғы қамалдың үстін кірпіш пен керамика сынықтары басқан – ортағасыр дәуірі аяғымыздың астында жатыр. Әр жерден үңірейген шұңқырлар көрінеді.
Жақында бұл маңда барлау қазба жұмыстарын жүргізген археологтар ортағасырлық хамам моншасының қираған орнын тапты. Ғалымдардың айтуынша, ол ерекше жоспармен салынған (су жүргізетін құбыры мен еден асты жылыту жүйесі болған). Қазір қазба жұмыстары тоқтап тұр – ауқымды әрі көп еңбекті талап етеді, сондықтан мұқият дайындалу керек.
- Назар аударыңыз, айналамыздағы 8-9 гектар жер мемлекеттің қорғауына алынған, - дейді Ерболат Смағұлов. - Жергілікті "Әзірет Сұлтан" музей-қорығында осы аумақтың мемлекеттік актісі бар. Бірақ жақында жергілікті топографияны зерттей келе, қала көлемі қорғауға алынған аумақтан он есе үлкен екенін анықтадық. Маңында, бір жарым километрге дейін, 13-14 ғасырдың мәдени тобының белгілері бар.
Демек, бұл қалашықта бірнеше тарихи қабат бар, оның аумағы ортағасырлық дәуірде біздің аймағымызда болған қала мәдениетінің даму ауқымын көрсетеді. Ерболат Смағұловтың айтуынша, Түркістанның бас жоспарын жасаған кезде "өте ыңғайлы жер" болғандықтан бұл аумақ белсенді құрылыс аймағына кіруі ықтимал, жобалаушылар мұнда жаңа әкімшілік орталық салғысы келулері мүмкін. Сондықтан тарихшылар жаңа Түркістан құрылысы аумағында археологиялық ескерткіштерге ревизия жүргізу керек деп санайды.
- Біз, ғалымдар, осыны облыс басшылығына жеткізгіміз келеді, - дейді Ерболат Смағұлов. - Егер ескерткіштер бас жоспарға енгізілмесе, тарихи нысандар құриды, солайша Түркістанның тарихи қала және Қазақстанның рухани орталығы деген атауына үлкен залал келеді.
Жергілікті шенеуніктер Түркістанның бас жоспарын жасаған кезде бірінші кезекте қаланың тарихи маңызын есепке аламыз дейді. Түркістан облысының архитектура және қала салу басқармасының жетекшісі Еркін Жүсіпов Азаттыққа қаланың бас жоспарын археолог-ғалымдармен бірлесіп жасайтындарын айтты. Оның сөзінше, биыл тұжырымдамасы бекітілді, ал бас жоспар тек 2019 жылы дайын болмақ.
- Бас жоспарда қаланың тарихи бөлігі міндетті түрде қамтылады, әркез солай болған, - деді Жүсіпов. - Археологтар комиссия құрамына кірді, олармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бас жоспарға келсек, оны ары қарай жетілдіру үшін қаржы іздеп жатырмыз.
КЕСЕНЕ МЕН ЖАҢАДАН ТАБЫЛҒАН ЗАТТАР
Түркістанның ең көрнекті жері – Қожа Ахмет Яссауи (әйгілі сопылық дәстүр ақыны және жаршысы) кесенесі. Алып ғимаратты 1395 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен салып бастаған. 1405 жылы Әмір Темір дүниеден өткен соң, сол кезде салынып бітуге жақын қалған кесене жұмыстары тоқтап қалған. Алты жүз жылдық тарихы бар ағаш бөренелер архитекторлардың құрылыс жобасы қаншалықты ауқымды болғанынан хабар беріп, туристерді таң қалдырып, әлі күнге дейін қабырғаны керіп тұр.
Кесене туралы аңыздар көп айтылады. Оның кірпіші Сауран қаласында дайындалған деседі, саурандық балшықтың сапасы жоғары болған. Құрылыс материалын ерекше әдіспен жеткізіпті: адамдар Саураннан Түркістанға дейін тізбектеліп тұрған (шамамен 40 километр), солайша кірпішті қолдан-қолға беріп жеткізген деседі. Бұл аңыз ба, шындық па - белгісіз.
Жақында археологтар Түркістаннан бірнеше километр қашықтықта, Қарашық өзенінің жағасынан кірпіш күйдіруге арналған пеш қалдықтарын тапты. Көлеміне қарағанда кірпіш ортағасырлық нысандарға арнап жасалған тәрізді. Соған қарап, кесене кірпішін құрылыс алаңына жақын маңда әзірлеген деген болжам туады.
- Кірпіш күйдіруге арналған пешті тазалап шықтым, бірақ ол соншалықты үлкен емес, - дейді Ерболат Смағұлов. - Әзірге пештің 6 қалдығын таптық, өзен жағалаудың біраз бөлігін шайып кеткенін ескерсек, олардың саны көп болған. Қазір қазба жұмыстарына барлау жасап жатырмыз, ескерткіштің уақыты мен мәдени тегін анықтамақпыз.
Ерболат Смағұловтың айтуынша, ғалымдар пештің 14-ғасырдың соңында жұмыс істегенін дәлелдесе, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салған кірпіш осы жерде күйдірілді деген болжам жасауға болады.
- Зерттеу бағдарламасын жасап қойдық, енді соған қаржы бөлетін инвестор керек. Көп күш жұмсамаспыз деп ойлаған едік, бірақ қазба жұмыстарының көлемі өте ауқымды, - дейді тарихшы Ерболат Смағұлов.
ПІКІРЛЕР