Accessibility links

БҰҰ комитеті Курамшиннің шағымын түзетуге қайтарды


Азаматтық белсенді Вадим Курамшин Азаттықтың Алматы бюросында отыр. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Азаматтық белсенді Вадим Курамшин Азаттықтың Алматы бюросында отыр. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Түрмеде отырған құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің шағымы БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне жеткенімен, тіркелмеді. Женевадан шағымды тіркеу талаптарына сәйкестендіру туралы өтініш түскен.

БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің келісімдер бөлімінің өтініштер мен тексерулер жөніндегі секциясының хаты азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің әйелі Екатеринаның атына жолданған. Хатта Курамшин ісіне қатысты биыл мамырдың 24-і күні жіберілген петицияның комитетте тіркелмегені көрсетілген. Курамшиннің өзі Солтүстік Қазақстан облысындағы Гранитный кентіндегі түрмеде отырғандықтан, шағымды әйелі жазған.

ПЕТИЦИЯНЫҢ МӘНІСІ

БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Екатерина Курамшинадан петиция көлемін біраз қысқартуды, күйеуінің құқықтары бұзылу фактілерін халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісінің әр жеке бабы бойынша «қысқа әрі нұсқа, хронологиялық ретпен» тұжырымдап, баяндауды өтінген.

Вадим Курамшиннің ісіне қатысты шағым мәтіні интернетте - саяси тұтқындар мен қуғындағы азаматтық, кәсіподақ және қоғам белсенділерін қорғайтын құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық қозғалыстардың халықаралық комитетінің Npravo.org сайтында жарияланған. Шағым көлемі 40 беттен асады.

Азаматтық белсенділер - Вадим Курамшин (сол жақ шетте) мен Айнұр Құрманов (оң жақ шетте) колония (АК - 159/20) тұтқындарымен кездесіп тұр. Шахтинск, 24 маусым 2011 жыл.
Азаматтық белсенділер - Вадим Курамшин (сол жақ шетте) мен Айнұр Құрманов (оң жақ шетте) колония (АК - 159/20) тұтқындарымен кездесіп тұр. Шахтинск, 24 маусым 2011 жыл.

БҰҰ адам құқығы комитеті қызметкерлерінің жазуынша, Екатерина Курамшина петицияда көптеген баптарды келтірген (кейбір баптар бірнеше мәрте қайталанған), ал бұл заң бұзушылық қатысты жайттардың мәнісін түсінуді қиындатады.

Екатерина Курамшина петицияда БҰҰ комитетінен Вадим Курамшинге қатысты қылмыстық істі әділ сот төрелігінің барлық стандарттарына кепілдік беретін жаңа сот процесінде қайта қарау үшін «заң жүзінде қорғанудың тиімді құралдарын қамтамасыз етуді» сұраған.

Петицияда Вадим Курамшинді тұтқындау тарихы, оның ісі бойынша өткен сот процестері және үкімге қатысты жоғарғы сотқа дейінгі барлық сот инстанцияларына шағымданудан нәтиже шықпағаны туралы баяндалған.

Екатерина Курамшина шағым мәтінін екі ай ішінде БҰҰ комитеті талаптарына сәйкес қайта өзгертіп шықпақ. Бірақ оған бұдан көп уақыт берілген. Ол Женевадан келген хатқа жауапты 2015 жылдың 23 мамырынан кешіктірмей жолдауы тиіс.

БҰҰ ШАҒЫМ ТҮСІРУ НЕГІЗДЕРІ

Вадим Курамшиннің адвокаты Рәзия Нұрмашева Азаттық тілшісіне: «Қазақстанда заңға қайшы сот шешімдеріне қатысты Курамшин шағымдана алатын сот қалған жоқ. Сондықтан оның БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым жолдауына толық негіз бар» дейді.

Курамшиннің Қазақстанның бүкіл сот инстанциясынан өткеніне Қазақстандағы адам құқығы бюросы қызметкері Андрей Гришин де назар аударады. Гришин бұл жағдайды БҰҰ адам құқығы комитетіне шағым жолдау үшін ең басты негіздеме ретінде бағалайды. Оның айтуынша, БҰҰ комитеті мемлекеттік ведомствоның нақты тұлғаға қатысты заңға қайшы шешім шығарғаны жазылған шағымдарды ғана қарайды.

Андрей Гришин Азаттық тілшісіне «Бұл жерде неғұрлым көп шағым жазылса, соғұрлым жақсы» принципі жүрмейді. Шағымды қысқа да нұсқа жазған дұрыс» дейді.

Бұл жерде неғұрлым көп шағым жазылса, соғұрлым жақсы деген принцип жүрмейді.

Гришиннің айтуынша, БҰҰ комитетіне Курамшиннің ісі бойынша шағым мәтінін жазғанда оның негізгі құқықтарының бұзылғанына тоқталып, қысқаша әрі дәйекті түрде баяндаған жөн.

Тұтқындардың құқығын қорғаушы белсенді, 40 жастағы Вадим Курамшин 2012 жылы «ақша бопсалады» деген айыппен 12 жылға сотталған. Курамшин бұл айыпты мойындамайды. Ол жақтастарымен бірге үкімнің саяси астары бар деп есептейді. Курамшинді саяси тұтқын деп таныған қазақстандық бірқатар құқық қорғау және үкіметтік емес ұйымдар оның түрмедегі жағдайына және «денсаулығы күрт нашарлап кеткен, түрме әкімшілігі тарапынан қысымға ұшыраған» деген хабарларға алаңдайды. Вадим Курамшин былтыр маусым айында Людовик Трарье атындағы халықаралық құқық қорғау сыйлығына ие болған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG