Accessibility links

Назарбаев БҰҰ-да «адамзаттың басты мақсаттарын» атады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеп тұр. АҚШ, Нью-Йорк, 29 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеп тұр. АҚШ, Нью-Йорк, 29 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің 29-ы күні өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясының жалпы дебатында бірнеше ғаламдық бастама көтерді. Ал саяси сарапшылар «президент Қазақстанға қатысы бар мәселелерді айтпады» деп санайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас ассамблеясының 70-сессиясының дебатында сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «БҰҰ экономикалық және әлеуметтік кеңесін жаһандық даму кеңесіне айналдыру, 2016 жылы БҰҰ-ның халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру, БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдау, БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азия құрлығына көшіру, жаңа әлемдік валюта енгізу» туралы және тағы басқа ұсыныстар айтты.

Назарбаев «алыс болашаққа батыл көз салып, БҰҰ-ға 100 жыл толатын кездегі әлемнің қандай болатынын көре білу керек екенін» де ескертіп өтті. Осыған орай ол БҰҰ-ның 100 жылдығына арнап «Жаһандық стратегиялық бастама – 2045» жоспарын әзірлеуді ұсынды. Мұны Назарбаев «БҰҰ-ның құрылғанына 70 жыл өткеннен кейінгі адамзат дамуындағы жаңа кезеңнің міндеттерін нақты айқындау қажеттігі» деп түсіндірді.

ВИДЕО: Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-дағы сөзі​

Назарбаевтың БҰҰ-дағы баяндамасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:15 0:00

«ШТАБ-ПӘТЕРДІ КӨШІРУ ҰСЫНЫСЫ - ПАЙДАЛЫ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев «Нұрсұлтан Назарбаевтың көп ұсынысының ішінен БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесі - назар аударарлық, қалғаны - ұйымды реформалау туралы әртүрлі пікірлер айтылып жатқан тұста жасалған ұсыныстар» деп санайды.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

- БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру дегенде Қазақстанды меңзеген болар деп ойлаймын. Әрине, штаб-пәтерді көшіре қоюлары екіталай, бірақ Қазақстанда БҰҰ форумдары мен конференцияларын өткізетін тұрақты алаң жасауға болар еді. Бұл іс дәл қазіргі жағдайда барлық көршілерімен тату отырған Қазақстанның қауіпсіздігі үшін пайдалы болады, - дейді ол.

Оның пікірінше, «Басқа ғаламдық ұсыныстарды, соның ішінде ядролық қаруға байланысты ұсынысты жетекші мемлекеттер ғана жасап, жүзеге асыра алады. Сондықтан Қазақстан тарапынан мұндай ұсыныстардың жүзеге асуы неғайбіл». Бұрынғы дипломат «Әлемдегі 200 мемлекеттің бірінің басшысы айтты, бәрі қолдайды, дұрыс дейді, сонымен қала береді. Оны шешетін - үлкен мемлекеттер» дейді.

«АВТОРИТАРЛЫҚ БАСШЫЛАРДЫҢ ӘДЕТІ»

Ал саясаттанушы Айдос Сарым үшін «Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-да қазақша сөйлегені ғана жаңалық болған, қалғаны - президенттің өзіне тән үйреншікті дағдылары».

- Әлемнің билеуші күштері күле қарайтын «жаңа әлемдік валюта немесе әлемдік гесаясатты түбегейлі өзгерту» дейтін жоспарлар айтылды. Мұндай бастамаларды әсіресе авторитарлық елдер басшылары жақсы көреді. Кезінде Иран шахы да осылай адамзат мәселесін шешу жөнінде ұсыныстар айтатын. Бірақ оның кейінгі тағдыры не болғаны тарихтан мәлім. Орталық Азияға тікелей қатысты БҰҰ-да айтуға әбден лайықты кем дегенде бес тақырыпты еркін табуға болар еді. Өкінішке қарай, Назарбаевтың сөзін дайындағандар президенттің бейіміне қарай жығылатын сияқты, - дейді ол.

Саясаттанушы Айдос Сарым.
Саясаттанушы Айдос Сарым.

Саясаттанушының пікіріне қарағанда, «Қазақстанға тікелей қатысы бар, БҰҰ қызығушылығын тудыратын тақырыптар ретінде Арал мәселесін, «Протон» зымыран-тасығыштары апаттарын, Орталық Азиядағы су тапшылығы проблемасын, ядролық сынақтардан кейінгі халықтың денсаулығы, ядролық полигондар мәселесі сияқты БҰҰ назарын аударатындай, қаржы бөлетіндей өзекті дүниелерді айтқаны әлдеқайда тиімді болар еді».

Айдос Сарым «Қазақстан аумағына көмілетін ядролық қалдықтарға да әлемдік державалардың назарын аударту маңызды» деп есептейді. Оның айтуынша, «әлемнің ірі державалары ғана шеше алатын мәселелерді өзгертемін деу күлкі тудыруы мүмкін және осындай бастамалардан кейін өзекті мәселенің өзінің бағасы түсіп кетуі мүмкін».

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-да жасаған ұсыныстары ішінде Қазақстанға қатыстысы да болды. Ол «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан БҰҰ қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынды.

Қазақстан БҰҰ-ға 1992 жылы қабылданған. Сол жылы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет тәуелсіз мемлекет басшысы ретінде сөз сөйлеген.

Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті, мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсететін бұл ұйым Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар тұста, 1945 жылы маусым айында құрылған. Содан бері БҰҰ-ны реформалау, ұйымның штаб-пәтерін көшіру туралы түрлі ұсыныстар айтылып келеді.

XS
SM
MD
LG