Біз, сонымен, арық қаздық. Арық болғанда да, тамаша арық! Ең соңғы үлгіде, қазіргі заманғы ең озық технологияны қолдана отырып қаздық. Бұл жойқын арықты тарту үшін біз не істемедік?! Күрегімізді арқалап алып, «ей, қазақтар, біз арық қазуымыз керек!» деп айғайлап, Астана мен Алматының көшелерін айналып, жар салып, неше жыл жүрдік. «Арық қазу керек екен – күрегіңді ал да үндемей қаза бер... жөні сол емес пе?..» деп ақыл айтпақ болған, патриоттық сезімнен жұрдай кертартпалармен айтысып, тағы біраз уақыт өткіздік... Ақыры, бәріміз күткен тапсырма да берілді. Біреуден тапсырма алмай, әдетте, біз ештеңе бастамаймыз. Тәртіп солай. Әркім өзіне дәретхана қазса да, арнайы тапсырмамен қазады. Және кімнің арқасында қазып бітіргенін атап айту парыз деп санайды...
Хош, айғайлап, шулап жүріп, арық қазылатын алқапты көлденең жатқан көк тасына дейін теріп, тазарттық. Арықтың алдын кесіп өтетін күре жолдардың бәрін жаптық. Арық қазылатын аймақтағы елдімекендердің елін көшіріп, орнын сыпырып тастадық. Алыстан қараған жұртқа (әсіресе, шеттен келетін қонақтарға) арық көрінбей қалмасын деп, айналасындағы орман-тоғай, ағаш-бұта атаулыны отадық, қырықтық, шөбін жұлдық – тып-типыл қылдық. Сөйтіп, әлемде жоқ арық қазу жұмысын бастап та жібердік. Бұл бастаманы бүкіл халқымыз болып қызу қолдады. Көршілес орыс, қытай, өзбек, қырғыздан, алыстағы түрік ағайыннан жұмысшылар ағылды. Жергілікті ақпарат құралдарына таусылмас тақырып табылды: бүгін арықтың қанша метрі қазылды, арық бастығы не деді, қатардағы жұмыскерлер не деп жатыр, қанша техника жұмылдырылды, арық қазушылардың көңіл-күйі, ас-су, ауқаты қалай, шетелдік қанша жұмысшы заңсыз келген, арық басындағы ұлтаралық төбелестер неден туындады және сол үшін қанша қазақ жауапқа тартылды немесе қанша қазақ жұмыстан қуылды?.. Ең бастысы, бұл арық кімнің тапсырмасымен қазылып жатыр?..Айтпақшы, арық бастығы қанша жеп қойды?.. Ол аман-есен басқа жұмысқа ауысқан соң, орнына кім келді?.. Бұл келген бастық тиесілі ақшасын жеп болған соң, оны қалай құрылысы енді басталғалы жатқан ең терең құдық қазу жұмысына бастық етіп жіберіп, оңай құтылдық?.. Орнына тағы кімді алып келдік???..
Міне, осындай бірінен бірі өткен ақпарат ағыны газеттердің тиражын көтерді, телеарналардың жаңалықтар қызметін адам танымастай жандандырды. Ақыры, алтыншы бастық ауысқанда, арықтың үштен бірі қазылып та біткен. Бөлінген ақша да таусылған. Жеген-ішкені үшін тергеу-соттаулар басталды. Бұл тергеу-соттауларды тікелей эфирден айлар бойы көрсетіп, елішілік, халықаралық шоу-думан жасадық. Несін айтасыз, үнді, түрік сериалдарынан кем болмады. Қым-қиғаш шытырман оқиғалы жаңалық, сюжеттер телеарналардың рейтингін, енді, тіпті, аспанға көтерді... Ақыры жаңа келген жетінші үлкен бастыққа «қанша жесең де, осы арықты сен аяқтайсың!» деген нұсқау бердік. Өйтпесек, бастық ауыстыра берген де ұят... Кім келсе де, қанша жесе де таусылмайтын қосымша қаржы бөлінді...
Хош... Сонымен жылжып жылдар өтті. Арық та қазылып бітті. Бітті! Қаншама адам марапатталды, қаншамасы түрмеге тоғытылды... Осы арықтың арқасында еліміздегі миллионерлер санын қанша есеге өсірдік – әйтеуір, бітірдік!
