Дипломат Ерлан Ыдырысов Қазақстандағы Назарбаев режимінің тұтас халықтың қолдауына ие екенін дәлелдеуге барын салады. Елші «бұл істі бастан-аяқ бақылап отырмаған едім» дей тұра, «Қазақгейт» аталып кеткен қылмыстық іс жабылғанша оның өту барысынан барынша хабардар болғанын байқатады.
– Назарбаев билік басында енді қанша уақыт қалғысы келеді?
– Бұл сұраққа оның өзі жауап берді ғой. Қазақстан халқы қанша уақытқа билік басында қал десе, денсаулығы мен ақыл-ойы қаншалықты жарамды болса – сонша уақыт билікте қалады. Бұл оның елін сүйетінін, Қазақстанның нағыз патриоты екенін білдіреді. Ол ұлтының ұзақ мерзімді позитивті өзгеріске ұшырауына мүдделі. Бұл - оның тарихи миссиясы, осы миссиясын соңына дейін атқарғысы келеді.
– Таяу Шығыста болып жатқан оқиғаларды Орталық Азиядағы жағдаймен салыстыра келе, мұндай толқудың Қазақстанда болуы мүмкін деп қауіптенбейсіз бе?
– Жоқ. Таяу Шығыстағы кейбір адамдар бас көтеруге түрткі болған «экономикалық ахуалға көңіл толмаушылық» дейді. Кейбірі «этникалық азшылықтарды сыйламау себеп болды» деп есептейді. Біреулері «толқу билік басында ұзақ уақыттан бері отырған басқарушы элитаға деген қарсылықтан туды» дейді. Бұл оқиғаны осы себептердің тек біреуі арқылы ғана сипаттай алмайсыз. Барлық себептердің қосындысы десе болады.
Таяу Шығыста жүріп жатқан процестерге қатысты жеке пайымдауым бойынша, бұл елдердегі жас буын өз тағдырларына өздері қожа бола алмады. Кейбір елдерде жастар экономикалық, кейбірінде саяси [реформаларға қатысты] көңіл толмаушылықты алға тартты.
Біздің Қазақстанда бұған қарсы қорғанысымыз бар. Өйткені Назарбаев пен оның командасы бұл мәселелерді ұзақ мерзімді саясаттарының бір бөлігі ретінде қарастырған.
Назарбаев әу бастан жас буынға назар аудара бастады. Ең басынан ол экономикалық өсу мен [қоғамдық топтарға] өкілет беруге назар аударды. Біз өте аз уақыт ішінде Қазақстандағы кедейлік деңгейін 45 пайыздан 10 пайызға азайттық. Бұрын-соңды болмаған жетістік. Ол (Нұрсұлтан Назарбаев – Азаттық) қоғамға өкілет беруге ден қойды. Қазір бізде жиырма мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар, осылайша Қазақстанда азаматтық қоғам жұмыс істеп тұр.
Бұл Қазақстандағы жағдай мінсіз дегенді білдіре ме? Жоқ. Сізге өзімнің байқағандарымды жеткізу кезінде Gallup («Гэллап») ұйымының Қазақстан бойынша сауалнамасы туралы айтқанымдай, араб елдерінде жалпы ішкі өнім өсіп отырғанымен, саясатқа қанағаттану тенденциясы төмендеп кеткен. Ал Қазақстанда «Гэллаптың» [зерттеуіне] қарайтын болсаңыз, жалпы ішкі өнім де, қоғамдық ризашылық та жоғары.
Тағы бір қайтара International Republic Institute («Интернэшнл рипаблик инститют») институтына сілтеме жасайын. National Endowment for Democracy («Нэшнл Ендоумент фо демокраси») зерттеу-сауалнамасы Назарбаевты қолдау деңгейі 90 пайыз екенін көрсетеді. Сауалнамаға қатысқан халықтың 84 пайызы ел басшылығының бағытын мақұлдап отыр. Қазақстан жастарының басым көпшілігі Назарбаев пен оның үкіметінің жасап жатқан шараларын бек қолдайды. Сондықтан да Қазақстанда Таяу Шығыстағы сияқты оқиғалардың болуына негіз жоқ.
Біз Таяу Шығысты ғана мысал қылмауымыз керек. Қырғызстанда екі бірдей бас көтеру болды. Бұл Қазақстанға да жайылады деген алып-қашпа сөз көп айтылды. Мұндай жағдай болған жоқ. Өйткені шын мәнінде, объективті түрде [қарайтын болсақ] бұған ешқандай негіз жоқ. Үкімет (Қазақстан үкіметі – Азаттық) өзге елдердегі халықтың бас көтеруіне себеп болған мәселелерді қарастырып жатыр. Үкімет бұл мәселелердің барлығы экономикалық, әлеуметтік және сыртқы істер саясаты тұрғысынан шешілуі үшін шара қолданып жатыр. Үкімет осы салалардағы көңіл толмаушылықтың алдын алуға ұмтылып, елді толғандыратын салаларға назар аударады. Сондықтан да әлеумет [билікті] қолдайды.
– «Қазақгейт» деген істің өткені белгілі. Бұдан шыққан нәтижеге қатысты сіздің реакцияңыз қандай?
– Бұл бір аш ішектей шұбатылған әңгіме болды. «Қазақгейт» деген нәрсе жоқ, біз ешқашан [ресми түрде] «Қазақгейт» деп аталған жайтты естіп көрмеппіз. Егер кейбір Батыс журналистері бұл сөзді қолданғысы келсе, бұл олардың мәселені қате түсінгенін байқатады. Өйткені бұл іске тартылған адамның бәрі – америкалықтар.
Мен бұл істі бастан-аяқ бақылап отырған жоқпын. Білуімше, өзі өткен жылы жабылған сияқты ғой. Ол (Джеймс Гиффен – Азаттық) кінәлі деп табылмады. Оның кінәсі аз мөлшердегі салықтан жалтару сияқты бірдеңе
Солдан оңға қарай: АҚШ бизнесмені Джеймс Гиффен, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әйелі Сара Назарбаева.
болып шықты. Оған минималды айып салынды да, іс жабылды. Бұған қатысты ойлануға тұрарлық ешбір жайт жоқ. Тіпті әлгі бір «Қазақгейт-сымақтың» кезінде де мен бұған сенген емеспін. Көп ел менен көзқарасымның қандай екенін сұрап жататын. Мен бұған біздің шатағымыз жоқ екенін айтатынмын. Ұлыбританияда Тим Себастьян жүргізген Hard Talk («Хард Ток» - ВВС телеарнасының хабары – Азаттық) хабарының қонағы болғаным есімде. Ол да осы сұрақпен мені шымшылап көрді. Мен оған ешқандай да «Қазақгейтті» білмейтінімді, одан да бұл істі «АҚШгейт» деп атау керек екенін айттым. Өйткені ол қылмыстық іске Қазақстаннан тартылған ешкім жоқ.
Егер жұрттың қандай да бір күмәні болса, АҚШ сотына жүгінсін. АҚШ соты осындай шешім шығарды, жылдар бойы сынықтан сылтау іздеп жүрген базбіреулер айтып келген алып-қашпа әңгіменің бос екенін көрсетіп берді. Олар АҚШ сотының төрелігін анық көрді, ешкім де АҚШ сотының әділдігіне күмән келтірмейтін шығар деп ойлаймын.
– Сіз істің осылайша жабылғанына қанағаттанасыз ба?
– Қанағаттану-қанағаттанбау – менің шаруам емес. Мен жай ғана анық деректі келтіріп тұрмын. АҚШ соты төрелік айтты, біз әлгі адамның (Джеймс Гиффеннің – Азаттық) біржола ақталғанын естідік. Бұл осы іске қатысты айтылған барлық алып-қашпа әңгімелердің негізсіз екенін білдіреді.
– Гиффен мырза қазақ президентінің кеңесшісі болып қызмет атқарып жүргенде ЦРУ-мен тығыз байланыс жасағаны және америкалық барлау ұйымының Гиффенді Қазақстан басшылығына ықпал ету құралы ретінде пайдаланғаны туралы көп айтылады. Бұған қатысты не дер едіңіз?
– Былай дер едім: мұның бәрі бос сөз. Тағы бір мәрте жаңағы іс пен соттың шешіміне сілтеме жасайын. Шешімді оқыңыз, көпшілікке арналған ақпарат. Оның (Гиффеннің – Азаттық) аз көлемдегі салықтан жалтарғаны үшін ғана айыпты болғанын көресіз. Осымен бітті. Қалғанын мен алып-қашпа әңгіме деп қана есептеймін. Басқа дәнеңе де жоқ.
Бұл іске көптің назары ауды, өйткені кейбір адамдар мен журналистер жоқ жерден пәле іздеді. Ештеңе таба алмай, разы болмай қалды. Әсіресе сынықтан сылтау іздеген журналистер қатты қапаланды. Жаңа ғана айтқанымдай, АҚШ сотының шешімі барлық алып-қашпа сөздің шындыққа жанаспайтынын көрсетті.
– Әңгімеңізге рақмет.