Accessibility links

БҰҰ бұрынғы тұтқынды «түрмеде азапталған» деп таныды


Төсекте жатқан бұрынғы тұтқын Жасұлан Сүлейменов. Астана, 9 ақпан 2017 жыл.
Төсекте жатқан бұрынғы тұтқын Жасұлан Сүлейменов. Астана, 9 ақпан 2017 жыл.

Бұрынғы тұтқын, мүгедек Жасұлан Сүлейменов БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Қазақстанға қарсы істі қараған істе жеңді. Комитет колонияда оны азаптаған, адамшылыққа жат қатігездік танытқан әрі тиімді жолдармен құқықтық тұрғыдан қорғануға мүмкіндік бермеген деп тапқан.

АЛТЫ ЖЫЛ КҮТКЕН ШЕШІМ

Астананың 40 жастағы тұрғыны Жасұлан Сүлейменов өзін жазықсыз санағанымен, терроризм айыбымен сотталып, түрмеде сегіз жыл отырған. Колонияларда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиісті жағдай жасалмағандықтан, ол жаза мерзімінің көп бөлігін төсек тартқан күйі өткізген. Ақмола облысы Степногорск қаласындағы колониядан Жасұлан Сүлейменов биылғы ақпанның басында босап шыққан, ал наурызда оған үш жылдық әкімшілік қадағалау шарасын тағайындаған.

Комитет оның құқықтарының бұзылғаны жайлы кей мәлімдемелерін қабылдамағанына қарамастан, Сүлейменов Азаттыққа БҰҰ комитетінің шешіміне қуанғанын айтты. Оның дін еркіндігі мен әділ сот төрелігі құқығы бұзылғаны жайлы жолданған ақпаратын комитет «жеткілікті дәйек келтірмеген» деп тапқан.

Құқық қорғаушы әрі «Қадір-Қасиет» ұйымы жетекшісі Анар Ибраева БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің шешімін алты жыл күткендерін айтады. Ол Қазақстан ратификациялаған, ал факультативтік хаттамасы 2009 жылы күшіне енген азаматтық және саяси құқықтар пактісінің бес бабының талаптары бұзылғаны жайлы шағымды комитетке Жасұлан Сүлейменовтің атынан жазған.

Мүгедектер арбасының жанында жатқан Жасұлан Сүлейменов.
Мүгедектер арбасының жанында жатқан Жасұлан Сүлейменов.

Анар Ибраеваның сөзінше, сол кезден бері комитет, ол және Қазақстан билігі арасында 20-дан көп коммуникациялық байланыс өткізілген. Яғни, тараптар бір-бірімен хат алмасып тұрған және комитетке өз позициясы мен құқық бұзуға қатысты дәлелдерін ұсынып отырған.

Сүлейменов ісіне қатысты ұйғарымды наурыздың 21-інде Женевада қабылдаған, ал ағылшын тілінде ресімделген құжат сәуірдің 6-сында шыққан.

Әлгі құжатқа сәйкес, адам құқығы комитеті Қазақстан Жасұлан Сүлейменовтің азаматтық және саяси құқықтар пактісінің «ешкім азаптауға немесе қатігез, адамшылыққа жат немесе оның ар-намысын таптайтын әрекеттерге немесе жазаға тап болмауы тиіс» деп жазылған 7-бабында қарастырылған талаптарды бұзған деп тапқан. Бұған қоса, БҰҰ комитеті бұрынғы тұтқынның ел ішінде тиімді жолдармен құқықтық тұрғыдан қорғану құқығы мен тұтқындарға ізгілік таныту құқығы бұзылған деп тапқан.

Ол сотта азаптау әрекеттері жайлы мәлімдегенімен, сот оған тиісті мән бермеді. Бұл - енді мемлекет егер тұтқын сотта азаптау жайлы мәлімдесе, халықаралық келісім-шарт талаптарына өте мұқият болып, оларды орындауы тиіс деген сөз.

- Жасұланды тиісті медициналық көмекпен қамтамасыз етпеуден бөлек, аса маңызды тағы бір жайт бар. Ол сотта азаптау әрекеттері жайлы мәлімдегенімен, сот оған тиісті мән бермеді. Бұл - енді мемлекет егер тұтқын сотта азаптау жайлы мәлімдесе, халықаралық келісім-шарт талаптарына өте мұқият болып, оларды орындауы тиіс деген сөз,- дейді Анар Ибраева.

Оның сөзінше, комитет шешімінде Қазақстанға бірнеше талап қойылған, олардың бірі – «азаптау жайлы мәлімдемелерге қатысты дереу тексеру» жүргізіп, Жасұлан Сүлейменовке күтім жасайтын медбике бөлуге дейінгі тиісті медициналық күтімді қамтамасыз ету.

- Әлгі шешімде ерекше мұқтаждығы бар немесе басқаша айтқанда, мүгедек жандардың құқығы тікелей нақтыланған. Меніңше, Қазақстанға бұл жағынан да шаралар қарастыратын кез жетті, өйткені кей мекемелерде пандустар жоқ, ал өзгелерінде қамауда отырған ерекше мұқтаждығы бар жандардың құқығын қорғауға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалмаған. Комитет шешімінде Сүлейменов мекеме аясында серуенге өздігінен шыға алуы үшін пандус болмаған деп көрсеткен, - дейді Анар Ибраева.

