Accessibility links

Менің достарым


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Сонымен, осы қалада қазір екі-ақ түрлі xалық қалдық. Бірі - аты-жөні белгісіз, бізге қарап аузын ашқан қалың көпшілік... Сосын, жердің құты, елдің қаймағы, өмірдің қызығы мен шырайы - мына біздер...

Бәрі - рас. Өмірде - "тең - теңімен, тезек - қабымен". Досты да адам өз теңінің арасынан іздейді. Өзіме теңдес іздеп, қайда сабылмадым... Жай адамдарға дос та, сүйген жар да оп-оңай жолығады. Ал маған - қиын. Қиын болатыны - дүниеде екеу болса, бірі - мен, біреу болса - соның өзімін!.. Менің атым... - Тамаша. Бұл есім - менің тұлға ретіндегі сапа-болмысымның, қадір-қасиет, статусымның айқындамасы. Өзім солай түсінемін... Мұндай адамға тең тауып көріңіз!.. Қиын, қиын...

Бірақ мен үлкен шаһарда тұрамын. Онда кім жоқ дейсіз... Атақтылар мен жұлдыздар тотықұстай түрленіп, бірін-бірі көруге баратын және содан өздері еш жалықпайтын жиын-кештердің бірінде таптым, ақыры, руxтас-сырлас теңдестерімді. Енді менің достарым бар!.. Менің достарымның аты - Асқан, Зор, Керемет, Ғажап, Біртуар... Арамызда Өте, Әсіре сияқты қыздарымыз да бар... Айтарлықтай, Әжептәуір деген біреулер қатарымызға ұмтылып көрді, бірақ оларға - қайда... Егіз қозыдай Көп-көрім, Тәп-тәуір дегендер де достыққа сұранып, мазаны алды. Бұлар жай көпшіліктен сәл жоғары болғанмен, бізден көп төмен - қай бетімен жанымызда жүрмек?! Оларды жолатпай, қудық. Көп кешікпей бізге Жойдасыз деген бір мықты келіп қосылды. Іле-шала, кезінде жер өртеп аты шыққан Сұмдық мырза - атышулы Сұрапыл деген досын ерте келді. Міне, бұлардың жөні басқа... Бастас, дәрежелес тұлғалармен дос болудың өзі бір ғанибет!.. Біріміз саясатшы, біріміз ақын, енді біреулеріміз - әнші, биші, бизнесші... Кім жоқ дейсіз арамызда!.. Шетімізден жердің құты, елдің қаймағымыз... Бәріміз "өте-мөте" деп еркелететін Өте сұлу мен шашын он күн тарап, бес күн өрген Әсіре сылқым инстаграмнан шықпайды. Виртуалды жігіт-желең, қыз-қырқынның бәрі осы екеуінің соңында... Қайдан білсін, екеуінің тек өздеріне өздері ғашық шіркіндер екенін... Олар тұрмақ, қара басына жан теңгермейтін мына біз сияқты асқан-тамаша, ғажайып-зорлардың өзін мұрнын тескен тайлақтай жетекке алып, мазақ қылып ойнап жүргенін...

Айтарлықтай, Әжептәуір деген біреулер қатарымызға ұмтылып көрді, бірақ оларға - қайда... Егіз қозыдай Көп-көрім, Тәп-тәуір дегендер де достыққа сұранып, мазаны алды. Бұлар жай көпшіліктен сәл жоғары болғанмен, бізден көп төмен - қай бетімен жанымызда жүрмек?!

Әрине, көкірегіміз, өзімшілдігіміз қарайлас болғандықтан, арамызда келіспеушілік болмай тұрмайды. Ұрысып қалғанда:

- Ей, Асқан, асып бара жатқан нең бар сенің?!.
- Ал сенің қай жерің Ғажап?!. - деп, шап-шап ұстаса кетеміз.

Татуласқанда, бір-бірімізді:
- Қандай Кереметсің!..
- Неткен Ғажап едің!..
- Сұмдықсың сен!.. - деп мақтаймыз.

Осы қаладағы әрқилы марапат-мақтауға ие болатын, көбінесе - өзіміз. Сылдырмақ-сөлкебай, төс белгілерде есеп жоқ. "Аяулы ару" атағын жыл сайын біздің Өте қыз бен Әсіре сылқым кезек-кезек алады!.. Атымызға қарап, "Шаһар жұлдызы", "Әйдік тұлға", "Ел ардағы" сияқты атақтарды бізге бере береді, бере береді... Соның өзінде, шекісіп қаламыз. Кім осы атақтарды кезектен тыс көбірек алып қойды, марапат қайсымызға көбірек айтылды, кім артығырақ мақталды... Ең аяғы, инстаграмда қайсымызға "лайк" көбірек басылды - осыған дейін бәсеке.
Өстіп, бір-бірімізбен абырой-атақ, қадір салыстырып, жеңісе алмай жүргенде, жерден - жік, екі құлағы - тік шығып, Теңдессіз деген біреу пайда болды!.. Жақсы-жайсаң атанып жүрген бәріміз пыштай болдық... Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады деген - рас. Өзімізден асқан, өзімізден тамаша ешкім жоқ деген желігіміз су сепкендей басылды. "Теңдессіз" деген атының өзі еңсеңді түсіреді... Мәселен мен, қанша Тамаша болсам да, өзім теңдестер бар - Керемет, Ғажап, тағы басқа достарым. Ал мынаның...өзіңіз ойлаңызшы...- ешбір теңдесі жоқ!.. Жалғыз!.. Мұндайға төзу мүмкін бе? Мүмкін емес!.. Ең қиыны, аты-жөндерін ажыратып болмайтын көмескі көпшілік, енді біздің емес, Теңдессіздің соңынан шұбырды. Бәрі соның фанаттары, бәрі соған құлдық ұрады. Шу-шұрқан, даңғаза-дабыраның бәрі соның төңірегінде. Соған тамсанады, соны мақтайды, қолтаңба алуға кезекке тұрады, жейде-дамбалын таласа-тармаса, жапырақтап жыртып, теберік қылып, ту-талақай бөлісіп әкетеді... Опасыз дүние-ай!.. Асқан тәкаппарлықпен, Сұмдық сес, Сұрапыл айдынмен Кереметтей шіреніп, ел-жұртты Ғажап қалдырып, Зор абыроймен балпаңдай басып біз жүретін жердің бәрінде қазір сол - Теңдессіздің жүргені Өте-мөте ауыр тиді... Өрісіміз тарылып, жеріміз апшыды. Амал жоқ, оған... қастандық ойлай бастадық. Бас қосып, кеңес құрып: "Алдымен, аяқтан шалып көрсек қайтеді?" дегенбіз, бірақ, сорымызға қарай, аяқтан шалудың жайын ешқайсымыз білмейтін болып шықтық... Сылтау тауып, төбелесіп, жабылып басын жарсақ ше?.. Жоқ, оның да ретін таппадық. Сөзге шолақ Зорды оспадарсыз әзілі үшін, өткенде Әсіре қызымыз бір-ақ ұрып сұлатқан... Асқанбыз, Кереметпіз, Сұмдық-Сұрапылмыз деп, қырып кете жаздап жүргенмен, қалғанымыздың да әуселеміз сол Зордың ар жақ-бер жағы... Енді қайттік?!

Асқан тәкаппарлықпен, Сұмдық сес, Сұрапыл айдынмен Кереметтей шіреніп, ел-жұртты Ғажап қалдырып, Зор абыроймен балпаңдай басып біз жүретін жердің бәрінде қазір сол - Теңдессіздің жүргені Өте-мөте ауыр тиді...

Әлқисса, бұл дүниеде, әлдеқалай қатарымызға тұра қалса, біздің нұр дидарымызға қап-қара боп көлеңкесі түсетін бір ұсқынсыздар бар. Олардың аттары: Пәс, Нас, Қораш, Тыраш, Бопса, Далбаса, Көмес, Еміс-еміс, Болар-болмас, Ұсақ-түйек, Қарабайыр, Сұрқия, Сүмелек, Сүмірейген, т.б... Өздері көп-ақ!.. Болымсыз тұрқына, сұрықсыз түрлеріне қарамай, жүрмейтін жері, былғамайтын төрі жоқ бір арамза қауым. Пәлекет дейтін түкке тұрғысыз лидерлері бар. Бұлардың жанында жай көпшілік ішіндегі ең елеусіз біреу болудың өзі үлкен абырой... Бізге, мәселен, атақ-абырой, құрмет-марапаттан басқа ештеңенің керегі жоқ. Басқа ештеңеге басымыз ауырмайды. Ал мыналарға не керек екенін түсінбей-ақ қойдым... Бұлар - троллингтің шеберлері, өсек-аяңның ұясы. Кісі жамандаудың, біреуді біреуге шағыстырудың, сосын домалақ арыз жазудың майталмандары. Ал аяқтан шалғанда, алдарына жан салмайтынына тәнті боласың!.. Өздері шиебөрі сияқты ұжымшыл-ақ. Аңдыған аңын алмай тынбайды. Шамалары келмесе, жаралы жыртқыш қансырап құлағанша, қоң етінен үзіп-жұлып, тістей қашып, қыңсылап-шулап, соңынан қалмайды... Сосын өлгенін күтіп, айнала қоршап, шоқиып-шоқиып, сабырмен күтіп отырады... Нағыз бізге керек адамзаттың азғындары - осылар!.. Барша намыс, ар-ұят дегенді жиып қойып, жан қысылғанда, соларды тауып алдық. Елдің жақсы назарына іліге алмай, қор боп жүрген байғұстар бізді көргенде қатты дүрлікті. Күні кешегі абырой-атағымыздың пысы басты ма, жандары қалмай күтті... Біз бұйымтайымызды айттық. Теңдессізді тәубасына келтіру керек дедік... Өңкей пәстер мен қораштар бір-біріне қарады. Беттеріне қан жүгіріп, көздері жылтырап, езулерін жалап, сілеусінше жылмиысты. Ашықтан-ашық алақандарын ысқылап, қан иісін сезіп, қоза бастағандары да бар...

- Жақсы...- десті олар. - Оған қам жемеңіздер!.. Біз өз ісімізді жақсы білеміз!.. Енді тек ақысына келісу ғана қалды...
- Біз сендердің дәрежелеріңді көтереміз, - дедік, бұлардың ең жанды жерін көздеп. - Тапсырманы сәтті орындасаңдар, біз сендерді қатарымызға аламыз... Сендер адам қауымының ыбырсыған қоқысы емес, біз секілді гүлі, шырайы боласыңдар!..
- Қалай?!. - десті, өңшең болар-болмас, ұсақ-түйектер қуана дабырласып.
- Оп-оңай, - деді, біздің атымыздан сөйлеп отырған Керемет. - Әрқайсыңа өз деңгейімізге сәйкес балама аты-жөн сыйлаймыз. Сонда бізбен бір дағуа, бір келеде боласыңдар! Мәселен, сен, Пәлекет, менімен теңесіп, Ғаламат атанасың!.. Қалай, ұнай ма?

Тапсырманы сәтті орындасаңдар, біз сендерді қатарымызға аламыз... Сендер адам қауымының ыбырсыған қоқысы емес, біз секілді гүлі, шырайы боласыңдар!..

Шиебөрілер таңдана, қуана шуласып кетті. Әрқайсысы өзінің болашақ жаңа есімдерін білгісі келіп, шыдамдары таусылып барады. Біз бәріне өз атымызбен мәндес, сыңарлас, балама есімдер ұсындық. Айталық, Асқанның - Тасқан, Ерекшенің - Айрықша, Алабөтеннің - Оқшау, Біртуардың - Бірегей... деген сияқты әлі пайдаланылмаған синоним-аттары бар емес пе... Осы аттарды мыналарға шетінен үлестіре бастадық. Қыза келе, Далбасаға - Дарабоз деген ат беріп жібердік. Айрықша деген есімге ие болып, бәрінен де Қораш мәз... Зордың күлкілі антиподы Ұсақ-түйек - Орасан атанып, төбесі көк тіреп шыға келді!.. Сұрапыл өзінің Алапат деген сыңар атын Күлдібадамға ұсынып, риза қылды... Ай-xай, Пай-пай сияқты одағайларға дейін қажетке жараттық... Әншейінде көзге ілуге тұрмайтын, қатар тұруға жеркеніп, айналып өтетін пәс, нас, қолаңса-шуаштармен төс қағысып, құшақтасып, достық одағымызды "жуып", таң атқанша арақ ішіп, тойладық...

Сол күннің ертесінен бастап, Теңдессізге күн болмады!.. Отырса - опақ, тұрса - сопақ қылды... Барша газет-журнал, интернет кеңістігі Теңдессізді әшкерелеу алаңына айналды. Біздің жаңа достарымыз соңынан қалмай, ол қатысқан жиын-шаралардың бәріне барады. Мінберге шықса, орындарынан айғайлап, шулап, мазақтап, аузын ашырмайды, кезек-кезек сөз алып, дүйім жұрттың алдында масқара қылады. Теңдессіз екені өтірік, бұл атты алаяқтықпен сатып алған...сондай да сондай деп, ит сілікпесін шығарады. Басылымдарда көріне қалса, боқтаған, өсектеген былғаныш пікірлер жазып, араша талайды... Жоғары жаққа, органдарға қаншама арыздар, жансыз xаттар жазылды... Мұнымен қатар, күн аралатып, қалада қайта-қайта солқылдап, жер сілкінетін болды... Артынан білдік, біздің достар қараңғыда аңдаусыз аяғынан шалып қалған Теңдессіз сорлы, бар салмағымен, кескен теректей гүрс етіп құлаған сайын, солқ етіп жер қозғалады екен!.. Соған қарағанда, теңдессіз болса, теңдессіз шығар, шынында... Бірақ бізге бәрібір ғой - бізге оның көзі құрығаны керек... Ең қызығы, "Теңдессіз-ай!" деп, аузының суы құритын фанат-табынушылары енді кумирлерінің осы бақытсыздығын қызықтап, жаңа ермек тапты. Тобырдың аты - тобыр... Тынымсыз мүйізделіп, абыройдан айырылып, сау-тамтығы қалмаған Теңдессіз, ақыры, сүйретіліп, елсізге қашыпты деп естідік. Артынша, жоқ, ауруxанада, жан сақтау бөлімінде жатыр екен деген xабар жетті. Бізге бәрібір ғой... Қадір-құрмет, даңғаза-даңқ қуған сүйікті, үйреншікті тіршілігімізге алаңсыз қайта күмп бердік...

...Күндердің күні ауруxанадан шала айығып шыққан Теңдессіз бізді іздеп келді. Алғашында шошып қалғанбыз. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ екен - құлағы ауыр еститін, тілі мүкіс, көзі шапыраш, кемтар біреуге айналыпты. Миы оңбай шайқалыпты деп естігенбіз. Сірә, есі де дұрыс болмаса керек... Өңкиіп, әрқайсымызға тесірейе қарап, біраз тұрды да:

- Мені...қатарларыңа алыңдаршы...- деді.

Күтпеген ұсыныстан, қапелімде, сасып қалып:

- Ойбай-ау, Тәке, сіз - Теңдессіз емес пе едіңіз!.. - дедік, түк білмегенсіп.
- Жә...- деді ол, мырс етіп, - болғанбыз... Енді керегі жоқ... Партияға, не бір топқа, тіпті болмаса, бір діни сектаға кірмей, қандай теңдессіз болсаң да күн жоқ екен... Жеп қойды ана... пәс-нас, қораштар!..

Соны айтып, Теңдессіз күрсінгенде, жүрегі нәзік адамдармыз ғой, әжептәуір мұңайып қалдық... Бірақ шындықты айтуға тура келді.

- Пәс-настар қазір...біздің қатарымызда еді...
- Білем, - деді Теңдессіз, түңілген, сезімсіз үнмен. - Анығында, сендер - солардың қатарындасыңдар... Маған - бәрібір... Маған күн көру керек!.. Айналып келгенде, бәріміз - бір қауымбыз ғой... Бәрімізге күн көру керек...
Теңдессізге "Паx, шіркін!" деген ат беріп, тобымызға қостық... Сонымен, осы қалада қазір екі-ақ түрлі xалық қалдық. Бірі - аты-жөні белгісіз, бізге қарап аузын ашқан қалың көпшілік... Сосын, жердің құты, елдің қаймағы, өмірдің қызығы мен шырайы - мына біздер...

XS
SM
MD
LG