Accessibility links

Утилизация – көлігі ескі адамдарға уайым


Алматы тұрғыны көлігінің дөңгелегін ауыстырып жатыр. (Көрнекі сурет)
Алматы тұрғыны көлігінің дөңгелегін ауыстырып жатыр. (Көрнекі сурет)

Қазақстан ескі автокөліктерді утилизацияға жіберу жайлы айта бастады. Ал ескі көлік иелері «жаңа көлік алуға шамамыз жоқ» дейді.

Қазан айының соңынан бері Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Раудың «елдегі ескі көліктер 2014 жылдан бастап утилизацияға кетеді» деген мәлімдемесі жүргізушілер жиі талқылайтын тақырыптардың біріне айналды.

1993 жылы құрастырылған Audi көлігін мініп жүрген алматылық Қалымбек Мырзаевтың жаңа көлік алуға жағдайы жоқ, ал қазіргі көлігі утилизацияға дереу өткізетіндей тоза қоймаған.

– Қазақстан утилизацияға дайын емес. Елде ескі көліктер көп. Ескі машиналар утилизация жіберілсе, қарапайым халық зардап шекпегені жөн. Көліктің жарты шығынын өтеп берсе дұрыс болады. Және несиені пайызсыз бергені жөн. Өзім көлігімді утилизацияға жібермес едім. Себебі несие алуға да, жаңа көлік сатып алуға мүмкіндігім жоқ, – дейді Қалымбек Мырзаев.

«ҚАЗАҚСТАН УТИЛИЗАЦИЯҒА ДАЙЫН ЕМЕС»

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың айтуынша, Қазақстан ескі көлікті утилизациялауға дайын емес. Оның есептеуінше, утилизация бағдарламасына көшу үшін кемінде 50 миллион теңге керек.

Қосалқы бөлшек базары. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.
Қосалқы бөлшек базары. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.
​– Бағдарлама үшін жасалған нақты утилизациялық жүйе жоқ. Бағдарламаны кім жүзеге асырады? Бұл іспен кім айналысады? Утилизацияға кеткен көлікті халыққа қалай жаңалап береді? Қандай технология бойынша ескі көліктерді утилизациялайды? Сұрақ көп, бағдарлама шикі. Дайындық керек. Қазақстанда ескі көлік көп. Оның барлығын утилизацияға жіберу үшін кем дегенде он зауыт қажет, – дейді Эдуард Эдоков Азаттық тілшісіне.

Ал Қазақстан автобизнес ассоциациясының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, Қазақстан көліктерді утилизациялау бағдарламасын іске қосуға дайын.

– Қазір утилизация бағдарламасын кім жүзеге асыратынын нақтылап алған жөн. Бағдарламаны үкімет және жергілікті билік жүзеге асыруы мүмкін. Көлік құрастырушы зауыттар да қатысуы ықтимал, – дейді ол.

АЛТЫ КӨЛІКТІҢ БЕСЕУІ – ЕСКІ

Қазақстанда ескі көліктерді утилизацияға жіберу мәселесі соңғы кездері жиі айтыла бастады. 2013 жылы ақпанда мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасын жасауды ұсынған. Депутат «Ескі көліктер – экологияға зиян және жолда қауіпті. Қазақстанда жыл сайын ескі көліктердің саны артып келеді. Сондықтан Қазақстанға өзінің жеке утилизациялық бағдарламасының жобасын жасау керек. Ол үшін бірнеше зауыт іске қосылып, утилизациялық пункттер ашқан жөн» деген.

Бұл мәселені соңғы екі ай ішінде индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау да бірнеше рет көтерді. Ол Қазақстандағы 3,5 миллионнан астам жеңіл көліктің 2 миллионнан астамының құрастырылғанына кем дегенде 18 жыл толғанына назар аудартқан. «Бұл – тым көп. Оның барлығын утилизацияға жіберуміз керек» деп мәлімдеген вице-министр. Раудың айтуынша, 2014 жылдан бастап мемлекеттік техникалық тексеруден өтпеген көліктер утилизацияға жіберілуі мүмкін.

Сатылымда тұрған автокөліктерді қарап жүрген Алматы тұрғыны. (Көнекі сурет)
Сатылымда тұрған автокөліктерді қарап жүрген Алматы тұрғыны. (Көнекі сурет)
Жыл сайынғы техникалық тексеруден өтпей қалған ескі көліктердің иелерін өз еріктерімен утилизацияға келісім бергізетіндей жүйені Қазақстанда қалай қалыптастыруға болады? Әзірше талқыланып жатқан екі вариант бойынша, утилизациялық жүйе мен пункттер бюджет есебінен құрылады немесе мұнымен кейбір Батыс елдеріндегідей жеке компаниялар айналысуы мүмкін.

Жүргізушілер мен тұтынушыларды алаңдататын жайт – әлі күнге дейін нақты бір утилизация бағдарламасының жобасы ұсынылған жоқ. Үкімет «утилизацияға жіберілген машинаны жаңалау үшін Қазақстанда құрастырылған көліктерді халыққа жеңілдікпен несиеге беруді» қарастырып жатқаны туралы жалпы ақпарат таратты.

Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің дерегінше, елде 3 миллион 680 мыңдай көлік бар. Оның 2 миллион 900 мыңдайының зауыттан шыққанына 20 жылдан асып кеткен.

Қазақстанда ескі көліктерді утилизациялаудың «жолы» - оларды бұзып, қосалқы бөлшектер базарына шығару. Оны мына видеодан көре аласыз:
Ескі көліктердің кәдеге жарайтын бөлшектері
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:23 0:00
XS
SM
MD
LG