Вадим Курамшин мерт болғандардың саны үшеу дегенді айтады. Әйтсе де, Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанат Кешубаев бұл ақпаратты растамай отыр.
Жанат Кешубаевтың айтуынша, жанжал кезінде 81 жазасын өтеуші түрлі жарақат алған. Олардың 44-і қазір ауруханада жатыр.
Бүлікті басу үшін ішкі әскер күштері мен Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері жұмылдырылған.
– Қазір колонияға ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы кіргізілді, - дейді, Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанат Кешубаев.
Абақтыдағы жанжал 9 тамызда басталған болатын. Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанат Кешубаевтың айтуынша, екі тұтқын арасында төбелес болып, олар бірін-бірі жарақаттаған.
– Қалғандары солар үшін қарнын кескен, - дейді Жанат Кешубаев.
Оның айтуынша, қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.
Бірнеше тұтқынның қоғамдық қорғаушысы Вадим Курамшин Азаттық радиосына берген сұхбатында, аталған абақтыда жазасын өтеушілерді ұстау жағдайы өте төмен деңгейде екенін айтады.
Оның пікірінше, Гранитныйдағы колония - Қазақстандағы ең нашар түрмелердің бірі. Тіпті ол, абақтыдағы тұтқындар арасында ешқандай төбелес болмағанын айтады.
– Ешқандай төбелес болмаған, тек бір тұтқын біреуді нұқып қалыпты. Осы бір кішкене жанжалға тәртіп сақшылары араласып тұтқындарды соққыға жыққан. Енді келіп түрме әкімшілігі сол бір шекісуді бетке ұстап, «тұтқындар арасында төбелес болды» деп, даурықтырып отыр, - дейді құқық қорғаушы Вадим Курамшин.
Оның пікірінше, түрменің ішкі тәртібіне наразылық танытып өз-өзіне қол жұмсағандардың қарасы тиісті органдар таратып отырған саннан әлдеқайда көп.