Биыл 100 мыңнан аса мектеп түлегі Қазақстанда 10 жыл бұрын енгізілген ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыруға дайындалып жатыр. Жоғарғы оқу орнының грант бөліміне түсу үшін бұл сынақтан жоғары балл алу керек.
ҰБТ маусым айында басталады, бірақ мамырдың 18-і күні Қазақстанның 17 қаласында республикалық ата-аналар жиналысы өтеді. Балалары тест тапсыратын ата-аналарға мамандар артық уайымдап, психологиялық тұрғыда қатты күйзелмеуді үйретеді.
Тест тапсыруды қазірден уайымдап жүргендердің бірі - алматылық Дина Ким. Оның ұлы Шыңғыс биыл Алматы қаласындағы №17 республикалық мектеп-интернатын бітіреді. Шыңғыстың анасы «балам стреске ұшырауы мүмкін» деп алаңдайды. Дина Ким Азаттық тілшісіне:
"Қазір ол өтпелі жаста, мен де онымен бірге уайымдап жүрмін. Біздің кезімізде мұндай стрестер болмаған еді. ҰБТ кезінде баласымен бірге әке-шешесі де күйзеледі. Бізге де моральдық көмек қажет, бірақ оның қандай болуы керек екенін білмеймін. Меніңше, баламызды дайындау үшін, мамандар әуелі бізді дайындауы тиіс" дейді.
«МОРАЛЬДЫҚ ҚОЛДАУ» ВИДЕОРОЛИКТЕРІ
Отбасылық тәрбие институтының бас директоры Софья Евдокимованың айтуынша, баласы ҰБТ тапсырып жатқан ата-анаға моральдық көмек көрсету қажет. Ол кейбір үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірге мектеп түлектерінің ата-аналарына психологиялық көмек көрсету жобасын жасауға қатысқан.
Психологтар ата-аналармен әңгімелесіп, ҰБТ кезінде сабыр сақтау жолдарын үйретеді. Мектеп бітіретін түлектерге ҰБТ тапсыруға дұрыс дайындалу жолдары, ата-анасының ескеруі тиіс жайттары айтылады. Оларға осы тақырыпта түсірілген фильмдер мен видеороликтер көрсетіледі. Софья Евдокимова Азаттық тілшісіне:
"Ата-аналар алдын-ала байбаламға баспай, өздері де сабыр сақтап, балаларын да тыныштандыруы тиіс. Біз ҰБТ тапсыру кезінде өзін өзі дұрыс ұстау жолдарын көрсететін фильмдер әзірледік" дейді.
Президенттік «Нұр Отан» партиясының қоғамдық-саяси жұмыс бөлімі меңгерушісі Қайым-Мұнар Табеевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, ҰБТ-ға байланысты мұндай ауқымды психологиялық көмек Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Алматыда осыған қатысты ата-аналар жиналысы қаланың жалпы білім беретін 18 ірі мектебінде өтеді. Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназия директоры Ерік Қуатбеков бұл шараны «дер кезінде ұйымдастырылған жоба» деп атайды. Оның айтуынша, «ҰБТ-ға мектеп түлектері ғана емес, ата-аналар да психологиялық тұрғыдан дайын болуы тиіс». Ерік Қуатбеков Азаттық тілшісіне:
"Биыл біздің мектепті 59 оқушы бітіреді. Әрине, балалардан гөрі ата-аналар қатты қобалжып жүр. Бірге дайындалып, сынақтан бірге өтеді. Сондықтан, стресс болмау үшін педагогтар мен психологтар жұмыс істеуі тиіс" дейді.
Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, 2014 жылы 154 пунктте 100 мыңнан аса мектеп түлегі тест тапсырады. ҰБТ маусымның 1-інен 15-іне дейін өтеді.