Енді бұл арықты не істесек екен? Бір арықтың соңында улап-шулап жүріп, оны не үшін қазғанымызды да ұмытып кетіппіз. Осы арықтың не қызметі барын, не үшін қазылғанын ойлап, мен де біраз бас қатырдым. Қараймын, жай... арық... Кәдімгі су ағатын арық. Егін суармайсың, суын ішпейсің... Жә, бұл арық қайда барып үзіледі, суы қайда барып сіңеді? Ойлағам – қашандағыдай, Сорбұлаққа деп. Солай болып шықты. Осы арада тағы бір ескерте кетейік, бұл арық ең озық технологиямен қазылды. Реті келіп тұрғанда, тағы да атап айтайық – ақша аяған жоқпыз! Өзіміз аш қалсақ та, осы арық бітсін дедік. Соның нәтижесінде, бұл арық, барлық есі дұрыс елдердегідей, әжептеуір ұзын арық болып шықты. Арық болғасын, әрине, ішіне кәдімгідей... су жібердік. Бұл су және Алатау мен Алтайдың бауырын жарып шыққан кәусар бұлақтардың суы екен. Сондықтан арығымызға «Ұлы арық» деп ат беруді ұмытқан жоқпыз! Қысқасы, қазақ қазған арықтай арық бар ма дүниеде дестік. Міне, сол кезде есімізге сарт ете түсті – біз, айтпақшы, бұл арықты өзімізді әлемге таныту үшін қазған екенбіз ғой!
Сол аралықта өзіміздің де көзіміз жетті – біздің арық әлемнің жеті кереметінің бірі екен!
Сол-ақ екен, дүрбелең-шу басталды да кетті. «Бұл не шу, бұл не әбігер?» деп, әлдеқалай ат басын арыққа қарай бұра қалған шетелдіктердің соңынан қуып жүріп, мұның ғасыр жобасы екенін, сондай да сондай ғаламат құрылыс екенін түсіндіріп бақтық. Айтпақшы, бұл арық кімнің тапсырмасымен қазылып еді?.. Әсіресе, бұл арық кімнің арқасында қазылып бітті?.. Соны айттық... Қаржы дағдарысы жайына қалыпты, ғаламның назары тек біздің арықта екен дедік... Біздің арық әлемдегі ең ұзын! Біздің арық – әлемдегі ең қымбат! Осыны түсіндірдік. Сол аралықта өзіміздің де көзіміз жетті – біздің арық әлемнің жеті кереметінің бірі екен! Немесе, сегізінші жаңа кереметі! Қысқасы, біздің арық мәңгі жасайтын болды. Өте бір мағыналы арық қазыппыз. Енді оны әлемге таныту ғана қалыпты... О, одан оңай шаруа бар ма?! Дүние-жаһанға, барша адамзат қауымына жар салып, ұлан-асыр тұсаукесер жасадық. Жүз елден, әнші-күйшісін қосып, қонақ шақырдық. Жүз зеңбіректен от-шашу аттық. Дала тітіреді, тау теңселді. Отыз күн ойнадық, қырық күн тойладық. Біз мақтандық. Бізді мақтады. Той бітті... Тарастық.
Ертесіне... түк көрмегендей, ештеңе болмағандай, жер әлемде өлі тыныштық орнады. Өз құлағымызға өзіміз сенбей, жата қалып, тың тыңдадық. Жым-жырт. Адамзат қауымында үн жоқ. «Арық қаздық!» деп қанша айғайладық, дүниені дүмпітіп, жер-көкті жаңғыртып, қа-а-ан-дай той жасадық... Тым-тырыс. Біздің айғай, біздің дүңкілге жалпақ жаһан селт етпеді. Жауап болмады, жаңғырық шықпады. Бізді... танымады әлем... Танымады! Бәлкім... қызғаныштан. Әрине, қызғаныштан! Өйткені, басқа еш себеп жоқ. Қызғанатын жөні бар – ешкім қазір мұндай арық қазбайды. Қаза қалса да, мұндай арыққа ешкім мұншама ақша шашпайды! Түсінікті ғой... Мейлі. Іштері күйсе – тұз жаласын! Біз енді әлемнің күйген ішін одан әрі жидітіп, жаңа бастама көтеріп жатырмыз. Халқымыз бұл бастаманы тағы да қызу қолдады. Біз енді... арқан есуге кіріспекпіз. Әлемде жоқ ұзын арқан! Ақша аямаймыз! Қолдағы бар малдың қылшығын жұлып бітіріп, Шудың ормандай қарасорасын түгел сыдырып тауыссақ та, есеміз бұл арқанды! Бізді танығысы келмеген қырсық ғаламды сол арқанмен аяқ-қолын байлап әкеп мойындатамыз... Солай!
Енді тек, әдеттегідей, тапсырма күтіп отырмыз. Тапсырма тезірек берілсе, нұр үстіне нұр болар еді...
Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.