ТҰТҚЫНҒА ҚЫСЫМ ЖАСАЛҒАН

Бұған қоса, Анар Ибраева мен Жасұлан Сүлейменов колонияда мүгедек жандарға жағдай жасалмағанынан бөлек, түрмеде отырған кезде Сүлейменовке бірнеше мәрте қысым жасалып, БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне жолдаған арызын қайтарып алатыны туралы видеокамера алдында мәлімдеме жазуды талап еткен. Анар Ибраеваның сөзінше, кейінірек БҰҰ комитетінен Қазақстан сыртқы істер министрлігіне (СІМ)Жасұлан Сүлейменовтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беру туралы хат түскен.

Түрме асханасына кіріп бара жатқан тұтқындар. (Көрнекі сурет)
Түрме асханасына кіріп бара жатқан тұтқындар. (Көрнекі сурет)

- Тұтқын шағымы үшін қосымша қатерлерге тап болатын мұндай жағдайға мүлде жол берілмеуі тиіс, - дейді Анар Ибраева.

Жасұлан Сүлейменов Азаттыққа БҰҰ комитеті шешіміне разы екенін, оның ісіне қатысты кінәлілерді жауапқа тартқанын қалайтынын айтады, бірақ ары қарай не болатынын әзірше білмейді.

- Мені тергеу амалдары кезінде ғана емес, колонияда отырған кезде де, ұстаған кезде де азаптаған. Әуелі ұстаған кезде, айып тақпай тұрып ұрып-соқты, кейін аты-жөнін атамай, өздерін Атырау облыстық ҰҚК департаменті қызметкерлері деген адамдар Атыраудан екі жарым тәулік бойы алып келе жатқанда жол-жөнекей ұрып-соқты. Менің мүлде статусым болған жоқ. Аяғымды қайырып бұрап, басыма шапка кигізіп, кісен салып, тепкіледі, ұрып-соқты, ас-су бермеді, бұл да адамды азаптау ғой. Бұған қоса, маған психологиялық қысым көрсетті, - дейді Жасұлан Сүлейменов.

Жасұлан Сүлейменовтің сөзінше, ол медициналық көмек алу үшін биылғы ақпаннан бері тұрғылықты жеріндегі №11 емханаға тіркеле алмай жүр.

- Жуырда ғана терапевт келіп кетті. Бізде тіс дәрігері жоқ, өзіңіз іздеңіз дейді. Жатып емделу үшін нейрохирургиялық орталыққа да өзіңіз барыңыз дейді, сонда бұл қандай көмек, білмеймін. Терапевт дәрігер құр келіп, жанымда отырып, менің әңгімелерімді тыңдап қана кетті, - дейді Жасұлан Сүлейменов.

Ол Еуразия университетінің 1-курсында оқып жүрген 1996 жылы теледидар антеннасын орнатамын деп бесінші қабаттан құлап кетіп, жұлынын зақымдап алған. Қазір Жасұлан Сүлейменов - мерзімі шектеусіз 1-топ мүгедегі.

Азаттық БҰҰ-ның адам құқығы комитеті шығарған ұйғарым жайлы сұрап,бас прокуратураға хабарласқан еді, бірақ баспасөз қызметі Сүлейменовтің ісіне қатысты сұрақтарға жазбаша сауал алғаннан кейін ғана жауап беретіндерін айтты. Азаттық тілшісі бұл іске қатысты жайттарды сұрап, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің электрондық адресіне хат жазып, министрлікке комитет шешімін қоса жолдаған, бірақ жауап әлі келген жоқ.

БҰҰ-ның тиісті органдарының шешімдерін орындау процедурасын анықтау қажет, бұл - мемлекеттің халықаралық келісім бойынша алған міндеттемелеріжәне Қазақстанның қазіргі қолданыстағы заңының бір бөлігі.

Анар Ибраеваның пікірінше, мемлекеттік органдарға БҰҰ-ның келісім-шарт бекітілген органдарымен байланыс орнату функциясын заң жүзінде жүктеп, БҰҰ-ның тиісті органдарының шешімдерін орындау процедурасын анықтау қажет, бұл - мемлекеттің халықаралық келісім бойынша алған міндеттемелеріжәне Қазақстанның қазіргі қолданыстағы заңының бір бөлігі.

2009 жылғы қарашада Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты Жасұлан Сүлейменов пен оның немере бауыры Қуат Жобалаевты «терроризмді насихаттады», «терроризм актілерін жасауға жария түрде шақырды», «террорлық топ құрып, оны басқарды» деген айыппен сегіз жылға соттаған. Ол кезде Азаттық қазақстандық арнайы қызметтің «Жасұлан Сүлейменов Астананың бір топ жастарымен бірге Кавказдағы Минералды су курортына «банда құрылымдарына қосылып, кәпірлерге қарсы күресте мұсылман бауырларға көмектесу үшін» барған» деген болжамы туралы жазған. Жасұлан Сүлейменов Кавказға халық емшісіне емделуге барған, ол «қайта жүре бастау үшін ем-дом жасатуға бардым» деген сол кездегі сөзінен қазір де танбайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG